Басты ақпаратБілім

Алғашқы қоңырау сыңғыры

Елімізде барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылын бастады. Көптен күткен Білім күнін барша оқушы мен студенттер оқу ордаларында қуана қарсы алды. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған елордалық 28 мыңнан астам балдырғандар бірінші кітабы – «Әліппені» салтанатты түрде қолға алды.

Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде 4 миллионға жуық бала оқиды. Оның ішінде 352 мың оқушы бірінші сыныпқа барды. 219 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. 1,7 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық.

«1 қыркүйекте күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп қайта ашылды. Жаңғыртылғаннан кейін тағы 1000-ға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі есігін айқара ашады» делінген Үкімет мәліметінде.

Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, биыл бас қалада мектептер мен оқушылар саны артқан. Қаладағы 187 мектеп (110 – мемлекеттік, 71 – жекеменшік және 7 – республикалық) жалпы 282 150 оқушыға есігін айқара ашты. 2024-2025 оқу жылының басты жаңалығы – Білім күнінде елордада 28 мың оқушы орнына арналған 15 жаңа мектеп ашылды. Оның 9-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

Астанадағы бірқатар жаңа мектептердің ашылуына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасымбек, Оқу-ағарту минис­трі Ғани Бейсембаев арнайы қатысты.

«Бүгін ұстаздардың өскелең ұрпаққа біліммен тәрбие берудегі орасан еңбегін атап өткім келеді. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз – ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын!» деді №103 орта мектебінің ашылуына қатысқан Ғани Бейсембаев өз құттықтауында.

Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты – оқушыларға арналған жаңа орындар ашу, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынып жатыр. Мектептер заманауи оқу кабинеттерінен тұрады, оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «Ауыз су фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары бар. Мектеп талғамға сай безендіріліп, жарық әрі жайлы етілген. Ерекше балаларға қолайлы болу үшін пандустар, лифт, кең есіктер, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеттері бар. Жайлы мектептердің ауданы жай мектептердің көлемінен 15-20%-ға артық, ал техникалық жарақтандыру төрт есеге ұлғайтылды. Пәндік кабинеттер мен спортзалдар, типтік мектептерден айырмашылығы көп. Мектеп аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, аралас спорт алаңы, сондай-ақ «Алғашқы әскери дайындық» пәні үшін де арнайы алаңдар орналасады. Мектептер ең заманауи бейнебақылау камералары және жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы бар.

Алғашқы қоңырау салтанаты елордадағы №105 жалпы орта білім беру мектебінде де ерекше аталып өтті. Жаңадан ашылған жайлы мектептің 1-сыныбына 137 бала аттанды.

Мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Елдар Томашов мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді оқушы атануларымен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

«Білім күнінде Астана қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 жаңа мектеп ашылды. Жоба мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған. Пилоттық жоба аясында салынған мектептерде қала бойынша бір ауысымда 15 800 бала білім алады. «Жайлы мектептің» басты артықшылығы – оқу ордасының озық STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық залдармен, демалыс және желілік аймақтармен бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталуында. Сондықтан бүлдіршіндер мен ұстаздар үшін мұндай мектептерде білім алуға барлық жағдай жасалған» деп бөлісті елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов.

Бес қабатты жаңа мектеп 4 блоктан, 4 спорт залынан, лабораториялық кабинеттерден, 270 орындық асханадан тұрады. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау камералары мен турникет орнатылған. Мұнда 1-сыныптың алты бірдей сыныбының әрқайсысында 24 баладан білім алады.

1-сыныпқа баласын ертіп әкелген ата-аналардың қатарында Сәбит Алпысбеков бар. «Көктал-2» тұрғын алабында қуанышты жағдай, шағын қалашығымызда жаңа әрі заманауи мектеп салынды. Екі балам осы білім ордасында оқитын болады. Бірі 1-сыныпқа, екіншісі 9-сыныпқа аттанды. Сапалы білім алуда қаламыз­да жаңа үлгідегі мектептер көптеп ашыла берсін» деді ата-ана.

Іс-шарада оқушылардың орындауында ән айтылып, өлең оқылды. Ал биылғы 11-сынып оқушылары бір топ 1-сынып оқушыларына «Әліппені» табыстады. Солардың бірі – алты жасар Шаһбанұр Батырбекова.

«Мен 1 «Б» сыныбының оқушысымын. Бүгін бірінші рет мектепке келіп, оқушы болдым. Жазда әліппені оқып дайындалдым. Оқу ордасына келгеніме қуаныштымын!» деді бүлдіршін.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button