Көшпенділер ойындары: додаға 5 күн қалды
V Дүниежүзілілік көшпенділер ойындарының дүбірі таяп келеді. Жалпы бұл – Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық спорт жарысы. Яғни бұл этноспорт пен этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған жарыс түріне жатады.
Тарихы қайдан басталды?
Алғаш рет бұл жарыс 2014 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ұйымдастырылып, оған 19 елден 10 спорт түрі бойынша 583 спортшы екінші рет 2016 жылы 62 елден 26 спорт түрі бойынша 1200 спортшы ауқымы кеңейген ойынға 2018 жылы 82 елден 37 спорт түрінен 2000-ға жуық спортшы қатысқан. Бұл үшеуі де Қырғызстанда өтті. Ал 4-рет бұл 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтіп, оған 13 спорт түрінен 3000 спортшы бақ сынап, 102 ел қатысқан. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Оған 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Ал Астана додалы жарыс кезінде 100 мыңнан астам турист қабылдауға дайын.
Нақты қай спорт түрлерінен ойын болады?
Аталған ойындардың бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Онда ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, интеллектуалды ойындар, саятшылық өнері сияқты басқа да ұлттық ойындардың 21 түрінен жарыс ұйымдастырылып, оған 370 адам төрешілік жасайды. Жария дереккөздеріне негізделсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді дедік. Алайда біз аталған ойындарды ұйымдастыру штабының баспасөз қызметкері Назым Рысбетоваға хабарласып, нақты қай мемлекеттер қатысатынын сұрағанымызда жауап бермеді. Ал енді нақты болады деген 21 спорт түріне тоқталсақ, олар мыналар:
Бірінші – асық ату. Бұл жарыс 9-11 қыркүйек аралығында «Алау» мұз сарайында өтеді.
Екінші – ордо. Бұл – қырғыз халқының ежелден келе жатқан және кеңінен тараған ұлттық асық ойыны. 12-13 қыркүйек аралығында «Алау» мұз сарайында өтеді.
Үшінші – Арқан тартыс. Командалық ойын 11 қыркүйекте «Алау» мұз сарайында өтеді.
Төртінші – алқалы жиындардың ажырамас бөлігіне айналған ат жарысы. Бұл ат жарысын өзбектерде «пайга», қырғыздарда «чабыш» деп атайды. 13 қыркүйекте «Қазанат» атшабарында өтеді.
Бесінші – қазақ халқының жауынгерлік мақсаттағы күрделі командалық ойыны көкпар. 9-12 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромында өтеді. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей елдерінен командалар қатысады.
Алтыншы – салт аттылардың бір-бірін ер үстінен аударып алу сайысы аударыспақ. Бұл 60 кг, 70 кг, 80 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг салмақ дәрежесі бойынша 9-10 қыркүйек аралығында өтеді.
Жетінші – ат үстіндегі жауынгерлік өнер саналатын теңге ілу. «Бесбелес», «Қос құлаш», «Жеті құт» деген үш бөлімнен тұратын бұл жарыс 11-13 қыркүйек аралығында этноауыл аумағында өтеді.
Сегізінші – әлемдегі ең ежелгі күрес өнеріне жататын қазақ күресі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 9-10 қыркүйек аралығында өтеді.
Тоғызыншы – түрік халқының дәстүрлі күрес түрлерінің бірі саналатын ашыртмалы аба гүреші. Бұл – қарсыластың аяғына әсер етіп, белбеу мен күртешеден ұстау арқылы белдесіп құлататын спорт түрі. Палуандар арнайы тоқылған аба киімін және қысқа балақты шалбар киеді. Жарыс 12 қыркүйекте «Алау» мұз сарайында өтеді.
Оныншы – өзбек халқының ұлттық күресі күрәш. Өзбек тілінен аударғанда «күрәш» әділ жолмен мақсатқа жету дегенді білдіреді. Бұл – халықаралық деңгейде мойындалған спорт түрі. Қазір оның 121 елде федерациясы бар. Күрәш жарысы 9-10 қыркүйекте «Алау» мұз сарайында өтеді.
Он бірінші – қырғыз халқының жауынгерлік ат спорты өнері көк бөрі. 9-12 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромында өтеді.
Он екінші – қырғыз халқының ұлттық белбеу күресі алыш. Бұл күрес түрі еркін және классикалық деп екі бағытқа бөлінеді. Айырмашылығы: еркін стильде аяқтың техникалық әрекетіне рұқсат етіледі, ал классикалық стильде аяқтың техникалық әрекетіне тыйым салынады. Алыш жарысы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 11 қыркүйек күні өтеді.
Он үшінші – саха халқының жекпе-жек өнерінің бір түрі мас-рестлинг. Бұл қазақ тілінде «таяқ тарту» жарысы деп аталады. Оның мәні – екі спортшының таяқшаны жұлқу арқылы өз жағына тартуы. Ережеге сай спортшылар бір-біріне қарсы отырады. Олар аяқтарын арнайы тақтаға тіреп, төрешілер командасынан кейін таяқшаны ұстаған қарсыласын өз жағына тартуға немесе қарсыласының қолынан таяқшаны жұлып алуға тырысады. Жеңіске жетудің кілті – тепе-теңдікті сақтау. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мас-рестлинг жарысы 9-10 қыркүйек аралығында «Алау» мұз сарайында өтеді.
Он төртінші – қазақ елінде жаңадан пайда болған спорт өнері алыптар сайысы. Онда спортшы 10 келі найзаны қашықтыққа лақтырудан, 100 келі қапты көтеруден, 100 келі тасты қашықтыққа апарудан, 100 келі бөренені иыққа салып отырып-тұрудан және 200 келі арбаны қашықтыққа сүйреуден жарысады. Әр жаттығуды орындауға 1 минут уақыт беріледі. Алыптар сайысы 11 қыркүйек күні этноауыл аумағында өтеді.
Он бесіншісі оңай көрінгенмен, техникалық тұрғыдан алғанда, өте күрделі спорт түрі – дәстүрлі садақ ату. Бұл 9-12 қыркүйек аралығында «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру кешенінде өтеді.
Он алтыншы – жамбы ату. Бұл – ептілік пен мергендікті қалыптастыратын ежелгі ұлттық ойын. 8-11 қыркүйек аралығында этноауыл аумағында өтеді.
Он жетінші жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға салатын саятшылық өнер түрі – құсбегілік. 11-13 қыркүйек аралығында этноауыл аумағында өтеді.
Он сегізінші – түрік халқының зияткерлік ойыны мангала. Ойынды екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқыр болады. Олар бірге 12 кішкентай шұңқырды құрайды. Сонымен қатар ойыншылардың тастарды жинайтын үлкен сақтау шұңқыршалары болады. «Мангала» ойыны 48 таспен ойналады. Аталған ойын 13 қыркүйек күні «Думан» қонақүйінің «Парламент» канференц-залында өтеді.
Он тоғызыншы – қазақтың халық ойыны тоғызұмалақ. Оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ойын түрік халықтары үшін киелі саналатын 9 санына негізделген. Тоғызқұмалақ адамның арифметикалық есептеу қабілетін шыңдайды. Жарыс 9-11 қыркүйек аралығында «Думан» қонақүйінің «Парламент» канференц-залында өтеді.
Жиырмасыншы – овари. Бұл – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды, сонымен қатар ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалар болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша, сәйкесінше, қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Овари ойыны 12 қыркүйек күні «Думан» қонақ үйінің «Парламент» конференц-залында өтеді.
Жиырма бірінші – татар халқының көне ұлттық белбеу күресі саналатын көрәш. Жекпе-жек өнеріндегі балуанның басты мақсаты – рұқсат етілген әдістердің кез келгенін қолдана отырып, қарсыласының жауырынын жерге тигізу. Бүгінгі таңда бұл күрес халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби спорт түріне айналды. Аталған бәсеке 12 қыркүйекке Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Ел абыройын сынға салатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүруде. Ұлттық құрама дайындық барысында 13 дүркін халықаралық, 39 рет республикалық оқу-жаттығу жиынына қатысып, 23 халықаралық, 17 республикалық турнир де тәжірибе жетілдірген.
Қазірге дейін белгілі құрамалар
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Telegram-дағы ашық ақпарат көздеріне сәйкес қазірге дейін бірнеше спорт түріне ұлттық құрамалардан кімдер қатысатыны белгілі болды.
Жамбы ату
Мысалы, жамбы атудан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы: 1. Ералхан Айкөз. 2. Батыр Бексауыт. 3. Айтбек Сарыбай. 4. Абзал Тұлыбеков. Жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері – Елдос Бадашев.
Садақ ату
Әлемнің 35 елінен келетін ең үздік садақ атушылардың қатарында біздің ұлттық құрамадан ел намысын 10 спортшы қорғайды. Бас бапкер – Диас Ахметов. Сондай-ақ аталған ойында отандық өнім «Алтын жебе» цехының шығарған оқтары қолданылмақ. Қазір халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайын.
Балуандар
Жарысқа қатысуға балуандарымыз іріктеліп, сақадай сай тұр. Ерлерден: Бекжан Төлепов, Мейіржан Берекетов, Дидар Тұқышев, Жұмажан Қожамбеков, Ерсін Сейітқазынов, Ерасыл Жанатаев, Ерсұлтан Мұзаппаров, Нұрдәулет Жарылғапов. Әйелдерден: Айжан Жылқыбаева, Назерке Азаматова, Рауза Нұрмахамметова, Бақыт Құсақбаева, Зарина Сарипова, Роза Нысантайқызы, Зәмзәгүл Файзолланова, Альбина Бахиева.
Теңге ілу
Теңге ілуден ел намысын қорғайтын үш үздік спортшы анықталған. Олар: «Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков, «Жеті құт» стилінен Бақыт Төлтай, «Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.
Әлем көз тігіп отырған додаға атсалысып жүрген еріктілер аз емес. Оларға арнайы «координатор-волонтер», «тимлидер-волонтер» семинары ұйымдастырылған. Қазірге дейін волонтерлермен жұмыс бөлімі 12000-нан астам адамды қамтыған 112 кездесу өткізген. Ерікті болғысы келетіндерге 4500-ден астам өтінім берілген. Сонымен қатар еріктілер тек өз елімізден ғана емес, керісінше, волонтерлік өтінімдер Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, Беларусь және Гана Республикалары және басқа елдерден келіп түскен.
Билетті қайдан, қаншаға сатып аламыз?
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі – Alageum electric, ал басты серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен жарысқа билеттер сатылымы басталды. Ойындардың ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Билеттер құны 15000 теңгеден басталып, 50000 теңгеге дейін барады. Спорт жарысына орташа билет құны 3600 теңгені құрайды. Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер 2500 теңгеден 7500 теңге аралығында болады. «Алау» мұз айдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны – 1000-3000 теңге аралығында. Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билет құны – 2000-15000 теңге аралығында, финалдық кезеңдегі билеттер 2000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін барады. Бәйге жарысына билет құны – 3000-15000. Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы – «Powerful Nomad» жарысын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1000 теңгеден басталып, 2000 теңгеге дейін жетеді. Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат спортымен сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны – 600-3000 теңге аралығы. Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрерменсіз өтеді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдік қарастырылған. 50 пайыз жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз), I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады. Барлық жарысқа билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.
Шапағат ӘБДІР