Қоғам

Асық атудан кім алда?

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Конституция күніне» арналған жастар мен ересектер арасында Асық атудан қалалық ашық кубогы өтті.

«Аспан» спорт кешенінде ұйымдастырылған бұл асық ату ойындарына ерлер және әйелдер болып Павлодар, Ақмола облысы сияқты сырт өңірлермен қаланың бес ауданынан және Көкшетау қаласынан келген 16 команда өзара бақ сынасты.

Ойын барысында ұйымдастырушылар асық ату ойынының бүгінгі таңдағы даму барысына тоқталып, оның қазіргі таңда айрықша дамып келе жатқанын, сондай-ақ ұлтымыздың тарихымен тұтасып жатқан бұл спорт түрінің мән-маңызын атап өтті.

– Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғатпен тығыз байланыста болып келеді. Оның үстіне ұлтымыз көшпенді халық болғандықтан, біздің тұрмыс-тіршілігіміз көбінде мал шаруашылығына негізделген.

Сол себепті де қазақ халқының ұлттық ойындары осыған икемделген. Әсіресе төрт түліктің ішінде балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі ең көне спорт түрі деп атауымыз­ға болады. Оның үстіне Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Міне, бұл біздің ұлттық ойын­дарымыздың бірден-бір артықшылығы және құндылығы деуге болады, – дейді асық ату спортынан Астана қаласының аға жаттықтырушы Ескендір Рахмотов.

Жалпы 60-қа жуық 18 жастан асқан спортшылар қатысқан бұл кубокқа V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алған спорт шеберлері де қатысты.

– Бүгінгі таңда «Асық ойнаған азар» деген мақалдың құндылығы жойылып, керісінше азар сөзінің орнын озар сөзі алмастыруда. Бұл – асық ату спорт түрінің дамып жатқандығының белгісі. Алда айтулы дода көшпенділер ойындарында осы спорт түрінен бағымызды сынаймыз. Бұл – мен үшін Олимпиада ойындарына қатысқанмен бірдей қуаныш. Сондықтан бүгін алдын ала жаттығуымызды шыңдау және өзіміздің тәжірибемізді одан әрі дамыту мақсатында осы жарысқа қатысып жатырмыз. Бұйырса, көшпенділер ойындарында қазақтың асық ату өнерінің аса жоғары деңгейде екендігін дәлелдейміз деп сенемін, – деді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық ату спортынан өнер көрсететін Жомарт Нұрланов.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button