Вандалдар қамауға алынды
Астанада кіреберістегі қабырғаны тесіп тастаған вандалдар қамауға алынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күрес жүріп жатыр. Астана полицейлері өзгенің мүлкін бүлдіретін кезекті вандалдарды тауып, жауапкершілікке тартты.
Мәселен, 25 тамызда таңғы сағат 06:00 шамасында 35 жастағы ер адам Достық көшесіндегі автотұрақта тұрған ВАЗ 2172 автокөлігін бірнеше рет ұрған. Осылайша, 51 688 теңге көлемінде материалдық шығын келтіріп, өзгенің мүлкіне қасақана зақымдады.
Сол күні кешке Пушкин көшесіндегі арка астында 37 жастағы ер адам велосипедімен келе жатып, шлагбаумды ұрып, сындырып кеткен.
Вандалдарға айыппұл салынып, жауапқа тартылды.
Шамамен 29-30 тамызда Ж.Нәжімеденов көшесінде екі жас жігіт «Sansy» тұрғын үй кешенінің кіреберісіндегі қабырғаны ұрған. Нәтижесінде ұрылған орындар ойылып қалған. Екеуі де 15 күнге қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада «Stop, вандал!» акциясы өтіп жатыр. Оны еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, ҮЕҰ өкілдері, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктер мен қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, мәслихат депутаттары қолдады.
Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер, сондай-ақ тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне құрметпен қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіледі.
Жыл басынан бері сот 207 адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы аумақты ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.
Вандализмнің алдын алу жұмысы қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.