Елорда тынысы

Халықаралық мультииндикаторлы кластерлік зерттеу бастау алды

Астанада халықаралық мультииндикаторлы кластерлік зерттеу (МИКС) басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz 

Қазақстанда 2024 жылғы 2 қыркүйектен 29 қарашаға дейін ЮНИСЕФ әзірлеген кешенді Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) өтеді. Ол бүкіл ел бойынша 24 мың үй шаруашылығын қамтиды. Оның ішінде Астана қаласынан 1 104 үй шаруашылығы бар.

Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу еліміздегі балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қолданылатын негізгі көрсеткіштерді жинау мақсатында жүргізіледі.

Бұл іс-шараның маңыздылығы жоғары. MICS алынған мәліметтер негізгі көрсеткіштерге талдау жүргізуге, басымдықтарды айқындауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді.

«Зерттеу ЮНИСЕФ және БҰҰ  Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады. Биылғы жылы Қазақстандағы МИКС негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және бақылау, олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама барысында денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитарлық тазалық, балаларды жастайынан дамыту және басқа да көптеген мәселелер қозғалады», – деді Ұлттық статистика бюросының Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары  Жанар Серікбаева.

Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы интервьюерлерді даярлау бойынша семинар өткізген. Оқыту MICS бойынша дала жұмыстарын жүргізудегі негізгі аспектілерді қамтыған.

Сауалнамаға қатысу немесе қатыспау азаматтардың өз еркінде. Заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректерді жинау процесіне араласуға жол берілмейді. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі.

MICS-2024 аясында үй шаруашылығына, әйелдер мен ерлерге арналған, 5 жасқа дейінгі балалар, 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сұрақтар болады. Сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Барлық сауалнама бейінді мемлекеттік органмен келісілген және қажетті келісуден өткен.

Мысалы, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамалар жұмыспен қамту және білім беру, неке, психикалық денсаулық мәселелерін қамтыған.  Әйелдерге арналған сауалнамада босану және босанғаннан кейінгі көмек туралы қосымша сұрақтар бар.  5 жасқа дейінгі балалар ерте жастағы балаларды дамыту мен тәртіп, иммундау мәселелері бойынша, 5-17 жас аралығындағылар балалар еңбегі, ерте дағдыларды дамыту мәселелері бойынша сұралады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button