Басты ақпаратҚала мен сала

Тыныштық күзетінде – елорда сақшылары

Биыл жыл басынан бері Астана қаласының Полиция департаменті 808 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтап, соның негізінде жалпы сомасы 9 млрд 154 млн 216 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Бұл туралы 2024 жылдың I жартыжылдығындағы жол жүру қауіпсіздігін реттеу және бөтен мүліктің бүлінуі жұмысының қорытындылары туралы брифингте Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Саламат Тәңірберген, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Нысантаев баяндады.

– Жыл басынан бері қалада барлығы 615 ЖКО тіркеліп, соның ішінде 19 жағдайда адамдар қайтыс болған. Жаңа оқу жылы қарсаңында елордада «Назар аударыңыз, балалар» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Астана қаласының Полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жол жағдайларын жақсарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептер, балабақшалар және басқа да білім беру объектілері ауданындағы жолдарға кешенді тексеру жүргізді. Тексеру барысында барлық қажетті техникалық реттеу құралдарының болуына назар аударылды. Білім беру нысандары аймағындағы жол, көгалдар мен жаяу жүргіншілер жолында орналасқан жер­асты инженерлік құдықтардың жағдайы тексерілді, – деді ­Бауыржан Тоқжұманов.

Қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге күн сайын қала көшелеріне 2300-ден астам полиция қызметкерлерімен қоса ҚР Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімі жұмылдырылады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар және қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жергілікті рейдтік іс-шаралар жүргізіліп тұрады.

Құқық бұзушылық себебі неде?

Астана қаласы Полиция департаменті кез келген заң бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Биыл «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру шеңберінде 58187 әкімшілік хаттама толтырылды. Өткен жылдың наурыз айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауаптылықты белгілейтін 147-1-бабы енгізілді. Аталған бап қолданысқа енген сәттен бастап 187 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 112 адамға 7,5 миллион теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды, ал 67 адам әкімшілік қамауға алынды.

– Қоғамдық орындарда және көшелерде полицияның кешенді күштері тұрақты болу қағидатын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қыз­мет атқару кезінде ­патрульдік наряд азаматтардың жиі шоғырланатын жерлерін, аула кеңістігін, сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасалуы ықтимал басқа да орындарға патрульге шығып, сол арқылы құқық бұзушылықтың барынша тиімді профилактикасын жүргізеді. Жедел басқару орталығында және полицияның кезекші бөлімдерінде 30 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылғанын атап өткен жөн. Бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 758 қылмыстық және 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деді Қанат Нысантаев.

Халық арасында вандализм­нің алдын алу бойынша БАҚ-та ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Вандализм фактілері туралы ақпаратты анықтау тұрғысынан БАҚ, әлеуметтік желілер және өзге де жарияланымдар мониторингіне ерекше назар аударылады. Мұндай жарияланымдарға дереу құқықтық баға беріледі, тексеру шаралары жүргізіледі, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Адамның заңсыз әрекетінің негізгі себебі әлеуметтік орта мен оның қалыпты өмірін тұрақсыздандыруға бағытталған әртүрлі қайшылықтармен байланысты. Бұл қарама-қайшылықтардың шиеленісуі құқық бұзушылықтардың өсуіне әкеледі. Құқық бұзушылықты тудыратын себептердің ішінде, ең алдымен, экономикалық, саяси, әлеуметтік және моральдық себептерді атаған жөн. Әкімшілік құқық бұзушылықтарды қайталаудың себебі – мас күйіндегі адамдардың және тұрғылықты жері жоқ адамдар уақытша тұруға келген кезде жасаған ұсақ құқық бұзушылығы. Құқық бұзушылықтың осы түрінің алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Бұдан басқа халықпен кездесулер барысында тұрғындардың үй чаттарында, сондай-ақ Instagram әлеуметтік желісінде ҚР ­ӘҚБтК-нің 434, 147-1-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы түсіндіру сипатындағы баян­дамалар тұрақты негізде жария­ланады. Әлеуметтік желілерде, сауда орталықтарында, білім беру мекемелерінде халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бейнероликтер жол бойындағы LED-экрандарда, сондай-ақ тұрғын үйлердің лифттерінде және тұрғындардың чаттарында таратылады. Қоғамдық орындарда және көшелерде қылмыстардың өсу себептерінің бірі – халық санының артуы, тиісінше көппәтерлі тұрғын үйлердің, шағын, орта бизнес объектілері санының өсуі.

Есірткімен күрес екпінді

Елордада жыл өткен са­йын есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы артып келеді, оған статистикалық мәліметтер дәлел. Бүгінде қылмыстық қудалау органдары есірткі қылмысына қатысты 878 фактіні тіркеді. Олардың басым көпшілігі есірткіні сату мақсатынсыз сақтау фактілеріне қатысты 635 және сату мақсатында 218 дерек анықталды. Есірткі қылмысын ең жиі жасайтындар – еліміздің 21-39 жас аралығындағы азаматтары. Есірткі қылмысын жасаған азаматтардың ішінде 318 адамның тұрақты табыс көзі жоқ, яғни орта білімі бар және жұмыссыз азаматтар. Әдетте, жас санаты 21 жастан 39 жасқа дейінгілердің қатарына жеңіл ақшаның азғыруына, соның ішінде «уайымсыз» өмірді насихаттайтын интернет кеңістігі арқылы ерген адамдар жатады. Бұлар өздерінің менмендігі мен құқықтық сауатсыздығынан және сыртқы факторлардың әсерінен есірткіні А нүктесінен В нүктесіне жеткізу міндетін атқаратын «есірткі тасушыға» айналады. Сот отырыстарында айыпталушылар бұл салаға әлеуметтік желілерде жақсы ақшаға курьер болып жұмыс істеу туралы хабарландыруларды көргеннен кейін келгенін, олардың іс-әрекетінің салдары туралы ескертілмегенін түсіндіреді. Есірткі қылмысымен күресте биыл оң нәтижелі жұмыстар атқарылғанын атап өткен жөн. 2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері 3 есірткі зертханасы қызметінің жолын кесті. Қалалық прокуратураның жедел іздестіру іс-шарасын жүргізу туралы бастамасымен басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті қызметкерлері елордадағы есірткі зертханасы мен 2 қоймасын жойды. 27 келіден астам синтетикалық есірткі заттар, атап айтқанда, мефедрон тәркіленді. Тергеу барысында олардың күдігін растайтын жеткілікті айғақтар жинақталды. Еске сала кете­йік, есірткі заттарын сатқаны үшін, көлемі мен іс-әрекетіне қарай, қылмыстық заңнама бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға және есірткінің заңсыз айналымы туралы фактілер бойынша дереу полиция­ға хабарлауға шақырады.

Қоғамдық ­қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге күн сайын қала көшелеріне 2300-ден астам полиция қызметкерлерімен қоса ҚР Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімі жұмылдырылады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар және қоғамдық орындарда қылмыс­тардың алдын алу және жолын кесу бойынша жергілікті рейдтік іс-шаралар жүргізіліп тұрады

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button