Мәдениет

Көрмеде – көшпенділер тарихы

Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен белгілі қылқалам шебері, тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпірмен «Көшпенділер тарихы» атты кездесу мен аталмыш атаумен көрме өтті. 

Емін-еркін сұхбаттасу форматында ұйымдастырылған кездесу үйлестірушісі, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай осындай кездесулер жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыру үшін ұйымдастырылатынын айта келе, кеш қонағының өмір және өнер жолын таныстырды.

Қылқалам шебері көрермендер сұрағына жауап беріп, әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ұстаздары туралы айтып, атақты суретшілердің өміріндегі деректерге тоқталды. Бейнелеу өнері және оның қыр-сыры, өнерге деген адалдық, шәкірт тәрбиелеу, жастардың өнерге келуі, суретші арқалаған жүктің салмағы, мамандыққа адалдық тұрғысында ойларын жеткізді.

«Көрменің «Көшпенділер тарихы» деген атауы айтып тұрғандай, біз тарихымызға тереңірек үңіліп қарауымыз керек. Себебі әлі ашылмаған, қаралмаған, тіпті танылмаған дүниелеріміз өте көп. Жастарға осының бәрін жеткізу біздің, әсіресе, өнер адамдарының, тарихшылардың, академиктердің парызы, негізгі міндеті деп санаймын» деді Жанұзақ Мүсәпір.

Көрмеде қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты «Келі түйген қыз», «Құрт жайған келіншек», «Диірмен тартқан ана», «Ши тоқыған қыз» сияқты картиналарына қоса «Дина Нұрпейісова» сынды екі-үш портреті қойылды.

Қазақстан Суретшілер одағы басшылығы атынан қылқалам шебері марапаттар тапсырылды. Кездесу қорытындысы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қылқалам шеберінің еңбектеріне тоқталып, Ғылыми кеңестің шешімімен университеттің ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалін тапсырды.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button