Инвестициялық жобалардың орындалуы қалай?
Астана қаласы мәслихатының депутаттары және қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар мен Тарифтер бойынша өңірлік комиссиясының өкілдері «Астана Су арнасы» мекемесінің 2024 жылға арналған инвестициялық жобаларын орындау барысымен танысты.
Осы жылы аталмыш мекемеге тиісті жұмыстарға 2,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын құбырларды жөндеу мен ауыстыруға, 7 кәрізді тазалап, су айдайтын стансалардағы 16 сорғыны жаңалауға, ауызсуды зарарсыздандыруға қондырғы сатып алуға, желілерді шұңқыр қазбай қайта қондыру қондырғысын, басқа да арнайы техника сатып алуға бағытталған.
Бұл жұмыстар арқылы желілердің тозуын 41 пайыздан 39,5 пайызға төмендету, судың нормативті шығынын 17 пайыздан 16,5 пайызға азайту, апаттық жағдайларды төмендету, халықтың есептеу құралдарымен қамтамасыз етілуін 75 пайыздан 85 пайызға көбейту көзделген. Аталған шаралар Amanat партиясының қалалық филиалының «Жол картасында» да көрсетілген. Орындалуы партиялық бақылауда.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ