Константин жәрмеңкесі
Ақмола құрылысының тек қана әкімшілік емес, сонымен қатар коммерциялық негізі болды, сауда керуенінің жолында орналасып, Ресей мен Орта Азияны қосқан маңызды транзиттік орталық атанды.
Қазіргі «Астана» концерттік залы орналасқан алаңда Ақмола қаласының орталық базары болатын, бұл жер алыс-жақын шаруалардың, саудагерлердің басын қосқан қызу сауда ордасы болды, кезінде барлық Сарыарқа даласына аты мәлім Константин жәрмеңкесі де осы жерде өтетін.
Ақмола өңірінде сауда-өндірістік капиталдың дамуына 1852 жылдан бастап жыл сайын 21 мамыр мен 10 маусым аралығында өтетін Константин жәрмеңкесі (әулие Константин патша мен оның анасы Еленаның құрметіне аталған), 26 қазан мен 10 қараша аралығында өтетін Дмитриевск жәрмеңкесі (әулие Дмитрий Солунский есімімен аталған) ықпал етті.
Константин жәрмеңкесінде сауда айналымы тез өсті, жазғытұрым көшпенділер жәрмеңкеге мал айдап әкелуіне өте ыңғайлы болды. Жаз мезгілі сауда керуендері де көп болатын. Жәрмеңке алғаш ашылған жылы оның жалпы сауда айналымы 46 822 сом болды, алғашқы бес жылда оның айналымы 2,33 есе өсті. Бастапқы бес жылда Орта Азиядан келген тауарлар (шәй, жеміс-жидек, күріш, кептірілген жеміс, қант-кәмпит тәттілері, жібек, мақта маталар, т.б.), олар жалпы тауардың 64,6 пайызын құрады. Қазақ даласының тауарлары мен өнімдері (мал, мал өнімдері, ет және сүт өнімдері, т.б.) келетін тауарлар 21,6 пайызды құрады. Ресей өңірінен (Волга бойы, Орал, Сібір) келетін тауарлар, нан, сұлы, былғары, шойын, фаянс, темір ыдыстар, ұсақ-түйек тауарлар және басқалар 12,6 пайызды құрады.
Тауардың сатылу көрсеткіші бойынша қазақ даласының тауарлары 100 пайыз өтетін, Ресей тауарлары 68,8 пайыз, Азия тауарлары 35,3 пайызды құрады.
Қазақ даласының тауарларына сұраныстың артуы қазақтарды мал шаруашылығын дамытуға ынталандырды және сауда қатынастарын игеруге мүмкіндік жасады. Көшпенді қазақтар жәрмеңкенің өтуіне қызығушылық танытты, өйткені олар мұнда делдалсыз өз өнімдерін тиімді бағаға өткізетін.
Ғазиза ИСАХАН