Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет
– Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында үлкен логикалық байланыс бар екенін атап айтқан жөн деп білемін. Алғашқы Жолдауларынан бастап Президент басты міндет адами капиталдың сапасын жақсарту деп Үкіметке тапсырма берген болатын. Содан бері осы бағытта біршама ауқымды істер атқарылды. Қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі орта тап екенін ескерсек, Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында да «Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек» деп атап өтті.
Сонымен қатар экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету аса өзекті міндет екеніне Үкімет назарын аударды. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда білікті кадр тапшылығын жою қажеттілігіне тоқталды. Уақыттан ұтылмас үшін болашақта сұранысқа ие болатын заманауи мамандар даярлау керек. Осы диспропорцияны жою мақсатында елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады және оларға мейлінше қолдау көрсетіп жатқанын Мемлекет басшысы ерекше атап өтті. Сондай-ақ маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн және грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды деп қатаң ескертті. Жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруды, ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек деп шегелеп айтты.
Мемлекет басшысы «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» дей келе, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керектігіне назар аударды.
«Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деп білім саласындағы нақты проблемаларға тоқтала келе, оны уақытылы шешу Үкіметтің алдындағы басты міндет деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсат еңбек адамын ардақтау деп атап өтті.
«Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады, еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деп әлеуетті бір қуантып тастады.
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
ҚР Ұлттық құрылтай мүшесі