Жұмысшылар қашанда құрметке лайық
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біріккен Парламент отырысында халыққа «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауын жариялады. Онда көп мәселе айтылып, халықтың ойынан шықты.
Маған ұнағаны – 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атауы. Себебі еңбек адамдарының адал еңбегін бағалау – ең маңызды мәселе. Жас ұрпақты балабақшадан еңбекке баулу, мектепте орта білім, одан кейін кәсіби білім беру, осының бәрі адал еңбектің шыңына жетіп, білікті маман иесі атануы жолында ұстаздарға зор жауапкершілік және үлкен міндеттер жүктейді.
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» дей келе, Президент алдағы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды.
Расында да, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті әрі сыйлы. Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы керегін, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынын, сондықтан еңбек адамының мәртебесі көтеріліп жатқанын және бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайтынын, алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Еліміздегі тұрғындардың үштен бір бөлігі жастар болса, оларға артылар міндет жоғары. Бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңгі болашағы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, тәрбие тал бесіктен басталуы керек.
Мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне, жалпы жұмысшы мамандықтарына құрметті күшейте отырып, біз осы салада табысты еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандардың, қатардағы жұмысшылардың мәртебесін көтереміз. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылатыны қуантты.
Жолдауда көтерілген мәселе көп, соның ішінде халықтың жанайқайына айналған өзекті проблеманың бірі банк саясатын өзгерту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жолдауда цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету, банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екені орынды айтылды. Бір сөзбен айтқанда, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Бұл ретте Президент Банктер туралы жаңа заң қажет екенін ұсынды.
Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануға да айрықша тоқталған Мемлекет басшысы бұл бағытта автокөлік құрастыру және мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты жобаларға басымдық берілетінін атап өтті. Бұл басымдықтарды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру еліміздің тұрақты экономикалық дамуына және еліміздің тұғырын нығайта түсуге тың серпін береді деп сенеміз.
Күләш МОЛДАХМЕТОВА,
Астана қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің мүшесі