Көшпенділер ойындарында 1300 волонтер қызмет атқарады
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 1300 волонтер қызмет атқарады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Наурыз айының соңында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жарыстарға билеттер сатыла бастады. Ересектерге арналған билеттердің құны 1000 теңгеден 15 000 теңгеге дейін құрайды. Ал билеттердің орташа бағасы – 3600 теңге. Зейнеткерлер мен мүмкүндігі шектеулі жандарға, оқушыларға жеңілдіктер мен арзандатылған бағалар қарастырылған. Бұл жайлы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қазіргі таңда Ойындар алдында волонтерлер белсенді жұмысқа кірісті. Ойындар кезінде Дирекция тарапынан 1300 волонтер қызмет атқарады. Волонтерлерден ойын алдында барлығы 4500-ден астам өтінім келіп түсті, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан және Гана Республикасынан ниеттілер кездесті.
«Сондай-ақ Ойындарға әлемдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы өте жоғары болды. БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 64 елден 1185 өтінім келіп түсті. Атап айтқанда, отандық журналистерден 815 өтінім, шетелдік БАҚ-тан 370 өтінім келді. Оның ішінде, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жан-жақты насихаттау мақсатында 92 журналист және танымал блогерлер тіркелген. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews, CCTV сынды БАҚ өкілдері бар. Миллиондаған аудиториясы бар блогерлер де әлемдік жарысты насихаттаудан тыс қалған жоқ», – деді спикер.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарындағы спорттық жарыстарға барлығы 89 елден 2430 қатысушы тіркелді. Мұның ішіне жаттықтырушылар мен спортшылар кіреді. Ойындарда 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн тг.
Оның айтуынша, ойындар аясындағы ғылыми бағдарламаға 12 елден 75 қатысушы тіркелген. Атап айтқанда, ғылыми бағдарлама бойынша Әзербайжан, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан елдерінен мамандар қатысады. Ғылыми бағдарлама 9-11 қыркүйек аралығында өткізіледі.
«Ал, мәдениет бағытында Этноауылда 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді және барлығы 5600 қатысушы бар. Біздің барлық өңірлерімізден «Бірлік керуені» жобасы аясында келетін шығармашылық ұжымдар, 200-ге жуық қолөнершілер және айтыскерлердің қатысуы осы Этноауыл аймағында өтеді. Этноауыл өзінің жұмысын 7 қыркүйек күні бастайды», – деді спикер.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы 1355 номері арқылы байланыс орталығынан үздіксіз ақпарат алып отыруға болады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қонақтарды қабылдау үшін 20 астаналық қонақ үй мен 331 көлік құралы жұмылдырылады. Қатысушылар үшін қонақ үйлерден спорттық нысандарға арнайы автобустар ұйымдастырылады. 8 қыркүйек күні сағат 14:00-ден бастап «Астана Арена» стадионында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Ашылу салтанатына қатысушыларды автобустармен жеткізу ұйымдастырылады. Ойындар кезінде қоғамдық көліктер тоқтатылмайды. Сондай-ақ 7-13 қыркүйек аралығында жарыс күндері көрермендер үшін арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады. Әр күні сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін «Астана Арена» стадионы, ЭКСПО және Республикалық Бас мешітте автобустар жанкүйерлерді спорттық нысандарға ақысыз тасымалдайды.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі кезінде 8 қыркүйек күні сағат 16:00-ден бастап «Қазмедиа орталығы» арнайы баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады. Ол жерде ашылу салтанатынан тікелей эфир көрсетіледі. Сонымен қатар, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында «Қазанат» ипподромында, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдынында арнайы баспасөз орталықтары жұмыс істейді. Этноауылда шағын пресс-орталық ретінде жабдықталған киіз үй болады.