Кадрлық резервке іріктелді
Астана қаласының өңірлік кадрлық резервіне іріктеу аяқталды. Іріктеуге қала бойынша 297 адам қатысты. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусин мен елорда әкімі аппараты басшының орынбасары Жанасыл Шәукентаев мәлімдеді.
«Өңірлік кадрлық резервтің міндеті – талантты жастарды тарту, амбициялы әрі креативті көшбасшылар мен жас басқарушылар пулын қалыптастыру. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты. Іріктеу құжаттарды қабылдау, заңнаманы білуге арналған тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау, ассессмент орталығында құзыреттерін бағалау, кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат және комиссия отырысы секілді кезеңдерді қамтыды.
Үміткерлер кадрлық комиссия айқындаған 4 негізгі сала: әлеуметтік сала, экология, цифрландыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым салалары бойынша құжат тапсырды.
Іріктеудің заңнаманы білуге арналған тестілеу кезеңіне 262 кандидат қатысып, оның ең жоғарғы нәтиже көрсеткен 142-сі келесі кезеңге жіберілді. Жеке қасиеттерін бағалау кезеңінен сәтті өткен 62 кандидат құзыреттен бағалау кезеңіне жіберілген болатын» деді өз сөзінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусин.
Комиссия отырысында комиссия мүшелері бағалау нәтижесімен ең жоғары балл жинаған 30 кандидатты Астана қаласының өңірлік кадрлық резервіне қабылдады. Резервшілер өңірлік кадрлық резервке, Жарлыққа сәйкес, 2 жыл мерзімге қабылданды және өңірлік резервке қабылданған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз орналаса алады.
«Кадр резервіне қабылдану бұл басқарушылардың тек қана қатаң іріктеуден өткенін ғана емес, сондай-ақ қаланы дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуға дайын және қабілетті екенін білдіреді. Алдағы уақытта олардан Астананың тұрақты дамуы мен оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастамаларды қалыптастыруға және іске асыруға белсенді қатысу күтілуде. Кадр резервіне алынған мамандардың әлеуетін барынша тиімді пайдалану үшін оларды Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында, сондай-ақ аудан әкімдіктерінде бос орындар қалыптасқан жағдайда орта және жоғары буын басшылық лауазымдарына тағайындауды жоспарлап отырмыз» деп бөлісті елорда әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев.
Индира Бержанова