Көшпенділер дүбірі
«Саранасына шық қонған, сарымсағынан сүт тамған, сабасына құт толған» Сарыарқаның төсінде көшпенділер бас қосып, ойында өнер көрсетпекші бәстесіп.
Ертең, 8 қыркүйек күні, сағат 19:00-де «Астана Арена» стадионында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми түрде ашылу салтанаты өтеді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ойынға қатысушы мемлекеттердің делегация өкілдері қатысады.
2014 жылы Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында 19 елдің қатысуымен басталып, екі жыл сайын өтіп тұратын айтулы дода айыр қалпақты ағайынның елінде қатарынан үш рет өтті. Төртінші рет 82 елдің қатысуымен 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті. Енді, міне, күллі түркінің қара шаңырағы болған еліміздің бас қаласында өтетін спорт жарысына барлығы 89 елден 2430 адам қатысады.
БЕТКЕ АЛЫП КӨШПЕНДІЛЕР АСТАНАНЫ,
МІНЕ, ЕРТЕҢ ҰЛЫ ДҮБІР БАСТАЛАДЫ
Самырсынға Ғұн байлап саңылағын, Сақтар жорытқан мекенде сап ұранын, Қазақтың биік қыл деп шаңырағын алты алаштың баласы басын қосып, бүлдіргені бүйректей, бөденесі үйректей осынау Ұлы дала төсінде ертең V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының түңілігі түріліп, туы желбірейді.
Жалпы адамзат тарихы отырықшы және көшпенді болып екіге бөлінеді. Бұл екеуінің де өзіндік қалыптастырған мәдениеті, өнері, өркениеті болады. Ертең басталатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары біздің ата-бабамыздың жүрген жолынан сыр шертіп, оны күллі әлемге паш ететін бірден-бір спорттық ойындардың алаңы саналады.
Төбел бие сойдырып төменгі елді, жорға бие сойдырып жоғарғы елді шақырған ұлы тойды арасанға ат айтып, қорасанға қой айтып «Ұлы дала жорығы: 2024» ат бәйгесінен басталып та кетті.
«Ұлы дала жорығы» өтті
3 қыркүйек күні V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы – «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон бәйгесі дала өркениетінің қайнар көзі – киелі Ботай қонысынан басталды. Жарыс бүгін астанада аяқталады. Оған Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран, Мажарстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Қазақстан және тағы басқа мемлекеттерден 17 команда, еліміздің атынан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу арғымағы, Қостанай, Көшім жылқы тұқымдарымен 9 құрама қатысты. Қатысушылардың қатарында қыздардан құралған командалар да бар. Шабандоздар Ботай қонысынан Астана қаласына дейін 500 шақырымды еңсеріп жетті. Бұл жорықтың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау.
Ал «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Әрі қазақ аттары бұған дейін «Бәйге аты», «Көкпар аты» деп аталып келсе, енді бұл қатарда «Жорық аты» қосылды.
Қатысушылар су алып келді
Шын мәнінде көшпенді халықтардың мәдениетін түйістіріп, бастарын бір жерге сыйыстырып отырған бұл жарыстың орны ерекше. Бастапқы өткен үш реткі көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышаны және негізгі элементі су болды. Су – барлық тіршіліктің қайнар көзі. Адамға ауадай қажетті заттардың ішінде кем болса болмайтын судың қадірі жыл өткен сайын бүкіл жер бетіне білінуде. Ал биылғы көшпенділер ойындарының да алғашқы басталуы да су алу рәсімінен басталды. Өйткені дәстүр бойынша, Олимпиада, Азия және Дүниежүзілік Универсиада сияқты заманауи ірі спорттық жарыстардың барлығына дерлік пішіні жағынан әртүрлі, бірақ мазмұны біркелкі Алау эстафетасы міндетті түрде кіреді. Сол сияқты көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент су болғандықтан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен аталған ойындарға қатысатын делегация өкілдері өздерінің облыстарынан торсыққа толтырып алып келген суларын көтеріп, ойындардың ашылу рәсімі өтетін алаңнан шерулетіп, керуенмен өтті. Ол керуеннің аты «Бірлік керуені» жобасы деп аталады. Міне, осылайша «Бірлік керуені» арқылы әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды 6 қыркүйек күні Астанаға өңірлердің өкілдері басқаратын «Бірлік керуенін» алып келген спортшылар, қоғам қайраткерлері, түрлі облыстардан келген өңірлердің батырлары Астанаға жеткізді. Бұл су ертең ойындардың ашылуында тайқазанға құйылады.
Бұған дейін қалай өтті?
Ал енді бұл ойындардың алғаш рет қайда ұйымдастырылғаны және онда қанша мемлекет пен қанша спортшы қатысқаны туралы ақпарат бере кететін болсақ, алғаш рет бұл жарыс 2014 жылы Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласында ұйымдастырылып, оған 19 елден 10 спорт түрі бойынша 583 спортшы қатысқан болатын. Екінші рет 2016 жылы 62 елден 26 спорт түрі бойынша 1200 спортшы қатысып, ауқымы кеңейген ойынға 2018 жылы 82 елден 37 спорт түрінен 2000-ға жуық спортшы қатысқан. Бұл үшеуі де Қырғызстанда өтті. Ал 4-рет бұл 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтіп, оған 13 спорт түрінен 3000 спортшы бақ сынап, 82 ел қатысқан. Сондықтан да бұл әрбір халықтың тарихи түп-тамырынан, өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігінен бастау алатын ұлттық спорттың мерекесі болып саналады. Ал ертең Астанамызда басталатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ге жуық мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысады. Қарап тұрсаңыз, бұл ойындардың тарихында ең көп мемлекет қатысып жатқан да осы жарыс болып отыр. Бұдан басқа төрт жарыс та өткізген елдер астанасында өтпеген. Тек осы жолы ғана елорда төрінде өтіп жатыр. Бір қызығы, бұдан бұрынғы төрт ойында да командалық есепте қырғыздар бірінші орын алып келген.
Қолдаушылары кімдер?
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, ал бас серіктесі – Halyk Bank. Сондай-ақ ойындардың ресми байланыс операторы «Кселл». Ол халықаралық шараға қатысушыларды тегін интернет байланыспен қамтитын болады.
Бұл ретте «Кселл» Қазақстанның халықаралық аренадағы мерейін асырып, беделін көтеруге бағытталған барлық жобаларды қолдауға əзір. Елдегі ең ірі байланыс операторы ретінде 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінің ресми серіктесі болғаны – соның бір дəлелі. 2011 жылы Қысқы Азиаданың да ресми байланыс операторы боп таңдалғаны тағы бар. Енді, міне, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан да тыс қалмады. Осыған дейін сайыс өтетін спорт нысандарында байланыс құрылғылары мен қосымша базалық станцияларын орнатты. Атап айтсақ, «Кселл» компаниясының техникалық жасағы «Астана-
Арена» стадионы, «Қазанат» атшабары жəне Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұзайдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, ҚР Ұлттық музейі, «Думан» ойын-сауық кешені аумағына 4G жəне 5G қосалқы базалық станциялары мен телекоммуникациялық жабдықтары орнатылған. Бұл шетелдік қонақтар мен қатысушыларға өз туған-туыстарымен еш кедергісіз бейнебайланысқа шығып, əлеуметтік желілерге фото, видео материалдарды жедел жүктеуге, таратуға, барлық цифрлық сервистерді үздіксіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыдан екі күн бұрын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев пен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Бақдәулет Сәбитов ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселесін сөз еткен болатын.
Соңғы мәліметтер қандай?
Міне, сол жиналыста Абылай Қондыбаев: «бүгінгі таңда спорттық жарыстарға барлығы 89 елден 2430 қатысушы тіркелді. Мұның ішіне жаттықтырушылар мен спортшылар кіреді. Ойындарда 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 миллион теңге. Сыйақы ойындардың бас серіктесі Халық банк тарапынан қарастырылған. Ал ойындарға жалпы бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Ғылыми бағдарламаға 12 елден 75 қатысушы тіркелген. Ал мәдениет бағытында Этноауылда 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді және мәдени бағытта барлығы 5600 қатысушы бар. Ал ойындарға қатысуға баспасөз аккредитациясының жалпы саны 64 елден 1185 өтінімді құрады. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews және т.б. сияқты әлемдік жетекші БАҚ өкілдері бар. Жарыстың барлық кезеңінде негізгі спорт нысандарында баспасөз орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар аты айтып тұрғандай, бұл спорттық шара болғандықтан, бұл іс-шараға 560-қа жуық спорттық жылқы келеді. Оларды орналастыруға және ветеринарлық күтімге барлық жағдай жасалған. Аталған ойындар барысында ел намысын барлық 21 спорт түрі бойынша 216 спортшы қорғайды. Спортшылардың дайындық мәселесіне келсек, 2024 жылы ақпан айынан бастап 11 ұлттық спорт түрлері бойынша 42 оқу-жаттығу жиындары өтті. Сонымен қатар бір шетелдік спортшының шығыны 2 миллион теңге көлемінде ақша қарастырылған. Әр қонаққа шамамен 1 800 000 теңге жұмсаймыз» деді ол.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі кезінде 8 қыркүйек күні сағат 16:00-ден бастап «Қазмедиа орталығы» орталық баспасөз орталығы жұмыс істейтін болады. Журналистердің ақпарат таратуына ыңғайлы болуы үшін Ойындардың ашылу салтанаты «Қазмедиа орталығында» ұйымдастырылған баспасөз орталығында тікелей эфирден көрсетіледі. Сонымен қатар, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында «Қазмедиа орталығындағы» баспасөз орталығымен қоса «Қазанат» ипподромында, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдынында баспасөз орталықтары жұмыс істейтін болады.
Ал бүгін Этноауыл ресми түрде жұмысын бастады. Оған көрермендер мен қатысушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы тасымалдау көліктері ұйымдастырылған. Сондай-ақ қонақтарды қабылдау үшін 20 астаналық қонақ үй мен 331 көлік құралы дайын. Ал қатысушылар үшін қонақ үйлерден спорттық нысандарға арнайы шатл басстар ұйымдастырылады.
Ертең дүбірлі доданың ресми ашылуы болады. Салтанатты шараға келген көрермендерді қабылдау үшін бірнеше қабылдау пункттері ашылады. Әрі ашылу рәсімі «Астана Арена» стадионында өтеді. Оған қатысушыларды автобустармен жеткізу ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда Ойындар алдында волонтерлер белсенді жұмысқа кірісті. Ойындар кезінде барлығы 1300 волонтер қызмет атқарады. Волонтерлерден ойын алдында барлығы 4500-ден астам өтінім келіп түскен. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ересектерге арналған билеттерінің құны 500-ден 15000 теңгеге дейін құрайды. Ал билеттердің орташа бағасы – 3600 теңге. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, оқушыларға жеңілдіктер мен арзандатылған бағалар қарастырылған. Ойындардың жабылуы 13 қыркүйекте өтеді. Жабылу салтанатында келесі өткізуші мемлекетке жолдама берілетін болады.
Шапағат ӘБДІР