Басты ақпаратБілім

Грант бөлінісі жүйелі болса…

2024-2025 оқу жылында бакалавриатта білім алуға 79 мыңға жуық грант бөлінді. Білім гранты иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдірушілер көп болды. Себебі білім алушылардың бірқатары ҰБТ-да жоғары ұпай ала тұра мемлекеттік гранттан қалыс қалған еді. Астаналық мыңдаған талапкер де гранттан қағылды. Онымен қоса, сұранысы аз мамандықтарға бөлінетін грант саны жылдап артып келе жатқаны тағы бар. Жыл сайын дауға ұласып, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе салаға жүйелілік қажет екенін анық көрсетті.

Қай мамандыққа сұраныс көп?

Жалпы, мемлекеттік грант саны 2020 жылы – 51 мың, 2021 жылы – 53 мың, 2022 жылы – 56 мың, 2023 жылы 73 мың болса, осы жылы 79 мыңға көбейген. Алайда грант саны жылдап артқанымен, талапкерлердің арасындағы бәсекелестік бәсең. Өйткені 140 сұрақтың 136-сына дұрыс жауап берген оқушы да грантқа түседі, 50 балл алғандар да грант иесі атанады. Демек, ертең жұмыс нарығында жоғары білімді маман талап ететін жұмыс орындарының талабына сай сұранысы сәйкес болмауы мүмкін деген болжам бар.

Осы жылы бакалавриат бойынша гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім бағдарламасы топтарына бөлінді, оның саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 8 288 грант қарастырылған.

Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Биылғы байқау қорытындысына сәйкес, ең жоғары сұраныс «Стоматология» мамандығына болып отыр. Бұл мамандық бойынша осы жылы бір орынға 35 талапкер талас­ты. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды. Үміткерлердің арасында 22 мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу озаттары бар. Сондай-ақ гранттарды үлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілген.

Жыламаған талапкерге грант жоқ па?

Биылғы грант бөлудегі басты мәселе – су тасқыны салдарынан зардап шеккен аймақтарға арнайы квота бөлінгендігінде. Гранттың 20 пайызы (15 382 грант) су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы талапкерлерге берілген. Салдарынан жоғары балл жинап, тегін оқуға түсе алмай қалған талапкерлер министрлік өкілеттігін асыра пайдаланды, грант әділетсіз бөлінді деп мәлімдеді. Осыған қатысты «QazBilim Group» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы грант бөлінісінде заңсыздық орын алды деген пікірде.

«Елді мекенді су басқан жағдайда немесе басқа да төтенше жағдай болғанда сол өңірдің түлектеріне гранттан арнайы квота бөлінеді» деген норма ешқандай заңда жоқ. Министрліктің су басқан өңірге арнайы грант бөлуі – толық заңсыз. Мысалы, грант бөлу туралы заңдық нормада көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, қандастарға, мүгедектігі бар азаматтарға, Серпін бағдарламасы негізінде айқындалған өңірлер түлектеріне деген секілді квоталар бар. Бірақ төтенше жағдайға байланысты грант бөлу туралы нормада жоқ.

Мемлекеттік грантты бөлу туралы ережеде: «Грант бөлу кезінде бітіруші түлектердің мамыр және маусым айындағы нәтижесі негізге алынады. Қаңтар, наурыз және тамыз айындағы ҰБТ нәтижесі тек ақылы бөлімге түсуге жарамды» делінген. Тайға таңба басқандай нақтыланған. Ендеше, грант бөлу кезінде төтенше жағдай болған өңірлерде қаңтар немесе наурыз ҰБТ нәтижесін грант конкурсына жарамды ету де – таза заңсыздық емес пе?!» деді қоғам белсендісі.

Ал Ғылым және жоғары білім министр­лігі заңсыздық орын алғанына қатысты мардымды жауап берген жоқ. Министр Саясат Нұрбек тек грант алмағандардың 70 пайызы мемлекет үшін басым емес мамандықтарға өтініш бергенін атады.

«Грант алмағандардың 10 мыңнан астамы ҰБТ-да 90-нан жоғары балл жинады. Алайда олар грантқа түспеді. Себебі ең көп талапкер дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын таңдап, тапсырған 3 452 адам грантқа түсе алмады. Биыл біз бұл мамандыққа 600 грант бердік. Осы мамандықты 5609 адам таңдады. Демек, бұл 600 грантқа үздіктердің үздіктері ілінді. Екіншісі 941 адам сән, дизайн мамандығы бойынша грантқа түсе алмады. Оған 205 грант бөлінді, 1624 адам құжат тапсырды, ал 205-і грантқа түсті. Жоғары балл жинаған 941 адам грантқа түспеді. Яғни мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша грант мемлекет басымдық беретін мамандықтар негізінде берілетінін нақты түсінуіміз керек» деді С.Нұрбек.

Астаналық көпбалалы ана Мәншүк Бектаеваның тұңғышы 125 ұпаймен мемлекеттік грантқа ілікпеді. Ақылы оқытайын десе, жылдық оқу бағасы миллион теңгеден жоғары.

«ҰБТ-дан жоғары ұпай ала тұрып, жалпы грант тізімінде қызым Сандуғаш Мақсат табылмады. Ұпай санының соншалықты құнсыз болғаны ма?! 11 жыл бойы көз майын тауысып оқығанымды қайтейін, грантым тасқыннан зардап шеккен аймақтың балаларына үлестіріліп, еңбегім еш кетті деген қызым үшін қиын жағдай болды. Кейін бірқатар университеттерге өтініш тастап, соңында Астана қаласы әкімдігінің грантын иелендік. Қазір балам 1-курс студенті атанып, қалаған мамандығына оқуға түсті. Әрине, грант бөлу жүйе­сін қайта қарастырған дұрыс. Грантқа ілікпей қалып, ақылы оқуға түскен қаншама үздік талапкерлер үшін жаның ашиды» деді М.Бектаева.

Саны артқанымен, бәсекесі төмен

Статистикалық мәліметтердің ішінде 5 мыңнан астам талапкердің арасында дене шынықтыру пәні мұғалімі соншалық мәртебелі мамандықтың біріне айналып, үлкен қызығушылық тудыратыны ойлантады. Оның өзіне түсу үшін биыл кемі 123 ұпай жинау қажет болды. Ал елімізде тапшы инженерге 50 балмен де түсіп кетеді. Бұрын техникалық мамандықтарға білімді балалар оқуға қабылданып, олардың зерттеушілік қабілеттері қаперге алынатын. Осындай таңдаулы мамандықтардың қазір құнын түсіріп, дипломы бар мамандар санын арттырғаннан ұтарымыз қайсы?

Сарапшылар жыл сайын гранттың көп болуы біліксіз мамандарды көбейтеді деп дабыл қағуда. Талапкерлердің грант саны көп, «қолжетімді» мамандықтарға түсуі жақсы нышан емес. Бастысы, грант деген бала оқуын әйтеуір тәмамдап, дипломы бар, жұмысы жоқ адамдардың қатарын еселейді, тіпті жұмыс істеген күннің өзінде сапасыз кадрлардың санын ғана арттырады. Бұл – грантқа жұмсалған бюджеттің нәтижесіздігі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов гранттарды бөлудің қазақстандық жүйесі жетілдіруді қажет етеді дегенді алға тартады.

«ҰБТ балдарымен қатар талапкерлердің таңдаған мамандығы бойынша оқуға деген ынтасын, олардың тиісті салалардағы мектеп жетістіктерін ескеру қажет. Мысалы, әлемнің үздік университеттері жеке жетістіктерге, портфолиоға және мотивациялық хаттарға назар аударады. Мұндай тәсілді енгізу әрбір талапкердің әлеуетін неғұрлым объективті бағалауға және гранттардың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Талапкерлер үшін танымал ғана емес, болашақта сұранысы болатын мамандықтарды қарастыру маңызды. Мен оларға білім беру бағдарламалары туралы ақпаратты мұқият оқып шығуды, мансаптық кеңесшілермен кәсіби бағдарлау іс-шараларына және консультацияларға қатысуды ұсынар едім.

Бүгінде түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі ойлантады. Себебі бір салада маман артылса, екіншісінде мүлдем тапшы. Сұранысты қанағаттандыру үшін қажет мамандықтар туралы деректерді үнемі жаңартып, талапкерлерге нақты тәжірибе жинау үшін тағылымдамадан өту маңызды. Талапкерлердің болашақ мамандықты таңдауы үшін кәсіптік бағдар берушілер тарапынан жүйелі түрде кеңес алуды жолға қойған жөн. Оқу орындары да жастарға еңбек нарығы туралы ақпаратты ашық жеткізіп отыруы керек» деп бөлісті сарапшы.

Осыған қатысты жақында Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова грант бөлу жүйесі өзгеретінін жеткізді. Енді еліміздің жоғары оқу орындары білім сапасына қарай үш лигаға жіктеліп, гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады. Сонымен қатар, осы өзгерістер аясында университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар да қайта қарастырылады.

P.S: Мамандықты сұранысқа, еңбек нарығына қарай лайықтап таңдайтынымыз белгілі. Алайда төрт жыл тегін оқығанның бәрі сапалы кадр болып шығуы – уақыт еншісінде. Грант санының жылдап артуынан бөлек, министрлік пен оқушы соттасқан дау жоғары білім беру саласындағы бұл мәселеде нақтылық қажет екенін аңғартты. Жастарды оқытуда талапкердің құқығын таптамай, сапаға мән беретін кез келгендей.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button