Түлектерге сертификат табысталды
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бастамасымен түлектерге қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеу үшін әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл әкім гранты әлеуметтік осал топтан шыққан 38 астаналық түлекке берілді.
Астана қаласының жоғары оқу орындарында күндізгі нысанында оқу ақысын төлеу үшiн берілетін әлеуметтік көмек 2004 жылдан бері дәстүрлі негізде жүргізіледі. Көмек жан басына шаққандағы орташа табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын ақшалай төлем түрінде берілді. Арнаулы сертификат Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің жетім балалары, балалар үйінің түлектері, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға берілді.
Мектеп түлектеріне сертификатты Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов табыстады. Іс-шараға сондай-ақ бірқатар университеттердің өкілдері, ата-аналар қауымы мен жастар қатысты.
«Атаулы әлеуметтік көмек аясында 2008 жылдан 416 студент оқуын тәмамдады. Негізгі басымдық педагогика, медицина және техникалық мамандықтарға берілді. Биыл 56 студент Астана қаласының үздік жоғары оқу орындарында дизайн, шетел тілі, ақпараттық жүйелер, менеджмент және басқару, стоматология, туризм, аударма ісі, құқық, жалпы медицина, кинезиотерапия, электроэнергетика, қазақ тілі мен әдебиеті, тасымалдауды ұйымдастыру және әлеуметтік жұмыс маманы атанды. Оқуды аяқтағандар ішінен 323 түлек жұмысқа орналастырылды. Яғни, студенттерге білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды әрі қарай жұмысқа орналастыру – негізгі мақсатымыз» деді өз сөзінде елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.
Жаңа оқу жылында азаматтардың жекелеген санаттары ішінен 150 түлекті оқыту көзделіп отыр. Биыл мектеп түлектері дизайн, ақпараттық жүйелер, көліктік қызмет, жалпы медицина, психология, сәулет, қоршаған орта, дене шынықтыру және спорт, биотехнология, әлеуметтік жұмыс және жасанды интеллект мамандықтары бойынша білім алады. Солардың қатарында Ақжан Әл-Машани атындағы № 92 мектеп-лицейінің түлегі Ержан Жандосов бар.
Индира БЕРЖАНОВА