Тоғызқұмалақ: 41 елден 114 спортшы
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тоғызқұмалақ бәсекесі Астана қаласындағы «Думан» қонақ үйінде басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Тоғызқұмалақ ойынынан бас төреші Бауыржан Төлегеновтың айтуынша, әлемнің 41 елінен келген 114 спортшы жүлдеге таласып жатыр.
– Ойын шартына сәйкес, әр елден 2 ер және 2 әйел спортшы қатысуға болады. Жалпы, 41 елден 114 спортшы (65 ер және 49 әйел) бақ сынап жатыр. Спортшылар жекелей сында жүлдеге таласып, оның қортындысы бойынша командалық жүлдегерлер анықталады,- деп атап өтті бас төреші.
Бекітілген ережеге сай, бәсекеге 14-75 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады.– Әзербайжан, Чехия және Түркиядан келген 14 жасар қатысушылар бар. Сондай-ақ, зейнетке шыққан егде жастағы қатысушыларымыз да көп,- дейді Бауыржан Төлегенов.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сапында Бостандық Бексұлтан (Қызылорда обылысы), Әуелбай Ерсұлтан (Астана қаласы), Қожанәсіп Аңсаған (Қарағанды обылысы) және Серікқызы Мөлдір (Ақтөбе обылысы) ел намысын қорғайды.
Тоғызқұмалақ ойынының финалдық бәсекесі 11 қыркүйекте өтеді.
Ал жүлдегерлерді марапаттау шарасы 12 қыркүйек күні этноауылда болады.