Түркі мемлекеттері ұйымының отырысы өтті
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Әділет министрі А. Есқараевтың төрағалығымен Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан Әділет министрлері, ТМҰ-ның Бас хатшысы К.К. Омуралиев қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Отырыс Мемлекет басшысының 2023 жылғы 3 қарашадағы ТМҰ-ның Х саммитінде айтылған тапсырмасы шеңберінде ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушы мемлекеттердің әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қаралды. Құқықтық өзара іс-қимылды нығайту және құқықтық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар әділет жүйелерінде цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыт кейінгі жылдары шешуші болатынын атап өтті.
Кеңестің тұрақты отырыстарында осындай тақырыптарды талқылау ведомствоаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің әділет органдары жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Отырыс қорытындысы бойынша Кеңестің негізгі уағдаластықтары мен одан әрі жұмыс бағыттарын бекітетін Астана декларациясына қол қойылды.
ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлерінің келесі отырысы 2025 жылға Әзербайжан Республикасында жоспарланған.