Басты ақпаратРуханият

Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет

Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы ғажайып сән-салтанатымен дүркіреп өтті. 30 мың адам сыятын «Астана Арена» стадионы 20 мың көрерменге лық толды. 3 мыңға жуық өнерпаз қатысқан дүбірлі жарыстың ашылуы – Олимпиада ойындарының ашылуынан ешбір кем болған жоқ. Салтанатты рәсімге қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында сөз сөйлеп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. «Астана Арена» стадионында өткен рәсімге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүние­жүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.

Меймандар мен спортшыларға алғыс айтты

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.

Президент көшпенділер өркениеті дүние жүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті. «Бүгін көптен күткен байрақты бәсеке – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Баршаңыз қазақ жеріне қош келдіңіздер! Бұл – әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғыс айтамын. Көшпенділер өркениеті – дүние жүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Даңқты көшпенділердің мұрагеріміз!

Президент батыр бабаларымыз ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат еткенін, осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз екеніне тоқталды.

«Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар. Олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африка мен Америкадан көруге болады. Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары – ортақ. Көшпенді халық – ең алдымен, рухы азат жұрт. Көшпенділер үшін өмір – мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы – жаңа әлемге жасалған жасампаз қадам. Біз – ежелден қонақжай халықпыз. Жаңалыққа – жаны құмар, түрлі мәдениетке – ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тап­қан. Көшпенділер – тумысынан қайсар халық. Көшпенділердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды. Мыңдаған жылға жалғасқан осы көш қазір басқаша сипатқа ие болды. Көшпенді өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз – даңқты көшпенділердің мұрагеріміз, батыр бабалардың ұрпағымыз. Олар ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны игі мақсаттан туған бірегей жоба екеніне екпін түсірді.

«Көшпенділер ойындары – осындай игі мақсаттан туған бірегей жоба. Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек. «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі болсын! V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын!» деді Президент.

Төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұлас­ты. Сонымен қатар салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.

Қонақтар мен қатысушыларға 1600 ерікті қызмет етеді. Осы орайда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр еріктілерге алғыс айтты.

Қазақтардың дәстүрге адалдығын көрсетті

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған Астанадағы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға еліміз көп күш жұмсағанын айтты.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға Қазақстан елордасы Астана қаласына ат басын бұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл – іс-шара тек дәстүрлі спорт түрлерін біріктіру үшін ғана емес, әлемге ортақ мәдени мұрамызды сақтап қалуға және оны болашақ ұрпаққа табыстауға бел буғанымызды көрсететін маңызды оқиға. Қазақстан көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш-қуатын, дәстүрге деген адалдығын көрсетті» деді Б.Ердоған салтанатты рәсімде.

Сондай-ақ шетелдік мейман Мемлекет басшысы мен дүбірлі доданы ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғыс айтты. «Бауырлас елдердің дүниежүзілік көшпенділер ойындары ынтымақ, бірлігін нығайтады. Астанада Ұлы Дала дүбірі ұранымен өткен бұл құнды жиын тек спорт жанкүйерлері арасында ғана емес, сонымен қатар барлық елдер, әсіресе Түркия мен Қазақстан үшін жаңа достық, ынтымақтастық, мәдени ауыс-түйіске серпін беретініне нық сенемін» деп сөзін түйіндеді ол.

Қазақ тілінде анық сөйлеген Біләл Ердоғанға көрермендер үлкен қошемет көрсетті.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button