Басты ақпаратҚоғам

Дұрыс таңдау жасау – өз қолымызда

Академик, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бірлесбек Алияровтан АЭС тақырыбын ғылыми тұрғыда саралауды сұрадық. Ол Қазақстанда АЭС пен ЖЭС салуды салыстырып, артықшылығына тоқталды.

– Қазақстанға электр энергиясын өндіретін станция керек пе? Алдымен осы сұрақты тарқата түссеңіз…

– Сөзсіз, керек! Ендігі мәселе – бізге станция керек пе, энергия маңызды ма? Осыны анықтап алғанымыз жөн. Міне, осы сұрақтарды қоғам болып жан-жақты талқылап, ортақ шешімге келуіміз керек. Таразыға «арзан станция» деп салсақ, онда көмір жағатын жылу электр орталықтары басады. Егер қалдықсыз өңдеуді таңдасақ, онда уран арқылы іске қосылатын атом орталықтары басым түседі. Дұрысы, АЭС-тің де, ЖЭС-тің де өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар.

– Осыны толығырақ айтып берсеңіз…

– Әлем бойынша ең арзан көмір біздің елде. Екібастұздың көмірі нарықта 6 доллар (көмір кен орнының басында) көлемінде бағаланады. Шетелде көмірдің бір тоннасы – 200 доллар. Өйткені көмір қоры тапшы, болған жағдайдың өзінде өндіру біздікіндей арзанға түспейді. Екібастұздың көмірі Үлкен ауылына жеткенше құны 15-16 доллар болар.

Көмір тасудан бөлек, жа­ғып болғаннан кейін қалдықты (күлін) жинайтын арнайы орын керек. Бұл экология тұрғысынан тиімсіз. Газбен, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-тің бір артықшылығы – нарықтағы сұраныс көлеміне қарай тұтынатын энергия ­қуатын өзгертіп тұруға болады. Ал атомдыкі қымбаттау болғанмен, станция автоматтандырылғаннан кейін қоқыс шығармайды. Алайда АЭС-те энергия қуатын тиісті мөлшерде өзгерту қиын. Егер референдум нәтижесінде халық АЭС салуды қолдаса, онда ғалымдар атом станциясын ұтымды қолдану жолдарын жетілдіре түсеміз. Бұған біздің ғылыми потенциалымыз толық жетеді.

– АЭС қымбат жоба дедіңіз. Бірақ бізде уран өндірісі ­жақсы дамыған ғой!

– Мойындау керек, АЭС салуға ұзақ жылдар кетеді. Шикізат тұрғысынан АЭС-ке керекті уран жеткілікті. Уран қоры бо­йынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр. Жер бетіндегі уранның жалпы қорының 15 пайызы біздің елде. Бізде өндірілетін жоғары жылу шығаратын уран материалын (ТВЭЛ) Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Италия, Түркия, Франция, Германия көптеп сатып алады.

2060 жылға дейін көміртегі бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына Қазақстан қосылды. Осы тұрғыдан алғанда, АЭС-ты ұзақжылдық стратегия­лық бағдарлама, келешектің ұтымды жобасы ретінде бағалау ­керек.

– Ғалым ретінде атом ­энергетикасын қолдайсыз ғой, солай ма?

– Әрине, қолдаймын! Бізге АЭС салып, тәжірибе жинап, үйреніп, келешекте басқа жерлерден салу керек болса қорықпайтын боламыз. Қазір елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейіп, электр энергиясын тұтыну көлемі артуда. Үкімет осыны ескеріп, 2035 жылға дейінгі генерациясын екі есеге ұлғайтуды жоспарлады. АЭС – қоршаған ортаға зиянсыз технология. Ал оңтүстікте көмір тапшы. Онда атом энергетикасы тиімді. АЭС келешекте бой көтеретін энергиялық станциялардың алғашқы үлгісі деген дұрыс.

Экономика бір орында тұрмайды. Жыл өткен сайын, ірі өндіріс орындарынан бөлек, шағын және орта бизнес субъек­тісінің саны артып, энергияға сұраныс артады. Ал экономиканы ілгерілету үшін Қазақстанға тұрақты энергия көздері қажет. Сондықтан электр энергиясын өндіретін станцияларды салуды кешіктіре беруге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, келешектің қамы үшін дұрыс таңдау жасау өз қолымызда.

– Бірлесбек Қаниұлы, АЭС пен ЖЭС-те электр энергиясын өндіру ерекшелігі қандай?

– Уран мен көмірден қуат алатын станцияның айырма­шылығы ошақтан шығатын жылуында ғана. Бу шыққаннан кейінгі функция екеуінде де бірдей. Тек ошақтың ішінде жылу беретін көзі өзгеше болады.

– Яғни атом саласына қажетті инженерлерді дайындауда ешқандай қиындық жоқ дейсіз ғой?

– Бізде энергетиктердің жақсы ғылыми ортасы қалыптасқан. Ізденуші ғалымдар да жеткілікті. Қазір 5 шәкіртім докторлық диссертация қорғау­ға дайындалуда. Тақырыптары энергетика саласына қатысты.

Базалық білім ретінде ­Ғ.­Дәу­­­­кеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Ядролық физика ­институты бар. Одан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде теория­лық және ядролық физикадан білім береді. Егер АЭС салынса, тапсырысқа сай, 4-5 жылда білікті атом инженерлерін ­дайындап шығара аламыз.

Елімізде бұған дейін де атомшылар шықты. Олар шетелде салынып жатқан АЭС құрылысына атсалысып жат­қанын жақсы білеміз.

P.S: БҰҰ атом энергетикасын жасыл энергетиканың қатарына қосты. Өйткені атом энергетикасын өндіру барысында көміртегі бөлінбейді. Шын мәнінде, көмірден шығатын парниктік газдың экологияға залалы көп. Осы себепті озық елдер атом энергетикасын дамытуға күш салуда. Өркениет өрісі бізге атом саласын дамытуды талап ететіндей.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button