Басты ақпаратҚоғам

Тілдер: жүйелі жұмыс жүргізілуде

Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп аталмыш басқарманың жұмысымен, жоспарларымен ­таныстырды.

Оқушылардың 65 пайызы қазақ сыныбында оқиды

Оның айтуынша, жыл са­йын 1500-2000 қала тұрғыны қазақ тілін тегін оқиды. Оның 40 пайызы – өзге этнос өкілдері. 110 мемлекеттік қызметші ағылшын тілін оқу курсына қатысады. Қазақ және ағылшын тілінде сөйлесу клубтары жұмыс істейді. Оған көбінесе өзге этнос өкілдері шақырылады. Бұған қоса, кәсіпкерлерге арналған интенсив қазақша курс­тар бар. Мұны қаладағы біраз кәсіпкер, сатушы, қызмет көрсетуші персонал оқып келеді. Әртүрлі сала мамандарына қажет аударма сөздіктер дайындалып, электронды форматта «Атамекен» палатасы арқылы кәсіпкерлерге таратылуда.

«Танымал мотиваторлар мен тіл жанашырларын тарта отырып, балабақша және мектептерде ата-аналармен, мұғалімдермен және тәрбие­шілермен кездесулер сериясы жүйелі түрде өтуде. Былтыр және биыл осы кездесулерге Оразкүл Асанғазы, Тұрар Сәттарқызы, Қазыбек Иса, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Дархан Мыңбай, Света Айтбаева, т. б. азаматтар тартылды. Жыл сайынғы кездесулер саны 200-ден асады» дейді Сәкен Есіркеп.

Аталмыш басқарманың Білім басқармасымен жүйелі жұмысы нәтижесінде биыл қала мектептеріндегі қазақ сыныбында оқитын оқушылардың саны 65 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде 2023-2024 оқу жылында 62 пайыз­ды, 2022-2023 оқу жылында 58 пайызды құраған болатын.

«Жақында жастардан құ­ралған «Синтез» атты театр жетекшісімен таныстық. Өте білімді, патриот жан. Өнерлі жастардың басын қосып, театр ашқан. Жақсы спектакльдері бар екен. Сол спектакльдерді мектеп оқушылары алдында қою жоспарда бар» дейді басқарма басшысы.

Қаламгерлерді қолдау тұрақты

Оның айтуынша, Астана қаласындағы зиялы қауыммен жұмысқа негізгі жауапты – Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы. Бұл тарапта қаладағы 180 ақын-жазушы мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тұрақты байланыс орнатыл­ған. Жыл сайын қаламгерлерге қала әкімінің гранттары берілуде. Екі жыл бұрын 30 мың тиражбен проза және ­поэзия жанрындағы шығармалар жарық көріп, республика кітапханаларына таратылды. Бұған қоса, Семейдегі Абай еліне, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы еліне елордалық қаламгерлердің ғылыми және танымдық экспедициялары ұйымдастырылуда. Әкім Тарази, Төлен Әбдік сынды классик жазушылар мен ірі қаламгерлердің мерейтойлық шаралары мен шығармашылық кештері аталып өтуде. Басқарма жанында тіл жанашырларынан құралған «Тілге қолдау» кеңесші тобы жұмыс істеп, тіл белсенді­лерінің басы құралып, бір бағытта қыз­мет етуде.

 Ойындар арқылы тіл үйрету

Басқарма ұйымдастыратын рухани-танымдық және креатив шаралар қатарында мекемелер арасында әр тоқсан сайын өтетін «Қазақша куиз» зияткерлік ойынын, ай сайын Есіл жағалауы мен Арбатта әр ай сайын ұйымдас­тырылатын «Dombyra Party» шарасын атап өтуге болады. Мұнда қазақша әндер шырқалып, қазақша караокеден са­йыс ұйымдастырылады, викторина ойнатылады.

Басқарма ұйымдастыра­тын тағы бір іс-шара – «QazaqSham» қазақ тілді контент өнді­ру­шілерінің форумы. Бұл іс-шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.

«Сенат спикері осы айда өтетін кезекті форумға да қатысады деп күтілуде. Бұл форумға ірі медиахолдинг басшылары мен қазақ тілінде сапалы контент өндіріп жүрген креатив азаматтар жиналып, өз өнімдерін халыққа тарату, дамыту мәселесін талқылайды» дейді Сәкен Есіркеп.

 Мемлекеттік тілдің насихаты

Осы уақытқа дейін қаладағы 300-ден астам ірі билбордтар мен пилондарға қазақ халқының мақал-мәтелдері мен ұлы тұлғалардың нақыл сөздері, 500-ден астам автобустың ішкі салонына 1500-ден аса қанатты сөздер ілінді. 50-ден астам ірі сауда орнында 50-ден аса нақыл сөз аудиоформатта күніне 25 реттен аудиохабарландыру форматында берілді. 20 мыңнан астам жекеменшік көлік әйнегіне Мемлекеттік ту жалау­ша түрінде ілінді. «Қазақша сөйлеу – модада», «Ана тілің – арың бұл», т. б. қанатты сөздер көліктің артқы терезесіне жапсырылды. Басқарманың араласуымен «Астана такси», «Таксовичкоф», «Регион», «Яндекс такси» сынды такси компанияларының мобильдік қосымшалары қазақ тіліне көшірілді. Басқарма 2ГИС және Яндекс карталарына көше атауларын қазақ тілінде жазуға бастамашы болып, оны түпкілікті іске асырды.

Кассалық түбіртектер қазақ тіліне ауыстырылды

Басқарма «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойып, кәсіпкерлер арасындағы түсіндіру жұмысын, мониторингті бірге атқарады. 2024 жылы 2000-ға жуық эскиз қаралды. 163 бизнес өкілін жеке қабылдауда болды. Жыл басынан бері қала тұрғындарының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жіберген өтініштері негізінде тілге қатысты 687 бұзушылық жойылды. Ал «Астана-жарнама» мекемесімен бірлесіп, 2 мыңнан астам заңсыз, қате жарнама алынып тасталды. «Magnum», «Small», «QazaqOil», «Gelious», «Shaurma», «Mega Plaza», «Дария-2012», «Пивова­рофф», «Turandot», «Marwin», «Bahandi Burger», «Lavash Food», «Вкус Март», т. б. 2000-нан астам нысанның кассалық түбіртектері мемлекеттік тілге ауыстырылды. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, ПИК, МИБ өкілдерімен тоқсан сайын кездесу өтеді. Хабарландыру, қыз­мет көрсету саласында қазақ тілін кеңінен пайдалану қажет екені ескертіліп, тұрақты мониторинг жасалады.

Көше атауларының 90 пайыздан астамы – ұлттық атаулар

Бүгінгі таңда Астана қаласында атау берілген құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1173. Соның ішінде 18-і – даңғыл, 1151-і – көше, 4-еуі – тасжол. Атаулардың 90 па­йыздан астамы тарихи жер-су атаулары мен ұлы тұлғалардың құрметіне қойылған. Сондай-ақ елордада 60-тан астам білім беру мекемесіне белгілі ұлт қайраткерлерінің есімі берілді. Оның 40-қа жуығы соңғы 3 жылда іске асты.

«Ономастика мәселе­сі­ бойынша қалалық мәслихатқа жиі келіп тұрамыз. Астана қаласы ономастика жұмысы бойынша елімізде ең белсенді өңір саналады. Қаланың жай-күйіне үнемі талдау жасап, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді толықтай түзеттік. Ескі, апатты үйлерді ысыру бағдарламасы, т. б. себеппен жойылған немесе кезінде қаланың шеткі аймақтарына берілген ірі тұлғалардың есімдері орталыққа көшірілуде. Бұған Тәттімбет, Мұхаметжан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Қорқыт, Күлтегін, Нәзір Төреқұлов, Мәншүк Мәметова көшелерін мысал ретінде айтуға болады. Болашақта Міржақып Дулатұлы, Құрманғазы, т. б. бірнеше көшені де өзгерту жоспарда бар» дейді Сәкен Есіркеп.

Аталмыш басқарма биыл жыл басынан бері қала көлемінде Мемлекеттік рәміздерге қатысты 500-ге жуық әртүрлі форматтағы іс-шара өткізді. Атап айтқанда, мау­сым айында Республика, ­Бауыржан Момышұлы, Мәңгілік ел, Тұран, Александр Бараев, Қайым Мұхамедханов, т. б. даңғыл мен көшелердегі тұрғын үйлер мен ғимараттардың балкондары мен терезелеріне 2000-ға жуық Мемлекеттік ту ілінді. Оның алдында сәуір-тамыз айларында қаланың 63 мекемесінде (18 спорт, 13 мәдениет, 32 медицина саласы) Мемлекеттік рәміздерге мониторинг жүргізілді. Кемшіліктер мен ескертулер түзетілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button