Қоғам

Бизнес бастау оңай емес

Жыл басында business.enbek.kz порталында 2024 жылғы 8 сәуірден бастап бірінші лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталған еді. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1476800 теңге) құрайды, бұл қаражат кәсібін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісін жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге бағытталған.

Оған жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендермен қатар үш жыл ішінде жеке кәсібін хал-қадірінше дөңгелетіп жүргендер де үміттенеді. Бұл ретте грантқа өтінім бергендер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек. Біріншіден, мүгедектігі бар адамдар, «қандас» мәртебесі барлар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақы төленетіндерден болуы тиіс.

Тағы да ескеретін нәрсе, үміткердің «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 жылдың бер жағында арнайы кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Аталмыш қайтарымсыз мемлекеттік грантты кәсіпті жүргізуге қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға, бастапқы екі-үш ай көлемінде орынжайларды жалға алу бойынша ақысын қарастыруға арналған. Республика бойынша бірінші лекте 4500 адамға грант беру жоспарланып, алғашқы комиссия өз жұмысын аяқтап үлгерді. Астанаға шаққанда сол 4,5-ның ішінде 62 адамға 1476800 теңге бұйырғалы тұр.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтінішін қарау жөніндегі қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі үміткердің бизнес-жоспарын бағалай отырып, маңызды өлшемдерді қаперге алуы тиіс. Атап айтқанда, бизнес-идеяның бәсекеге қабілеті, бизнес-жобаның қаржы тұрғысынан өміршеңдігі, үміткердегі кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі мен оның жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі.

1 грантқа – 10 адам

Осы комиссияның мүшесі ретінде көп жайтқа қанығып, қайтарымсыз мемлекеттік гранттың тиімді-тиімсіз жағын сараптауға мүмкіндік болды.

Астанаға бөлінген небәрі 62 грантқа 600-ден астам үміткер арыз беріпті. Үміткерлердің бизнес-жоспарын қарап отырып, елордадағы шағын кәсіптің даму бағыты мен оның аясын анықтауға болады.

600-ден астам адамның жартысынан көбі жартылай дайын тағам өнімдерін өндіруді қош көреді екен. Оның ішінде глютенсіз тамақ өнімдерін өндіруге көп адамның талабы бар. Бұл сұраныс елордадағы ерекше балалардың артуынан туындаған. Науқастарға құрамында ашытқысы бар тағамдар зиянды болғандықтан, қазір ашытқысыз нанға, нан-ұн өнімдеріне сұраныс та көбейіп келеді. Үй тазалау, киім тігу және басқа да қызмет түрлерін ұсынғандар үміткерлердің екінші бір тобын құрайды.

Шарт бойынша жұмыссыз болып тіркелгендердің көбісінің, ресми болмаса да, яғни еңбек шартынсыз ақша тауып, айлық алып жүргендері жоқ емес. Бұрындары еңбек шарты мәселесі жақсы көтеріліп, жұмыс берушілерден талап етілетін еді. Қазір көз қысты, бармақ бастымен көп нәрсе шешіліп жатса керек.

Той жабдықтарын жасап та кәсіпті дөңгелетеміз дейтіндер өз заттарын алып көрсетіп жатты. Қазақи дүниемізбен нарықты толтырамыз, құрақ көрпе тігіп, қыз жасауын жабдықтаймыз дейтін ұсыныстар да жеткілікті көрінді. Мұндай ұсыныстар үйде отырған әйелдер арасында белең алғалы біраз болды. Қолөнершілеріміз де жоқ емес. Алайда олардың өнімдерін насихаттап, жәрмеңкелер өткізіп, қолөнердің бір орталықтан сатылуына жағдай жасалмағандықтан, нарықты қытай-қырғыздың өнімдері басып, «қазақи» дүниеміз гүлденбей жатыр. Грантқа алған 1476800 теңге де бұл мәселені шешпейді. Әйтпесе әдемі идея!

Бизнес-жоспар нақты ма?

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөзге көп адамның мән бермейтінін байқадық. Шамамен бизнес-жоспарды біреуге жүрдім-бардым жасатып, бір шаруаны тілге тиек етіп, комиссияны да, өзін де бастар ісінің болашағына сендірмек болғандарды да көрдік.

Осы күні әлеуметтік желі арқылы «үйде жасалған» бәліш, тұшпара, бауырсақ, пирог, тағы басқа тәттілерге тапсырыс беріп жатамыз. Солардың біразы қайтарымсыз гранттан үмітті болып комиссия отырысына да келді деуге болады. Көбінде санитарлық кітабы жоқ. Оның не екенін білмейтіндер де бар. Бірақ үйінен «пирожки» пісіріп, көшеге апарып сатып отыр.

Медициналық (санитарлық) кітапша – адам денсаулығының көрсеткіші. Оның жұқпалы немесе паразиттік ауруларының жоғын, сондай-ақ жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан ада екенін білдіреді. Жеке медициналық кітап иесінің патогенді стафилококкты тасымалдауға, гельминт жұмыртқаларына, бактериологиялық зерттеулерге және вирусты гепатит, ВИЧ маркерлеріне зерттеу нәтижелері жазылады. Бұл әсіресе қоғамдық тамақтану және тамақ өнеркәсібі объектілерінің жұмыскерлері, азық-түлік саудасы объектілерінің жұмыскерлері, азық-түлік тауарларын тасымалдаумен айналысатын адамдар мен крем-кондитерлік өндірістерге қамтылғандардан талап етіледі. Бұдан шығатын қорытынды: үйде жасалған өнімдердің бәрі талапқа сай келеді, сапасы ойдағыдай деп айтуға болмайды. Грант талабы бойынша олар кәсіби құрал-жабдықтарға тапсырыс береді. Егер нан өнімдері, жартылай фабрикаттар өндірушілердің мысалында алсақ, тоңазытқыштардан бастап ет тартқыш, электр плитасы, миксер, мультипекарь, ас үй комбайны – бәрі токпен жұмыс істейді. Осыған сәйкес өрт қауіпсіздігі шаралары қалай қарастырылады, көппәтерлі тұрғын үйлерді кішігірім өндіріс цехына айналдыру қаншалықты қауіпсіз деген сұрақтар да көбімізді мазалады. Тоқ етері, соншама жұртты алашапқын қылған грант мәселесін қайта қарау керек сияқты.

Бірінші нәрсе мүмкіндігі мен әлеуеті әртүрлі санаттағыларды бір топқа қосуы әділетсіз дер едім. Мысалы, жеңіл-желпі жұмысқа ғана жарамды 2-3-топтағы мүгедек неге асыраушысынан айырылған болса да, қол-аяғы балғадай, дені сау әйелмен грантқа таласуы керек?! Бұл тізімге қандастарды да қосыңыз.

Негізі, әр санаттағы адамдардың мүмкіндігіне қарай бөлек қарастырылуы дұрыс еді. Грантқа үміткерлердің арасында емізулі баласы барлар да, аяғы ауыр келіншектер де жүр. Әйел-ананың басты міндеті – кәсібін жүргізу емес, баласы қатайғанша үйде отырып, ұрпағының жағдайын жасау керегі көбіміздің санамыздан өшіп барады. Баланы туа салып жанталасып ақша тапқанын ерсі көрмейміз. Құдайға шүкір, бала 1,5 жасқа жеткенше мемлекеттің беретін азын-аулақ қаражаты бар, соны қанағат етіп, жылы жерде отырған дұрыс болар. Бұл жерде әйелдің құқығын шектегеніміз емес, сәбидің құқығын алға шығарғанымыз. Сол себепті келесі грант бөлу мәселесінде осы жайтты ескеріп, мұндай жағдайда аналардың қатысуына тыйым салынғаны жөн.

Үміткерлердің көбі – кәсібін бастағалы отырған нарықты бойламаған, арман-қиялына сеніп, егер тәтті тоқаш пісірсе, айналасындағылардың мақтағанына сеніп, содан көптеп жасап, оны сатпаққа ниеттенгендер.

Бүгінгі нарықта тәтті тоқаш пісіре білген аздық етеді. Үйде отырғандардың бұл іспен айналысқаны – құптарлық нәрсе. Әрі кетсе шай-пұлын шығарып алар. Алайда үйде жасалған өнімдерді өз бағасымен өткізетін орын ашылып, дүкендерде сатылып жатса ол да жақсы болар еді. Тоқашқа кететін шикізат бар, одан қалды жарық пен су, басқа да шығындарды есептей білуі тиіс. Осы ретте кәсіпкерлікті шын қолдау қажет болса, оның өнімдерін қабылдап, өткізетін де жағын қарастырған жөн.

Үйде отырып кәсіп ашу жолы қандай?

Сұрастырғанымызда көбінің қос-қостан дипломы бар, жоғары білімді мамандар екенін білдік. Көбі – баламен үйде отырып өз мамандығы бойынша жұмыс істмегендер немесе отбасында ерекше бала болғандықтан жұмыстан қол үзіп қалғандар. Бұларды да түсінуге болады. Экономист, заңгер, педагог, психолог сияқты мамандық иелері іс тігіп емес, өз мамандығымен де нан тауып жеуіне болар еді.

Егер көп жыл баламен отырып қарайып қалғандардың білігін арттырып, білімін жаңғыртып, өз мамандығына қарай жұмысты алып кететін жағдай жасаса, көп мәселе өздігінен шешілер еді. Бұл бір реттік гранттан да тиімді. Адам өзінің мамандығымен айналысып, өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Екінші мәселе: таңнан кешке дейін кеңседе отыра алмаймыз деп уәж айтатын, отбасында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың сөзінің жаны бар. Қаламызда күндізгі уақытта науқас балаларға қарайтын бірнеше арнаулы әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бірақ бәріне бірдей қолжетімді емес. Ерекше балалардың көп болуына қатысты бұл мәселе де бір грантпен шешілмейді. Бір мезгіл анасының бейнетін жеңілдететін, арасында өз тірлігіне де мойын бұра алатындай мүмкіндік беретін арнайы орталықтар көптеп ашылып, онда науқас балалардың да күтімін жасайтындай жағдайға жеткізу керек.

Қайтарымын зерттеу керек

Грант қоғамның осал тобына, мүмкіндігі шектеулі жандардың талабын қолдап, құрал-жабдықтарын алып беруге арналған. Есепсіз жатқан дүние жоқ. Салық төлеушілердің қаражатынан алынған бұл қаражат, біздіңше, қайтарымсыз болмауы керек. Егер тірлігі өнбей, 3 жылдай кәсібін алып кете алмады ма, онда алған құрал-жабдықтарды кері қайтарсын. Оған келесі лектің адамы иелік етіп, кәсібіне пайдалансын.

Зерттеуімізше, кейбіреулердің алдындағы екпіні қайтып, жүргізбек болған кәсібін аяқсыз қалдырып, алған затының үйдің бір бұрышында шаң басып жатқанын білдік. Кейде грантпен алған құрал-жабдықтарын жарты бағасына сатып жіберіп те жатады екен.

Масылдық дертіне шалдыққандар қоғамда жетіп артылады. Тегін жатқан дүние болған соң үміткерлердің ішінде нағыз ісін бастағысы келіп жүргендермен қатар, қайтарымсыз қаражатқа қызыққандары да кездеседі. Олардың арасын ашып, шын кәсіпкерге қолдау көрсеткен дұрыс.

Байқағанымыз, көп баласын, оның ішінде науқас баласы барын міндетсініп, «осы грантты дәл мен алуым керек» дейтіндердің дауысы өктем әрі ауыр естілді. Пенде болған соң жағдайын түсініп, аяушылық көрсетесің. Алайда грантқа өтініш берген 625 адамның дәл осындай құқығы бола тұра, небәрі алатыны 62 адам ғана деп айтқанмен түсінетіндер аз. Демек, тегін грантқа талас әлі де жалғаса бермек. Қол жетпегендері әкімдіктің табалдырығын тоздырып, «қырғын» салары сөзсіз. Олар комиссияның шешімімен келісер-келіспес, бірақ грант бөлудегі кемшіліктер түзелмей, қоғамның осал топтарының жағдайы біржақты болуы қиындау шаруа екені анық.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button