Нақты тапсырмалар берілді
– Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көптеген маңызды мәселелер қозғалды, нақты тапсырмалар берілді.
«Сарбаздар – мемлекеттің қорғаны, халықтың айбыны мен сақшысы! Отан қорғау борышын атқаруға кеткен сарбаз үйіне мүгедек боп оралуына жол бермеу керек. Әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты» деген Президенттің Жолдауда айтылған сөзінен қорғаныс министрінен бастап әскери офицерлік құрам нақты қорытынды шығаруы тиіс.
Денсаулық сақтау саласында да қордаланған кемшіліктер бар екені жасырын емес. Президент осы мәселеге де арнайы тоқталды. Мемлекеттік медициналық көмек берудің бірыңғай базалық үлгісін қалыптастыру қажет екенін ескертті. Адамдардың порталдан айлап кезегін күтуге мәжбүрлемеуге тиіспіз. Жедел әрі сапалы емдеуге бейімделу – денсаулық сақтау саласы мамандарының басты мақсаты болуы шарт.
Бүгінгі таңда несиенің өсім салмағы халықтың арқасына батып бара жатқаны жасырын емес. Несие алушының құқығының сақталуы, қаржылық сауаттылық, еселенген қарыздың тым жоғары пайызбен берілуі секілді кемшіліктердің түйінін шешетін кез келді. Бұл тұрғыда Президент: «Банктер туралы жаңа заң қажет» деді. Қолданыстағы заңға нәтижелі өзгерістер қажет екендігі ақиқат.
Әкімдер, өңір басшылары бөлінген қаржыны игергеніне тоқмейілсімей ауқымды инвестициялық жобаларды тартуға икемделуі тиіс. Бұл олардың жұмыс көрсеткіштерінің маңызды қыры болғанын қалаймыз. Жаңа реформаларды іске асыру үшін айтқанды орындап қана отыру жеткіліксіз. Президенттің алдыңғы Жолдауында айтқандай: өңір басшыларының дербес өз идеяларын іске асыруға қабілетті екіндігін халық сезінуі керек.
Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды ұсынды. Бүгінгі қоғамдағы құрметті төрден қарапайым еңбек адамдары өз орындарын алуы тиіс. Кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Кәмшат Дөненбаева секілді еңбек майданының даңқты тұлғаларының ізбасарларын бүгінгі жас ұрпақ құрмет тұтуы ләзім. Ең бастысы, бүгінгі ұрпақ кімнен өнеге алу керектігін айқын сезінуі тиіс.
Аманжол ӘЛТАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты