«Тарих таңдаған Астана»
«Нұрлы жол» теміржол вокзалында Қазақстан астанасының даму тарихына арналған «Тарих таңдаған Астана» атты фотоқұжаттық көрме өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараны «Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты» ММ ұйымдастырды. Көрмеде Астананың қалыптасуының түрлі кезеңдерін бейнелейтін шығармашылық жұмыстар ұсынылған.
Революцияға дейінгі кезеңдегі қала көріністері – алғашқы сауда үйлері, азаматтық ғимараттар, қала көшелерінің суреттері қойылған. XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы Ақмола уезінің қала ретінде қалыптасуымен және негізгі сауда орталығы ретінде орнығуымен тұспа-тұс келеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмола қаласынан үш атқыштар және бір атты әскер дивизиясы дайындалып, майданға аттандырылған.
Фототілшілердің жеке архив қорынан алынған Целиноград қаласының негізгі құрылыс алаңдары мен көріністері бейнеленген.
Елорданың қалыптасуының қазіргі кезеңі Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірумен және негізгі тарихи құжаттар – ел астанасын көшіру туралы ҚР Президентінің Жарлығымен және Ақмола қаласының атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы құнды құжаттар ұсынылған. Жаңа астананың құрылыс кезеңдері мен тәуелсіз Қазақстан дәуірін сипаттайтын құнды фотосуреттер де бар.
Келушілер экспонаттарға қызығушылық танытуда және өз әсерлерімен белсенді бөлісуде. Көрме бүгіннен басталып, тағы 4-5 күнге созылады.