Елорда тынысы

Халықтық штаб жұмысын бастады

Amanat партиясының Астана қалалық филиалында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың ашылуы өтті. Іс-шараға штаб өкілдері, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазанның 4-іне дейін жалғасатын штаб жұмысы АЭС бойынша түсіндірме,  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

«Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда референдум өтетінін жариялағаннан кейін рес­публикалық және өңірлік деңгейде Халықтық штаб құрылды. Елордада да Халықтық штаб жұмыс істейді. Оған 6 партия өкілі, 20-дан астам қоғамдық бірлестік кіреді. Дәл қазіргі таңда штабта 127 адам бар. Олар АЭС бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ АЭС-тің артықшылықтары мен маңызы туралы пікірлерді халыққа жеткізуде. Бұл саяси шешім – үлкен жауапкершілік. Ол барлығымызды бір ортаға біріктірді. Мемлекетіміздің мүддесі үшін саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, белсенділер штаб алаңына жиналды» деді Amanat партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.

Астана қалалық Халықтық штабтың ашылуы семинар-тренингке жалғасты.

«Қоғамда қорқыныш, үрей және көптеген сұрақтар бар. Ол сұрақтарға қарапайым тілмен жауап беруіміз керек. Сондай-ақ үрейді сейілтуіміз керек. Міне, сол үшін штабқа тек қана қоғам белсенділері емес, сондай-ақ энергетика саласының өкілдері, экологтар тартылды. Олар АЭС бойынша маңызды сауалдарды мамандармен бірге талқылап, халыққа түсіндіреді» деді М.Болысбек.

Атқарушы хатшының сөзінше, кез келген азамат Халықтық штабқа келіп, көкейіндегі сұрағын қоя алады.

«Әрине, сұрақ қойғысы келетін кез келген тұрғынға штабтың есігі айқара ашық, біз күнделікті жұмыс істейміз. Мұнда жауапты тұлғалар әрбір сауалға жауап беруге дайын» деді Мұхаммед Болысбек.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button