Қоғам

Кез келген еңбек – қадірлі

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы алдағы уақытта атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді айқындап, зор жауапкершілікті жүктеді.

Арамызда адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қаншама. Олар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл туралы Президент биылғы Жолдауында баса айтты.

Еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өйткені өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеріп, оларды өскелең ұрпақ өкілдеріне үлгі етуіміз керек.

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Президент.

Сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасы маған ерекше әсер етті. Бүгінгі таңда несиесі жоқ адам кемде-кем. Сондықтан бұл жоба азаматтардың қаржы сауатына бағытталған бірден-бір бастама деп ойлаймын.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте бірыңғай медициналық ақпараттық жүйенің құрылуы маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта науқастар бірнеше ай бойы кезек күтіп, сенделмес үшін арнайы бағдарлама енгізілсе, бұл жоба халық пен медицина қызметкерлері үшін тиімді болатынына сенімім мол. Ақпараттардың жоспарлы түрде бір жүйеге енгізілуі, яғни цифрландыру науқастар үшін өте қолайлы болмақ. Кезекті көп күтпеу үшін сол цифрландыру жүйесі бір жүйеге енгізіледі де, емханаға келу оларға оңай болады.

Президент Жолдауындағы тың жаңалықтар, ұтымды ұсыныстар еліміздің өркендеуіне, дамуына арқау болатын тұғырлы тұжырымға негізделген. Тоғыз бағыттың да толғауы терең, мәні зор. Ұлт саулығынан бөлек, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру, әскердегі әлімжеттіктің тамырына балта шабу, есірткі саудасына қарсы күресті күшейту сияқты көптеген өзекті мәселе айтылды.

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру тек Үкімет пен мемлекеттік мекемелерге жүктелмейді. Тапсырманы орындауға қоғам болып атсалысуымыз керек.

Гүлнәр БЕЙСЕНОВА, Астана қаласындағы №11 емхананың мейіргері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button