Архивті сақтау – маңызды жұмыс
Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаты қаланың мемлекеттік архивінің жұмысымен танысты. Аталмыш мекеме қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарайды. Басқарма басшысы Сәкен Есіркеп ведомствоның жалпы жұмысы туралы баяндады. Ал қалалық архив тынысы мен мәселелеріне мекеме директоры Жангелді Бимолдин тоқталды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
Басқарма бірнеше бағытта жұмыс істейді. Соның ішінде мәслихат депутаттарына тіл оқыту курстары, көрнекі ақпарат және жарнама мәселесі, ономастика, Мемлекеттік рәміздер бағыттарындағы жұмыстар туралы баяндалды. Бұған қоса, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты мектептер мен балабақшалардағы және зиялы қауыммен жұмыс туралы айтылды.
Астана қаласының Мемлекеттік архиві қызметінің негізгі бағыты – мемлекеттік есепке алуды жүргізу, Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын және пайдалануын қамтамасыз ету, ведомстволық архивтерге әдістемелік көмек көрсету, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін орындау. Мәслихат депутаттары осы жұмыстармен танысты.
Қазір архивте құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 298 047 парақтан тұратын 2 204 сақтау бірлігі цифрландырылды. Ал 654 сақтау бірлігі индекстеліп, «ААЖ МАА» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне жүктелді.
Ұлттық архив қорларын сақтау мақсатында 50 қор бірлігінің 6 996 парағы қалпына келтірілді. Бұл – 1928-1996 жылдардағы құжаттар. Архив қызметкерлері қалпына келтіру бағыты бойынша үнемі біліктіліктерін көтеріп отырады.
Астана қаласының Мемлекеттік архивіне жыл сайын орта есеппен Қазақстан азаматтарынан ғана емес, таяу және алыс шетелдерден де шамамен 8000-8500 әлеуметтік-құқықтық, тақырыптық сауалдар түседі. Сондай-ақ мемлекеттік органдардан (құқық қорғау және сот органдары, зейнетақы қорлары, сәулет және т.б.) 2000-ға жуық өтініш келіп түседі. Биыл осы жылдың 7 айында жеке және заңды тұлғалардан 3 907 сұрау түсті.
Қазіргі уақытта Астана қаласы Мемлекеттік архивінің архив қоймалары 4 ғимаратта орналасқан. Олар 98 пайызға толып қалған. Қоймалардың бір бөлігі тұрғын үй кешендерінде орын тепкен. Тұрғын емес үй-жайлардағы бейімделген уақытша архив қоймалары тиісті стандартқа сәйкес келмейді. Бүгіндері бос алаңдардың болмауына байланысты жинақтау көздерінен құжаттарды қабылдау тоқтатылды. Тек таратылған ұйымдардың құжаттарын қабылдау жүзеге асырылады. Сондықтан елорданың айрықша маңыздылығын ескере отырып, қаланың тарихи орталығынан Архивке арнайы ғимарат бөлу қажеттілігі туындады. Мәслихат депутаттарына осы мәселені қарастыру ұсынылды.