Елорда тынысы

Қалеки театры жаңа маусымын ашты

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа маусымы «Абай» спектаклімен ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 34-ші маусымы басталды. Жаңа маусым шымылдығы дәстүрлі түрде М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылды.

Абайдың ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрыптар мен әділетсіздікке қарсы күресі, оның терең ойлары мен философиясы сахнада айқын көрініс тапты. Актерлердің шебер ойыны көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

Аға Абай рөлін сомдаған Тілектес Майрамов пен жас Абайды бейнелеген Нұркен Өтеуілдің шеберлігі көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды. Қойылым аяқталғаннан кейін де актерлерге ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

Қойылымның режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков, хормейстері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Жұмашев, қоюшы суретші — Қ.Мақсұтов.

Айта кетейік, қыркүйек айының репертуарында театр М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Д. Рамазанның «Жошы хан», С. Тұрғынбекұлының «Шәмші» және тағы басқа спектакльдерді ұсынады.

Сонымен қатар, халық аспаптар ансамблі мен симфониялық оркестрдің концерттері де көрермен назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, «Қарагөз» трагедиясы Ақтауда өтетін ІІІ Халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестиваліне, «Войцек» драмасы Павлодарда өтетін «Ертіс-Баян» І республикалық театрлар фестиваліне қатысады.

Жаңа маусымның басты жаңалықтарының бірі — қазан айында «Фигароның үйленуі» спектаклінің премьерасы өтсе, желтоқсан айында «Парасат майданы» қойылымы көпшілікке ұсынылады.

 

Сурет: Дана Нұрбақыт/Kazinform

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button