Бір сыныпта – үйдің тұңғыштары
Елордада бір үйдің тұңғыштары ғана оқитын төрт бірдей сынып ашылып, оған 1-сыныптың 100-ден аса оқушысы қабылданды. Тың әрі жаңашыл жобаның жүзеге асуына Астана қалалық Ардагерлер кеңесі мен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы бастамашы болды.
Астанада ғана емес, республикада алғаш рет «Төлдің басы – тұңғышым» жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда мектептің төрт сыныбында 100-ден аса бала білім алады. Жалпы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясына жаңа оқу жылында мектептің 1-сынып оқушылары 13 сыныпқа қабылданып, бүгінде барлығы 335 бала оқиды.
Атауы айрықша бастаманы ашу қажеттігі туралы мектептің бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәриям Амангелдіқызы кеңірек тарқатты.
– Өткен оқу жылының соңында астаналық ардагерлер кеңесі тарапынан бір үйдің тұңғыштарын бөліп оқытып, оларға ұлттық тәрбие беруді тереңдетілген негізде жүзеге асырсақ деген ұсыныс түсті. Кейін мектебіміз де «тұңғыштар» сыныбын ашу идеясын қолдады. Әр үйдің тұңғышы сол отбасының «бренді» болуы керек. Себебі тұңғыш бала – өзінен кейінгі інісі, қарындасы, сіңлісіне үлгі. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, сол балаға қарап, олар бой түзейді.
Көбінесе жас отбасылардың тұңғыштары қабылданды. Жас ата-аналар үшін тұңғыш баласын өсіру – үлкен жауапкершілік, сол себепті қазақы дәстүр бойынша мұндай балалар ата-әжесінің қолында өсіп, тәрбиесін алады. Данагөй ақсақалдардың ақылына, ақ жаулықты әженің мейіріміне сусап, тәрбиеленсе, қазақилыққа бір табан жақын болып, салт-дәстүрге қанығады. Басқа балаларға қарағанда үйдің тұңғыштары ақылды болады, себебі ата-анасы жас, ал баласы ақыл тоқтатқан, өмір көрген ата-әжесінің тағылымын алады. Осы дәстүр жас отбасыларда кенжелеп қалмасын, ата-анаға қолдау болсын, әрі қарай мектеп қабырғасында да жалғасын тапсын деген мақсатпен жоба ашылды, – деді М.Амангелдіқызы.
Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Ал «тұңғыштар» сыныбындағы ұлттық тәрбиеге негізделген білім оқытылып, ата тегін, руын, туған жерін жетік білуі, бес саусақтың мән-мағынасын ұғу, «Еңбекке баулу сабағында» қолөнерге баулып, қамшы өру, ою-өрнек түрлерін ажырату, «Қуырмаш», «Бестемше», «Асық ату» секілді ұлттық ойындарды білуге басты басымдық беріледі. Одан бөлек, мектеп оқушыларына рухани-танымдық өлкетану саяхаттарын ұйымдастыру, қолөнершілермен бірге шеберлік сабақтарын өткізіп, белгілі ардагерлермен кездесулер ұйымдастыру жоспарлануда.
– Білім беру жүйесі мұғалім мен ата-ананың бірлескен жұмысы нәтижесінде тиімді болады. Бұл сыныптың мұғалімдерінің де ойы, санасы ұлттық құндылыққа бағдарланған болу қажет, осы бағытта арнайы жұмыстар жүргізілді. Баланың тілін сындырып, қазақы қылуды ұстаздар ана тілмен дарытып тәрбиелеуге айрықша назар береді. «Біртұтас тәрбие беру» бағдарламасы аясында қыркүйек еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы саналады. Сол себепті қазірдің өзінде балаларға еңбек туралы мақал-мәтел, өлең және ән жаттатып жатырмыз.
Айтқандай, жобаның өміршең болуы ата-анаға да тікелей қатысты. Ұлттық құндылық жас ұрпақтың бойында насихатталсын десек, бірінші кезекте ата-аналар ұлттық сананы сіңірген болуы керек. Мектепте берілген білім отбасында әрі қарай жалғасын табуы маңызды. Ермексаз секілді илеуіңе оңай көнетін баланы ұлттық қалыпқа салу да өз қолымызда. Сондықтан ата-аналар үшін оқыту семинарлары қарастырылып, оған аптаның демалыс күнінде арнайы уақыт бөлінеді, – деді М.Амангелдіқызы.
Ал бастауыш сынып мұғалімі Азиза Жұмабекқызы ата-аналар тарапынан сұраныс көп болғанын алға тартады.
– Әр отбасы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуді жоғары қою керек екені сөзсіз. Ата-әжесінің қолында өскен балалар көбіне тұңғыш болып келеді. Тұңғыштар сыныбына ата-аналардың сұранысы көп болды. Алғаш рет жүзеге асып жатқан жоба атауы көпшілікке таңсық естілді. Баласын беруге асыққан ата-әжелер тарапы әсіресе қуанды. Қарапайым сыныптармен салыстырсақ, білім беру бағдарламасы екеуінде де бірдей, стандарттан ауытқымаймыз. Басты мақсат – ұлттық сананы қалыптастыру. Күнделікті ұлттық ойын, дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты танымдық сабақтар пән арасында кірістіріліп, балаларға үйретіледі. Ал негізгі шеберлік сабақтары айына бір-екі рет өткізіледі, – деді мұғалім.
Білім әлеміне енді аяқ басқан тұңғыштар үшін білім беру жүйесінде бірінші рет енгізілген жобаның дәстүрлі түрде жылдан-жылға жалғасуы алдағы нәтижелі жұмыстан көрінері анық. Дегенмен еліміз бойынша игі бастама елордалық мектепте қолға алынғаны қуантады.
Индира Бержанова