«Ботай-Бурабай» музейіне саяхат
Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтің басшылығымен «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Бұл сапарға шыққандардың арасында қаланың барлық ауданынан ардагерлер болды. Экскурсияны ұйымдастыруға үлес қосқан Нелли Шиврина төрт сағаттық жол бойы Астананың тарихы туралы, Астана-Бурабай елді мекендері жайында қызықты мәліметтер берді.
«Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейі – Ботай дәуірі қонысының туристік сәулеттік-мәдени ансамблі. Нысан 2018 жылдың 7 шілдесінде ашылған екен. Кешеннің тұрғын қоныстары (барлығы 7 үй) бір-бірімен жерасты өткелдері арқылы өзара қосылған және әрқайсысы өзінше бірегей құрылыс. Музей энеолит (тас-қола, қола ғасыры, б.д.д. 4-3 мыңжылдық) дәуірін сипаттайды. Бөлмелерде балауыздан істелген фигураларлармен таныса алдық: тайпа көсемінің мүсіні, қолөнерші ер адамның бейнесі, қымыз дайындаумен айналысатын Ботай әйелінің бейнесі, рухани қасиетті тұрғын үйде шаман фигурасын көрдік. Музейде ағаш, тас өңдеуді, қыш ыдыстарды, қару-жарақтарды да тамашаладық. Экскурсия жүргізушісі, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін Юлия Кузьменко, Ботай мәдениетінің ерекшелігі мен маңызы туралы әңгімеледі. Әлемде алғаш рет жылқы малы қолға үйретілгенін және дала өркениетінің ұлы жаңашылдықтары бастауы болғанының дәлелі екенін, жылқы мал шаруашылығының жаңа түрі көшпенді мал шаруашылығына бастау бергенін, айырбас, сауда-саттыққа жол ашқанын айтып берді. Ботай мәдениетін зерттеген, жылқыны алғаш қазақ жерінде қолға үйретілгенін дәлелдеген ғалым Виктор Зайберт туралы да мәлімет берді.
Тамаша танымдық экскурсиядан алған әсерден кейін біз келесі ойға келдік. Ботай үйлері – уақыт өте келе қазақтың киіз үйлеріне айналған ерекше сәулет стилі. Ол формасы киіз үйге ұқсайтын, үстіне күмбездер тұрғызылған, тереңдігі бір метр етіп қазылған баспаналар. Семантика туралы айтсақ, Ботай баспаналары әлемнің құрылымын көрсетіп тұрғандай. Дөңгелек формасы – жерді, шар тәріздес жабыны – ғаламды, тұрғын үйдің ортасындағы ошақ пен от күнді бейнелейді. «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музей ата-бабаларымыздың әлемдік мәдени қазынаға қосқан тарихи үлесін баяндап, бізді мақтаныш пен қуанышқа бөледі. Көкшенің ерекше табиғаты жақсы көңіл күй, демалыс сыйлады. Ардагерлер Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловке танымдық сапар үшін зор алғысын білдірді.
Күлзира ИСКАКОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы, философия ғылымдарының
кандидаты, профессор