Орталық референдум комиссиясы онлайн-семинар өткізді
Орталық референдум комиссиясы саяси партиялар, ҮЕҰ мен БАҚ үшін онлайн-семинар өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы Электоралдық оқыту орталығының алаңында саяси партиялардың, олардың филиалдарының, республикалық және өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап «Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ерекшеліктері» тақырыбында республикалық онлайн-семинар ұйымдастырды.
Семинар биылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ 2024 жылы сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының іс-шаралар кешеніне сәйкес өткізілді.
Спикерлер ретінде ҚР ОРК Төрағасының орынбасары Константин Петров, Орталық референдум комиссиясының мүшелері Сәбила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов сөз сөйледі.
Олар референдумды әзірлеу өткізудің құқықтық негіздері және практикалық ерекшеліктері туралы айтып берді. Атап айтқанда, референдум туралы заңнаманың жаңашылдықтары, науқанның мерзімдері мен кезеңдері, комиссиялардың өкілеттіктері, референдумды қаржыландыру, азаматтарды республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу, үгіт-насихат жүргізу, қоғамдық байқау, қоғамдық пікірге сауал салу талаптары, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова Қазақстанда энергия қауіпсіздгі мәселесіндегі АЭС-тің рөлі мен елімізде атом өнеркәсібінің перспективалары жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
Спикерлер баяндамаларынан кейін семинар қатысушыларынан 50-ге жуық сұрақ түсіп, олардың бәріне толықтай жауап берілді. Іс-шараға 300 адам қатысты, семинардың онлайн-трансляцисы 1000 қарау жинады.
Референдум қатысушыларының осы санаттары үшін оқыту шараларын өңірлік деңгейде аумақтық референдум комиссиялары өткізетін болады.