АЭС – «жасыл» энергия көзі
Шыны керек, қазақ қоғамында атом электр станциясына деген көзқарас екіұдай. Қолдайтындар да, қарсы пікір білдіретін азаматтар да аз емес. Біз атом энергетикасын зерттеп жүрген маман, ядролық физика бойынша «Болашақ» бағдарламасының түлегі Мейіржан ТЕМІРБАЕВПЕН сұхбаттасып, адамдардың күмәнді ойын сейілтетін дерек пен дәйекті білдік.
– АЭС салу мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Қаншалықты қажеттілік бар? Салудың маңызы неде? Осы сұрақтарға маман ретінде жауап берсеңіз.
– ХХ ғасырдың 50-жылдары атом энергетика саласы қалыптасып, даму жолына түсті. Озық елдердің экономикалық тұрғыда ілгерілеуінде АЭС маңызды рөл атқарады. Өйткені электр энергиясыз ешқандай саланы дамыту мүмкін емес.
Қазіргі уақытта әлемнің 31 елінде 192 атом электр станциясы жұмыс істейді. Бұл станцияларда 438 энергоблок энергия береді. Әлем елдеріндегі АЭС-терде 391878 мегаватт өндіріледі. Көшбасшылар тізімін АҚШ бастап тұр. Франция мен Жапонияда да АЭС саласы жақсы дамыған.
Дерек көздеріне сенсек, Ресейдің атом электр станциялары 25242 МВт электр энергиясын өндірсе, Оңтүстік Кореяда – 21442 МВт, Қытайда – 16703 МВт, Канадада – 14398 МВт, Украинада – 13835 МВт, Германияда – 12696 МВт және Ұлыбританияда 10902 МВт энергия шығарылады. Одан бөлек, Еуропа елдері – Швеция, Швейцария, Испания, Нидерланды, Бельгия, Чехия, Финляндия, Болгария, Венгрия, Румыния, Словакия, Словения, Латын Америкасында – Бразилия, Мексика, Аргентина, Азия құрлығында – Үндістан, Тайвань, Иран, Пәкістан және Оңтүстік Африка Республикасында АЭС-тер негізгі жарық көзі саналады. Осы елдердің көбі 40-50 жылдан бері АЭС-те өндірілетін электр энергиясын тұтынып келеді. Соның арқасында үлкен прогреске жетті. Өйткені мемлекеттік дамуы ресурсқа тәуелді. Көп мөлшердегі энергияны көмірмен, газбен жұмыс істейтін станциялар бере алмайды, тек АЭС қана қамтамасыз етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда электр энергиясына деген тапшылық орын алуда. Мәселен, солтүстік өңірлер Ресейден, оңтүстіктегі аймақтар Қырғызстан мен Өзбекстаннан электр энергиясын алады. Батыстағы жағдай да соған ұқсас. Тіпті Батыс Қазақстан облысы Қазақстандағы электр желісіне қосылмаған. Мұндай жағдайды оңтүстіктегі облыстар мен мегаполистерге де қатысты айтуға болады.
Жыл өткен сайын халық саны өсуде. Халықтың тұтыну қабілетімен бірге, өндіріс қуаты өсіп, бизнес субъектілерінің саны артады. Яғни электр энергиясына деген сұраныс өсе береді. Мәселені шешу үшін станциялар салу керек. Басқа жолы жоқ. Енді қандай станция керек десеңіз, мамандар АЭС-ке басымдық береді
Жыл өткен сайын халық саны өсуде. Халықтың тұтыну қабілетімен бірге, өндіріс қуаты өсіп, бизнес субъектілерінің саны артады. Яғни электр энергиясына деген сұраныс өсе береді. Мәселені шешу үшін станциялар салу керек. Басқа жолы жоқ. Енді қандай станция керек десеңіз, мамандар АЭС-ке басымдық береді. ЖЭС арзанға түскенмен, ауаға көмірқышқыл газын өте көп мөлшерде бөледі. Көмірқышқыл газының 65 пайызы ЖЭС-тан бөлінеді екен. Газдың бұл түрі ауаны ластаумен бірге ағаштар мен өсімдіктерге кері әсері көп. Ал АЭС көмірқышқыл газын шығармайды, сондықтан оны «жасыл» энергияға қосуға болады. Бізге энергия керек. Онсыз қараңғы түнекке қайта түсіп, өркениет көшінен қалып кетеміз. Ауа адамға қандай қажет болса, елдің дамуында энергияның қажеттілігі сондай деңгейде.
– Маман ретіндегі дәлел-дәйегіңізден АЭС-тің маңызын түсіндік. Дегенмен экологтар мен қоғам белсенділері тарапынан наразылық бар. Мұны қалай сейілтуге болады?
– АЭС салған озық елдерде де наразы топтар бар. Адамдардың өмірді тану көзқарасы әртүрлі. Сондықтан адамдар өзінің біліміне қарай ойын айтып, пікір алуандығын қалыптастырады. Бізге азаматтық қоғамның белсенділігі керек. Бұл тұрғыдан алғанда, ешқандай азаматтың пікір-пайымы дұрыс емес деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ АЭС салуға қарсы болып жүргендер ядролық физика туралы азды-көпті хабары болса, агрессия білдірмейтін еді.
Қазақстанда ядрофобия бар. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Семей топырағында қаншама ядролық сынақ өтті. Содан болар халқымыздың бойында үрей бар. Бұл АЭС-тер 70-жылдары салынған, алғашқы буындары. Сіз 70-жылдары шыққан телефон мен қазіргі телефондарды салыстыра алмайсыз ғой! Тура сол секілді АЭС-тердің қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыс бір орында тұрған жоқ, үнемі жетіліп, 3 және 3+ буыны қолданысқа енді. Қазіргі АЭС-тер 8-9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді. Тіпті станцияға ұшақ құлаған жағдайда, шыдайтындай етіп соғады.
– АЭС-ті «жасыл» энергияға қостыңыз. Бұл ойыңыз қаншалықты қисынды?
– Біріншіден, АЭС ауаға зиянды газдарды бөлмейді. Екіншіден, станция өнімі – уран толығымен жанбайды. Оны заманауи технологиямен қайта өңдеп, отын ретінде қайта қолданады.
– Атом энергетикасын зерттеп жүрген маман ретінде АЭС-тің жұмыс істеу үдерісімен таныстыңыз ба?
– Реакторды «зерттеу» және «энергия өндіретін» деп екіге бөлуге болады. Электр энергиясын өндіретін реакторлар мемлекеттің жоғары санаттағы стратегиялық объектісі саналады. Онда кіріп-шығу үшін арнайы мемлекеттік органдардан рұқсат алу керек. Сондықтан екінің біріне АЭС-тің жұмысымен танысу мүмкін емес. Ғылыми ізденіс үшін зерттеу реакторларына кіруге болады. Алматы қаласынан 20 шақырым жерде Алатау ықшам ауданында Ядролық физика институтының зерттеу реакторларының жұмысымен танысып көрдік.
– Зерттеу және энергия өндіретін реактордың айырмашылығын қалай түсіндіресіз?
– 1957 жылы Ядролық физика институты ашылса, 1967 жылы институт базасында су-су: екі контурлы зерттеу реакторы іске қосылды. Бұл реактордан 5-6 МВт өндірсе, электр өндіретін реакторларда 1000-1200 МВт энергия шығады. Екеуінің жұмыс істеу принципі ұқсас болғанмен, станцияда өндірілетін энергияның күш-қуатына қарай жабдықталуы әртүрлі болады. Мәселен, зерттеу реакторында алюминийден жасалған қондырғылар болса, энергия өндіретін реактордың өзегінде 1600-2000 Цельсий градусқа дейін көтеріледі. Оған шыдап беретін цирконийдің қоспасынан жасалған металдар қолданылады.
– Реактордың жұмыс істеуін қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз.
– АЭС пен ЖЭС-тің жұмыс істеуі ұқсас. Тек суды буға айналдырғанға дейінгі реакцияларында айырмашылық бар. ЖЭС-те қазандық болса, АЭС-те реактор өзегі болады. Реактор толық жабылған, оқшауланған. Соның ішінде уран отыны салынып, реакция жүріп (5 пайызға байытылған уран таблеткалары жылу нейтрондарымен әрекеттесіп, тізбекті реакцияға түседі, сол тізбекті реакцияны қадағалай отырып, сондай үлкен мөлшерде энергия алынады), энергия (жылу) бөлінеді. Тонналап көмір жақпайды. АЭС-тің ауқымына, түріне қарай 2-2,5 тонна уран отыны салынады. Сосын 2 жылдай тоқтаусыз осы отынмен жұмыс істейді.
– Қауіпсіздігі туралы не айтуға болады?
– АЭС-тің 70 жылдық тарихында әлем бойынша 3 елде төтенше жағдай орын алды. 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айлендте, 1986 жылы Чернобыльде, 2011 жылы Фукусима-1 станциясында. Алғашқы екеуі атом станциясының алғашқы буынына жатса, соңғысына табиғи жағдай әсер етті.
Қазіргі АЭС-тер 3 және 3+ буынына жатады. Бұлар қауіпсіздіктің барлық талабына жауап береді. Реакторлар толық автоматтанған. Егер АЭС-тің бір құрылымынан ақау шықса, автоматты түрде жұмысты өзі уақытша сөндіреді.
Біздің көрші елдер – Ресейде, Қытайда АЭС-тер жұмыс істеп тұр. Қытай соңғы 10 жылда атом энергетикасын қолдануға белсенділік танытып, көптеп станциялар салып тастады. Өзбекстан да АЭС құрылысын бастайды. Егер радиациясынан қорқатын болсақ, онда көрші елдерге АЭС-ті салдырмауымыз керек. Себебі онда апат болса, радиация біздің елге де тарайды.
– Ел арасында «Балқашта АЭС орнатылады, бұл көлдің экологиясына әсер етеді» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Балқаш көлінің суы АЭС реакторына тимейді. Су ЖЭС-тегідей жылу механикалық қондырғысымен жанасады. Экологтар айтып жүргендей, тонналап су кетпейді.
Станция бірнеше контурдан тұрады. Бірінші контурда табиғи су қолданылмайды, оған таза техникалық су керек. Бұл су ешқайда шықпайды. Сонда айнала береді. Оны тағы бір контурмен қаптайды. Тек төртінші контурында ғана табиғи су қолданады. Онда да суды салқындатқыш ретінде пайдаланады. Әрине, булану үдерісі орын алады. Дегенмен экологтар дабыл қағатындай көп мөлшерде су кетпейді. Мұнда 100 отынның 30 пайызы ғана жанады, ал қалғаны ядролық қалдық деп шығарылады. Бірақ жабық циклді отын қолдану болса, онда тағы да сол қолданылған отынды қайта өңдеп, 3-4 пайызы таза қалдық деп, қалғанын MOX-ядролық отынын өндіріп, қайта қолдануға болады.
– Атом энергетикасын дамытуда инженерлер мен ғалымдар шешуші рөл атқарады. Бізде мамандар жеткілікті ме?
– Көп адам біле бермейді, біздің елде бірнеше зерттеу реакторы жұмыс істейді. Біріншісі – Алатаудағы реактор. Екіншісі – Курчатовтегісі. Ақтауда БН-350 деген энергетикалық реактор болған-ды. 1964 жылы құрылысы басталып, 1973 жылы станциядан электр энергиясы өндіріле бастады. 1994 жылы жабылды. Яғни біздің елдің тәжірибесінде АЭС болды. Қазір зерттеу реакторлары жұмыс істеп тұр. Олай болса біздің елде тәжірибелі мамандар бар. Бүгінде отандық мамандар Жапония мен Франция секілді елдерде инновациялық атом электр станциялары жобаларына қатысатынын жақсы білеміз.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ядролық физика кафедрасы бар. Аталған оқу орындары жыл сайын 100-150 бакалавр мамандарын шығарады. Одан бөлек, 50 магистрант, 15 докторант білім алады.
АЭС-ті өзіміз салмайтынымыз анық. Атом энергетикасы саласында тәжірибесі бар жетекші елдің компаниясы алады. Бұл компания келісімге сай отандық инженерлерді өздері тағылымдамадан өткізіп, өзге елдердегі АЭС-тің жұмыс істеу үдерісімен таныстырып, тәжірибесін шыңдап, дайындайды. Маман мәселесіне алаңдаудың еш реті жоқ.
– АЭС бүгін немесе ертең салынбайды. Келешектің перспективалы жобасы ретінде қарастырайық. АЭС берілген жағдайда, ішкі нарықты қаншалықты өтеуі мүмкін?
– Есептеп көріңіз, бір реактордың қуаты 1000-1200 МВт-ті құрайды. Бұл Алматы секілді 2-3 мегаполисті электр энергиясымен қамтуға толық жетеді. Электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етуші ғана емес, экономиканың сабақтас салаларын дамытудағы қуатты катализаторы. Яғни экономиканы ілгерілетуде АЭС қызметіне жүгіну – өркениетті қоғамның бір көрінісі.
Сұхбаттасқан
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
P.S:Қазіргі АЭС-тер табиғи және техногендік экстремалды қауіптерге, соның ішінде үлкен магнитудалы жер сілкіністеріне төтеп береді. Көрші Өзбекстан да АЭС-ті қолдануға ниетті. Электр энергиясы мен интернет – төртінші өнеркәсіптік революцияның кілті. Онсыз әлем елдерінің көшінен қалып кетеміз.