Ілияс мұражайының тәлімі
Елордалық мектептердің санаулысында ғана мектеп мұражайлары бар. Солардың бірі – Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясындағы қазақ поэзиясының құлагеріне айналған ақынның мұражайы. Артынан мол мұра қалдырған қаламгердің биыл туғанына 130 жыл. Шығармашылығы мен тағылымды жолын дәріптеу мақсатында ашылған ақын мұражайына біз арнайы бардық.
Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында бүгінде 2181 оқушы білім алады, 139 ұстаз оқытады. Ал мектептің бірінші қабатында орналасқан мұражай 2022 жылы 29 сәуірде салтанатты түрде ашылды. Айтулы іс-шараға қалалық Білім басқармасы өкілдері мен бір топ қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі, сәулетші Жандарбек Мәлібек тұғырлы тұлға туралы ой толғап, «Ілияс ағамыздың аманатына адал болыңдар» деп оқушыларға батасын берсе, Қарағандыдан әдейі келген ақынның ұрпағы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актрисасы Нұржібек Жансүгірова, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов арнайы қатысып, оқушылар үшін танымдық орталықтың мән-мағынасын атап өткен еді.
Ал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы мұражайдың мектеп педагогикасындағы орны маңызды екенін баса айтып, мұндағы жәдігерлер қатары артатынын атады.
«Қазақ әдебиетінің төкпе жорғасы, алдына қара салмайтын тұлпары, биік бәйтерегі, жырдың алтын діңгегі, заңғар шыңы, қайталана бермейтін ғажайып құбылыс Ілияс Жансүгіровтің мектебіміздегі мұражайы екі жарым жыл бұрын ашылды. Сол уақыттан бері мұражай түрлі жәдігерлермен толығып жатыр. Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті де бар.
Биыл мектебімізде І.Жансүгіровтің туғанына 130 жылдық мерейтойына арналған «Ілияс жаққан шамшырақ» атты республикалық практикалық семинар өтті. Бұл семинарда Талдықорған қаласында орналасқан І.Жансүгіровтің мұражайынан алынған экспонаттар мен бірегей туындылар таныстырылды. Келушілерге «Құлагердей шабуылға құлын дайын…» атты қойылым, сонымен бірге ұлттық ойындар ойнатылып, «Ілияс жаққан шамшырақ» атты үш тілде REАD» жобасы, «Ілияс шығармаларындағы құндылықтарды оқыту әдістемесі», «Ілияс шығармаларындағы тарихи деректер мен ұлттық құндылықтар көрінісі» атты Workshop-тар өткізілді. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа ақын салған сара жолдың өнегелі тұстарын дарыту мақсатында «Ілияс салған сара жол» атты тақырыпта ашық алаң өтті. Жас өрендер үшін бұл іс-шараның берері мол болды деп санаймын.
Мектеп педагогикасында мұражайдың алатын орны ерекше. Себебі кез келген оқушы мұнда рухани-танымдық әрі тарихи мәліметтерді бойына тез сіңіреді. Әрбір оқушымыз мұражаймен жақсы таныс. Мектеп үшін әр аптаның бейсенбісі – мұражай күні. Оқушылар осы күні тың ақпарат алып, ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңірек біле алады. Мұражай алаңы – бірегей тәрбие құралы. Мұнда түрлі кездесулер ұйымдастырылып, сахналық қойылымдар қойылып, театр өнері де дәріптеледі. Бірнеше оқушымыз мұражайда гид қызметін атқарып, қазіргі таңда кәсіби мамандармен тепе-тең деңгейде таныстыра алатын болды» деп бөлісті өз сөзінде А.Нұртазақызы.
Атап өткендей, мұражай туралы толығырақ мектеп оқушыларының өздері көрсетіп, мол мағлұмат береді. Солардың қатарында бізді қарсы алған 11-сынып оқушысы Анеля Сатыбалдиева бар.
«Мұражайға кірсеңіз, алдымен мектебіміз туралы ақпарат беріледі. Оқу ордамыздың іргетасы 2007 жылы қаланған. «Ілияс жүрген сара жол» картасында алты Алаштың ардағы Ілияс Жансүгіровтің туып өскен жері, жер жәннаты Жетісудан бастап, Ташкент, Алматы, кейін Мәскеудегі Журналистика институтына түскені, білім қуып, жүрген жолы бейнеленген. Жалған жаланың құрбаны болған қаламгер 1938 жылы 26 ақпанда ату жазасына кесілді. «Қаралы күндер іздері» бөлімінде ату жазасына кесілгендердің тізімінде ақын 8-қатарда тұр.
Мұражайдың ендігі бір ерекшелігі – цифрлы технологиялардың қарыштап дамуымен ақынның өмір жолы туралы бейнероликтің «Галограмма» арқылы көрсетілуінде. Ақынның арнайы тапсырыспен салынған дизайнерлік портреті, құжаттарының, Ташкент қаласында басылып шыққан «Қызыл жалау» атты кітабының, төлқұжатының көшірмелері мен қаламгердің 100 жылдығына орай шыққан маркасы, отбасының суреттері мұражайдағы жәдігерлер қатарын толықтырып, ерекше сипат беріп тұр. Қаламгердің отырған үстелі тарихтан терең сыр шертеді десек болады. Өйткені мұндағы жазу мәшинесінің көшірмесі арқылы ақынның Жазушылар одағында жұмыс істеген кезіндегі бірталай туындылар шығарғанын елестете аламыз. Мұражайдағы стендтерде QR-код арқылы келушілер Ілияс Жансүгіровтің поэзиясы және прозасын сөйлете алады. Ілиястанушы ғалымдар туралы да ақпаратты таба аласыз.
Мұражайдағы ең құнды жәдігер – ақынның ең алғаш шыққан өлеңдер жинағының түпнұсқасы. Мұны ақынның немере-қарындасы Нұржібек Жансүгірова арнайы тарту етті.
Жас өрендер арасында ақын шығармашылығын насихаттау, олардың көркем әдебиетке құштарлығын арттыру мақсатында мектеп қабырғасында «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығымен бірлескен Ілияс Жансүгіров оқуларының қалалық, аудандық кезеңдері жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Сол секілді «Оқуға құштар оқушы» жобасы аясында өткен оқу жылында оқушылар арасында Ілияс Жансүгіровтің шығармаларынан үзінді оқу байқауы өтті. Нәтижесінде бірқатар оқушылар жүлделі орындарға ие болып, бас жүлдеге велосипед берілді.
Қазақ баласы түгел білетін – «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау», «аласа ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар», «белі бүкір, алысқа түкір» деген сияқты жүзге тарта жұмбақтарды алғаш жазып алған, редакциялаған, жеке кітап ретінде басып шығарған Ілияс Жансүгіров – балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Мектептегі музейді тамашалап жүріп оқушылардың ынтасына тәнті болдық. Өткенді ұмытпай, қайта одан өнеге алуға тәрбиелейтін оқу ошағындағы мұражайдың жас буынды ұлтжанды етіп өсіруге айрықша үлес қосатынын оқушылардың өздері де жақсы сезінсе керек.
Индира Бержанова