Мәдениет

Дүние дидарында – Димаш

Елорданың ең үлкен стадионында қазақ­тың маңдайына біткен жарық жұлдызы Димаш Құдайберген өзінің жеке шығармашылық концертін беріп, әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар алдында ел абыройын тағы да асқақтатты.

Түгел түркі бас қосқан V Дүниежүзі­лік көшпенділер ойындары аяқтала салысымен 13 және 14 қыркүйекте миллиондаған жүректерді жаулаған әртістің кешіне 80-нен астам елден қалың көрермен жиналды. Stranger деген атаумен өткен концерт өзінің креативтілігімен әрі есте қаларлық әдемі сәттермен, музыкалық қойылымдарға лайықталған шоумен ерекшеленді.

Димаштың салған әні мен шарықтаған үні әр бағдарламада жаңа қырынан көрінді. Ол көрермендерді әртүрлі дәуірлерге жетелейтін жиһанкездің рөлін сомдады. Димаштың арена күмбезінен төмен «Golden» әнін орындап түсіп келе жатқан сәті, «Smoke» әнінің түпнұсқасын жоғары деңгейде орындауы,  «Любовь уставших лебедей» әнімен бүкіл стадионды дүр сілкіндіріп әуе гимнастымен бірге аспанға ұшуы, «Наз», «Гүлдер», «Бірлік» және «Battle of Memory» би ұжымдарының бишілері мен барабандардың сүйемелдеуімен орындаған әрбір қайталанбас бағдарламасы көпшілікті сүйсінтті.

Димаштың француз тіліндегі «SOS D’un Terrien En Détresse» әнінің алғашқы ноталары естілгенде-ақ, залдағы өнерсүйер қауым ерекше ықылас танытып, қосыла шырқай жөнелді. Ал әнші өз сөзінде БҰҰ Халық­аралық көші-қон ұйымының Азия аймағы бойынша ізгі ниет елшісі ретінде жұмысқа тұрғанын мәлімдеді. Музыка арқылы әлемді сүйетінін, жаман ұлт болмайтынын айта келе мигранттардың проблемаларын қолдау мақсатында ағылшын тілінде де қысқаша айтып өтті.

Қазақстандықтардың ең сүйікті әндеріне айналған «Ұмытылмас күн», «Махаббат бер маған» және «Дайдидау» әндерін бүкіл стадион ықыласпен орындады десек артық айтқанымыз емес.

Димаштың ең көлемді туындысы экранда көрсетілген шағын фильм болды. Онда жаралы кейіпкер балаларды, отбасыларды және әртүрлі конфессиялардың дін қызметкерлерін бір аспан астына біріктіреді. Осы «The Story Of One Sky» әні шырқалғанда көрермендер бір деммен тыңдады.

Әрине, жеті тілде еркін шырқайтын Димаш қазақ әндерін де жаңаша форматта орындады. Концерттің соңы әрқашан қимас мұңмен және кездесуге деген үмітпен аяқталатыны бар. Сол сияқты «I am a Singer» жобасынан бері тыңдарманның сүйікті әні «Мұңды күз» бен «Let it be» әні әдемі бағдарламаның соңғы нүктесін қойды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button