Елорда тынысы

Халықаралық семинар өтуде

Астана қаласында экология мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтуде, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

Бұл – COP29 шеңберінде ашықтық туралы есептерді дайындауды жеделдету бойынша Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Шығыс Еуропа елдеріне арналған іс-шара.

Оны COP-29 Төрағасы – Қазақстан мен Әзірбайжан Республикаларының экология және табиғи ресурстар министрліктері бірлесіп өткізуде. Жиын «Транспаренттілік мәселелері бойынша екі жылдық баяндаманы (BTR) дайындауды жеделдету үшін Орталық Азияның, Оңтүстік Кавказдың және Шығыс Еуропаның мүмкіндіктерін кеңейту» деп аталады. Халықаралық семинар 16-18 қыркүйек күндері үш күн өтеді.

Семинарды ұйымдастыру серіктестері – «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі, «AIDA» Әзірбайжан халықаралық даму агенттігі және БҰҰ РКИК, ЮНЕП, БҰҰДБ Хатшылығы.

Іс-шарада, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев және Әзірбайжан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі У.Тагиева спикерлер ретінде сөз сөйледі.

Семинарға Әзербайжан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан, Армения, Қазақстан, Тәжікстан, Сербия және Түркия сияқты елдердің өкілдері қатысуда.

Транспаренттілік мәселелері бойынша екі жылдық есеп (BTR) – елдердің төмен көміртекті саясатының дамуын, сондай-ақ ОНУВ шеңберінде халықаралық міндеттемелердің орындалуын көрсететін құжат . Бұл құжатты барлық елдер екі жыл сайын Париж келісімі және БҰҰ РКИК тараптары конференциясының 18/СМА.1. шешімі шеңберінде БҰҰ РКИК хатшылығына ұсынуға міндетті.

Бұл іс-шара өңірлік өзара іс-қимылды жақсарту және халықаралық экологиялық міндеттемелер шеңберінде климаттық іс-қимылдарды күшейту үшін маңызды қадам саналады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button