Тозығы жеткен жылу жүйелері жаңғыртылып жатыр
Астана қаласындағы жылу жүйелері жыл сайын рет-ретімен жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Әйтпесе тозығы жеткен құбырлар апатты жағдайдың туындауына түрткі болып, тұрғындар зардабын тартатыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте, «Астана-Теплотранзит» АҚ басшылығы пресс-тур барысында инвестициялық бағдарламалар шеңберінде атқарылған жұмыстарды көрсетті.
Аталған кәсіпорынның басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Сейтқазиевтің айтуынша, инвестбағдарламалық жобалар былтыр бастау алған.
«Жылу жүйесінде өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері қолданылып келе жатқан құбырлар аз емес. Салдарынан апатты жағдайлар жиі тіркеледі. Бұл ретте, былтыр Петров көшесі, 18/1 мекенжайы бойынша 8(42)-ҚТ жылу трассасын және Уәлиханов көшесі, 9/1, 9/2 мекенжайындағы жылу трассасын қайта жаңарту жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл – жылу жүйесіндегі апаттың алдын алып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Биыл Жирентаев көшесі, 14-үйден бастап 16-үйге дейін жылу трассасын қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде 791 метр ескірген құбырлар жаңартылған. Жоба құны – 363 миллион теңге.
Сондай-ақ Сарыарқа көшесі, 17 мекенжайы бойынша тұрғын үй маңындағы жылу камерасынан бастап Сарыарқа даңғылы, 15, 17 үйлерге дейін бойынша жылу трассасын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Белгілі болғандай, төселіп жатқан құбырлар отандық өнімдер екен. Сапасына тоқталсақ, 25 жылға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.
Айта кетейік, «Астана-Теплотранзит» АҚ иелігінде 1000,931 км жылу трассасы бар. Олардың қалыпты жұмыс істеуі үшін алдағы уақытта да инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жаңғырту жұмыстары жалғасын таппақ.
Суреттер: Виктор Федюнин/ Kazinform