Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Таза қала шарттары қандай?

Елордада тұрғын үйлердің маңайы, көшелердің тазалығына қарның ашады. Астана деген атына лайық емес. Тіпті сән-салтанатты ғимараттардан көз тұнатын елорданың сол жағалауының өзі сондай. Үйден шыға салғанда аяғыңның астынан көретінің – қақырық пен түкірік, одан қалды кіреберістерде шағын урналардың аузы-мұрны шығып, қоқыстардың шашылып жатқаны. Тағы алыстай бере арнайы үлкен бактардың да лық толып, сыртына дейін шығып, ағып-тамып тұрғанына куә боласың. Олар желмен ұшып, үй ауласына, балалардың ойын алаңдарына таралады. Қоқыстар уақытылы жиналмайды емес, күн сайын таңда қаланың тазалық мекемесі жинап әкетеді, алайда көпке бармай бәрібір толған және шашылған қоқысты тағы көресің.

Біреудің үйіндегі тазалығында ешкімнің шаруасы жоқ, ал сырттағы тазалықты сақтау­да неге мәдениетіміз төмен? Аттап бассаң түрлі ауру таратуы мүмкін түкірікті табаныңа жапсырып үйіңе әкелу, көрінген жерде қоқыстардың шашылып, қаланың сәнін бұзуы қашанға дейін созыла береді? Бәлкім, қала халқы көбейіп, халықтың тұтыну деңгейі артып жатқаны себеп болар. Тазаланса да, қайта жиі толып қалар болса неге қалада қоқыс салу урналары мен орындарын көбейтпес­ке, әлде қоқыс жинап алып кету жиілігін арттырмасқа?! Қала тұрғындарының тазалық мәдениеті­нің де төмендігі аузы-мұрны толып тұрған урнаға көріп тұрып қоқыс тастауынан, қоқысты алыстан лақтыра салуынан, көшеде өзі немесе баласының қолындағы банан, т. б. қабықтарын кез келген жерге тастай салуға қымсынбауынан білінеді.

– Тұрғын үй секторында та­залық деген жоқтың қасы, қоқыс жәшіктері толып тұрады, аулалар да, кіреберістер де лас. Халықтың тазалық сақтау деңгейі нөл. Әкімдік алаңдар мен скверлер салып, аулада орындықтар, шамдар орнатып, тас төсеп, бордюрді жаңалап қояды. Обалына не керек, абаттандыру жұмысы қарқынды. Бірақ соны тұрғындар лезде шағып, сындырып тастап отыр. Менің айтарым, Үкімет шұғыл тұрғын үй қорын ашуы немесе тұрғын үйлерді басқарудың басқа схемасын қолға алуы керек. Ал көшеде көрінген жерге түкіру адамның тәрбиесіне байланысты. Ол – мәдениетсіздіктің нышаны. Тазалық сақтау керегін кішкентайынан баланың санасына құйып, тәрбиелеу керек, – дейді елорданың оң жағалауында тұратын Меруерт Есенбекқызы.

Мұндайда шетелдерді мысал етіп алға тартуға әуеспіз ғой, оған да өзгенің озық мәде­ниетіне тәнті болу, «бізде де неге солай емес?!» деген қынжылыс себеп болады.

– Жұмыс бабымен Еуропаның бірнеше елінде болдым. Ол жақтағы елдердің тазалығы бір-біріне ұқсас. Тас жолдың төселуінен бастап бір жүйеге түскен. Айта кетсек, әрбір тас жол еңіспен салынған, шет жақтарында су ағатын жолдары бар. Сондықтан жауын нөсерлетіп жауса да, 1-2 сағаттан кейін жаңбыр жаумаған сияқты болып тұрады. Себебі аққан су өз жолымен ағып кететін етіп қойған. Жол үстінде су тұрмайды. Сонымен қатар жасыл желекке өте қатты мән береді. Уақытында шабылады, тазаланады. Коммуналдық қызметі жоғары деңгейде жұмыс істейді, барлық заманауи техникалармен жабдықталған ірі-ірі ұйымдар бар. Көп жұмысты техника істейді. Сосын әр квартал сайын суы мен қағазы, сұйықтықтары түгел әрі жиі тазаланып тұратын биоәжетханалар қоюға қатты мән береді. Ит бағатындар да серуендетуге шыққанда қолына пакет алып жүреді. Көшеге шемішке қабығын тастау, түкіру дегенді мүлдем көрмедім, қорыта айтқанда, коммуналдық қызмет жоғары деңгейде, халқының мәдениеті де жоғары, – дейді елордалық тұрғын Руслан Бекенов.

Астанадағы тазалыққа жауапты мекеме – «Астана Тазалық» ЖШС өндіріс-техника бөлімінің маманы Тимур Қайырбекұлының айтуынша, серіктестікте қазіргі таңда 455 техника бар, жаз айларында күніне жұмысқа 180-200 техника жұмылдырылады. Сол сияқты жазда күн сайын 480 жол жұмысшысы мен 500 көлік жүргізуші жұмысқа шығады. Олар ауысыммен жұмыс істейді, тазалау жұмысы таңғы 6:00-де, екінші ауысым сағат 15:00-де басталады. Жақында 5 ауданнан бір күнде шамамен қолмен тазалау арқылы 288 жол жұмысшысының күшімен 3170 тоннадан астам, механикалық тазалау арқылы жыл басынан бері тамызға дейін 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. «Астана Тазалық» ЖШС-тен бөлек, қала тазалығына жауапты тағы 70 мердігер мекеме бар. Биыл жыл басынан бері бірнеше айда Астанада «Таза Қазақстан» экология акциясына 400 мыңнан астам адам қатысып, 6,3 мың арнайы техника жұмылдырылған. Олардың күшімен 20,5 мың тонна қоқыс шығарылыпты.

Өзге елдер тәжірибесі қалай?

Әрбір қаланың мақсаты – өз азаматтарына экология жағы­нан таза, қолайлы орта қалыптас­тыру. Сол үшін көптеген ресурс жұмсалады.

Тазалығымен әлемге үлгі Сингапур көшесімен жүріп өткенде жерден бір қоқым немесе шайналған сағыз қалдығын таппайсыз. Себебі бұл елде жер бетіндегі тазалық туралы ең қатал заң жұмыс істейді, салынатын айыппұлы да тым жоғары. Егер сізді қоқысты көрінген жерде тастап жатқан кезде ұстап алса, 1000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеп, қоғамдық жұмысқа жегілесіз. Ол заңды сақтау үшін жүздеген полиция патрулі адамдардың тәртібін қадағалайды. Шынын айтқанда, адамдар олардың қолына көп түсе қоймайды, себебі қалада аяқты аттап бассаң сансыз қоқыс жинау орындары қойылған.

Мінсіз тазалығымен әлемге аты мәшһүр Жапонияда таза өмірге тез бейімделіп кетесің дейді. Алайда бұл елдің бір ерекшелігі – көшеден не тазалық қызметкерін, не урна таппайтының. Сонда тазалығын қалай сақтайды? Алдымен мектепте оқушылардың тазалық жұмысына жұмылдырылуы. Сабақ біткен бойда бірінші және екінші қатардағы балалар сынып ішін, үшінші қатар дәліз бен баспалдақты, бесінші қатар әжетхананы тазалауға бөлінеді. Бұл тәртіпке ешкім де, балалардың ата-аналары да қарсы келе алмайды. Жапонияда тұрар болсаңыз, адамдардың көзінше сіңбіруді қоясыз, қолыңызды дезинфекциялайтын құралдарды жиі пайдалана бастайсыз, үйіңіздегі қоқыстарды 10 санат бойынша сұрыптауды үйренесіз.

Амстердамда кешке таман қоқыс басып қалуы мүмкін, алайда туристер кеткен соң, бірнеше сағат өтпей ол жер жылан жалағандай тазартылады. Өзге де туристік мегаполистерде жағдай сондай. Батыс Еуропа елдерінде де заңның қаталдығы мен ластағаны үшін салынатын айыппұлдың қомақтылығы және заңды бұзбау – қалалар тазалығының кепілі. Алайда қатал заңдарға қарамастан тазалық мәдениеті төмен жандар барлық жерде кездеседі. Сонда да болса тазалықтың сақталу-сақтал­мауы – бір елдер қаласының таза болғанын қалайтынында, ал бір елдер көше тазалығын бюджет қаражатын игеру ретінде ғана қарастыруында.

Өзгеріс өзімізден басталады

Осыған орай Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының мүшесі Мақсат Толықбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, елімізде тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама қажет екенін алға тартты.

– Бәріміз Жапония, Сингапур, Швейцария, Германия секілді дамыған елдердің тазалығына таңданамыз, өзімізге үлгі етеміз. Көршілес өзбек ағайындардың жасыл желекті жайқалтып, аулалары мен көшелерін мұнтаздай таза ұстайтынына тәнті боламыз. Алайда оның өздігінен болмайтынын, ол үшін әрбір азаматтың атсалысуы қажет екенін ұмыт қалдырып жатамыз. Тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Ең алдымен, азаматтардың санасын өзгертіп, тазалықты қоғамдық құндылық ретінде дәріптеуіміз керек. Қоғамда адамдардың қоршаған ортаны ластамайтын, қоқыс тастамайтын, мәдениетті орнықтыру қажет. Сондықтан мынадай ұсыныс айтамын:

  1. Ел Үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек.
  2. Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағатын өткізуді жолға қойғаны жөн, – деді депутат өз сауалында.

Қазақстанда ҚР Әкімшілік кодексіне сәйкес көшеде түкіру, қоқыс тастау, ластау секілді құқық бұзушылықтар үшін арнайы айыппұл қарастырылады. Айыппұл мөлшері бірінші рет құқық бұзғандарға 5 АЕК, құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 10 АЕК болып бекітілген.

Тұрмыстық мәдениетті көтеру керек

Қоғамдағы тазалық мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Ол осы жылдың қаңтар айында өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті туралы сөз қозғап:

– Бүгінгі таңдағы маңызды мәселенің бірі – қала тұрғындарының тұрмыстық мәде­ниеті. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің айналасындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай көшеге лақтыра салады. Жастар қоғамдық орындарда мәдениетсіз қылықтар жасап, құқық бұзушылықтарға жол береді. Осыған орай, мен мына мәселеге баса назар аударғым келеді. Елордамызды және басқа да негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек, – деді.

Экологтардың айтуынша, адам­ды мәдениетке жастайынан тәрбиелеу керек. Отбасында дұрыс тәрбие алған адам көшеде түкіріп, өзі тұрып жатқан айналасын ластамайды. Ал кейбір қоғам белсенділері қоғамдық орындарда түкіргендерге, қоқыс тастағандарға айыппұл салумен келіспейді. Себебі онсыз да әлеуметтік жағдайы төмен, жалақысы аз адамдарға айыппұл салу дұрыс емес деп санайды. Қазіргі уақытта құқық бұзудың мұндай түрі көшедегі камералар арқылы автоматты режимде де, полиция қызметшілерінің қадағалауы нәтижесінде де анықталуда. Кейде азаматтардың хабарлауы арқылы да белгілі болып жатады.

Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» экология акция­сы бастау алып, ел тұрғындары соған жұмылдырылуда. Дегенмен тазалықты сақтауға бұл да аздық етіп тұр. Себебі жинап кеткен жерді оңай шаша салатындар көп. Сондықтан «Тазалық – жинауда емес, шашпау­да» деген сөздің мәнін ұғындыру керек. Көптеген дамыған елдердің мінсіз тазалыққа қатал заңдар мен жүйелі кешенді тазалық жұмысын жолға қою арқылы келгенін көруге болады. Сондықтан Б.Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін басты ұстаным етіп алуымыз қажет. Сонымен қатар қала халқы санының артуына орай тазалық мекемелерінің де бюджетін арттырып, қаланы жиі тазалап тұруға екі есе күш жұмылдыру керек.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button