Қазақстанға АЭС не үшін қажет?
Шыны керек, дәл осы тақырыптың қызу талқыланып жатқанына бірнеше жыл болды. Атом энергетикасының перспективасын түсінетін мамандар АЭС-сіз экономикалық даму мүмкін емес екенін дәлелдеуде. Ал қоғам белсенділері Чернобыль апатын еске салып, атом радиациясынан сақтануға шақырады. Біз осының аражігін ажырату үшін ғалымдармен және энергетик мамандармен пікірлестік.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ
1954 жылы Мәскеу түбіндегі Обнинск қаласында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану басталып, дүние жүзі бойынша ең алғашқы атом электр станциясы жұмыс істей бастады. Сөйтіп, атом энергетика саласы қалыптасып, даму жолына түсті. Қазіргі уақытта әлемнің 31 елінде 192 атом электр станциясы жұмыс істейді. Бұл станцияларда 438 энергоблок энергия береді. Әлем елдеріндегі АЭС-терде 391878 МВт өндіріледі. Көшбасшылар тізімін АҚШ бастап тұр. Франция мен Жапонияда АЭС саласы жақсы дамыған. Ресейдің атом электр станциялары 25242 МВт электр энергиясын өндірсе, Оңтүстік Кореяда – 21442 МВт, Қытайда – 16703 МВт, Канадада – 14398 МВт, Украинада – 13835 МВт, Германияда – 12696 МВт және Ұлыбританияда 10902 МВт энергия шығарылады. Одан бөлек, Еуропа елдері – Швеция, Швейцария, Испания, Нидерланды, Бельгия, Чехия, Финляндия, Болгария, Венгрия, Румыния, Словакия, Словения, Латын Америкасында – Бразилия, Мексика, Аргентина, Азия құрлығында – Үндістан, Тайвань, Иран, Пәкістан және Оңтүстік Африка Республикасында АЭС-тер негізгі жарық көзі саналады. Біраз елде 40-50 жылдан бері АЭС-те өндірілетін электр энергиясын тұтынып келеді. Соның арқасында үлкен прогреске жетті. Өйткені мемлекеттің дамуы ресурсқа тәуелді. Көп мөлшердегі энергияны көмірмен, газбен жұмыс істейтін станциялар бере алмайды, тек АЭС қана қамтамасыз етеді.
Үндістан мен Қытай – әлемнің екі болашақ көшбасшысы саналады. 2025 жылы Қытай әлемдегі алғашқы бірегей атом электр станциясының құрылысын бастайды. Қытай билігі Гоби шөлінде торий балқытылған тұзына негізделген инновациялық атом электр станциясын салуды мақұлдады. Жаңа атом электр станциясы энергия алудың жаңа бағыт-бағдарын айқындайды. 1969 жылы Үндістан алғашқы реакторын салды. Содан бері атом энергетикасы саласын ілгерілетіп келеді. 2005 жылы қуаттылығы 540 МВт құрайтын Тарапур-4 станциясын іске қосты. Сөйтіп, ресми Нью-Дели елдегі реактордың санын 19 -ға жеткізіп, олардан 6290 МВт электр энергиясын алып отыр.
ҚАУІПСІЗДІК ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Енді атом станцияларының даму деңгейіне тоқталатын болсақ, АҚШ-тың Три-Майл-Айлендте, Украинаның Чернобыль станциясында апат орын алды. Бұлар атом станциясының алғашқы буынынан еді. Қазіргі АЭС-тер 3 және 3+ буынына жатады. Бұлар қауіпсіздіктің барлық талабына жауап береді. Бұл туралы ядролық физика бойынша «Болашақ» бағдарламасының түлегі Мейіржан Темірбаев айтып берді.
– Реакторлар толық автоматтанған. Егер АЭС-тің бір құрылымынан ақау шықса, автоматты түрде жұмысты өзі уақытша сөндіреді, – дейді маман.
Физика, математика және инженерия ғылымдарының PhD докторы Бақытжан Оразбековтің сөзінше, ядролық инженерия, архитектура саласының жетістігі зор. Тіпті 8-9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді. Сондай-ақ ұшақ құлаған жағдайдың өзінде станциясы қалыпты жағдайда жұмыс істей береді.
Соңғы жылдары Қазақстанда электр энергиясына деген тапшылық орын алуда. Мәселен, оңтүстіктегі аймақтар Қырғызстан мен Өзбекстаннан, солтүстік батыс Ресейден электр энергиясын алады. Тіпті Батыс Қазақстан облысы Қазақстандағы электр желісіне қосылмаған. Жыл өткен сайын халық саны өсуде. Халықтың тұтыну қабілетімен бірге, өндіріс қуаты өсіп, бизнес субъектілерінің саны артады. Яғни электр энергиясына деген сұраныс өсе береді. Үкімет осыны ескеріп, 2035 жылға дейінгі генерациясын екі есеге ұлғайтуды жоспарлады. Жоспардан бөлек, бізге қандай станциялар салу керек? Осыны шешіп алу маңызды. Бұл сұраққа академик Бірлесбек Алияров:
– Таразыға «арзан станция» деп салсақ, онда көмір жағатын жылу электр орталықтары басады. Егер қалдықсыз өңдеуді таңдасақ, онда уран арқылы іске қосылатын атом орталықтары басым түседі. Дұрысы, АЭС-тің де, ЖЭС-тің де өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар, – деп жауап берді.
Ал Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бойынша PhD докторы Дарын Бөргеков атом энергетикасы – «жасыл» энергияға жататынын, осы себепті АЭС-ке басымдық беру керектігін айтты.
– ЖЭС-ке қарағанда АЭС-тің экологияға зияны төмен. Қазіргі атом энергетика станциялары үшінші буынға жатады. Тіпті ауаға кері әсері жоқ деп есептеуге болады. Екінші жағынан, атом станциясының өнімі – уран толығымен жанбайды. Оны алып, заманауи технология арқылы қайта өңдеп, қайтып отын ретінде қолданады. Яғни атом станциясының шикізатын қолданып болғаннан кейін далаға лақтырып тастайтын қалдық емес, толық циклда пайдаланатын зат, – деді Дарын Бөргеков.
ЕКІ СТАНЦИЯНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?
– Уран мен көмірден қуат алатын станцияның айырмашылығы – ошақтан шығатын жылуында ғана. Бу шыққаннан кейінгі функция екеуінде де бірдей. Тек ошақтың ішінде жылу беретін көзі өзгеше, – дейді Бірлесбек Алияров.
Реакторды «зерттеу» және «энергия өндіретін» деп екіге бөлуге болады. Бізде 90-жылдарға дейін екеуі де болған. Дұрысы, Ақтауда БН-350 деген энергетикалық реактор энергия өндірді. 1964 жылы құрылысы басталып, 1973 жылы станциядан электр энергиясы өндіріле бастады. 1994 жылы жабылды. Қазір Алматы қаласынан 20 шақырым жерде Алатау ықшам ауданында Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары жұмыс істеп тұр. Сонда ғалымдар атом энергетикасының қыр-сырын терең меңгеріп, тәжірибесін шыңдайды.
– АЭС пен ЖЭС-тің жұмыс істеуі ұқсас. Тек суды буға айналдырғанға дейінгі реакцияларында айырмашылық бар. ЖЭС-те қазандық болса, АЭС-те реактор өзегі болады. Реактор толық жабылған, оқшауланған. Соның ішінде уран отыны салынып, реакция жүріп (5 пайызға байытылған уран таблеткалары жылу нейтрондарымен әрекеттесіп, тізбекті реакцияға түседі, сол тізбекті реакцияны қадағалай отырып, сондай үлкен мөлшерде энергия алынады), энергия (жылу) бөлінеді. Тонналап көмір жақпайды. АЭС-тің ауқымына, түріне қарай 2-2,5 тонна уран отыны салынады. Сосын 2 жылдай тоқтаусыз осы отынмен жұмыс істейді, – дейді энергетик маман Мейіржан Темірбаев.
БІЗДЕ МАМАНДАР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ядролық физика кафедрасы бар. Аталған оқу орындары жыл сайын 100-150 бакалавр мамандарын шығарады. Одан бөлек, 50 магистрант, 15 докторант білім алады.
– Атом мамандарымыз бар. Түркиядағы АЭС құрылысында 600 қазақстандық маман жұмыс істейді. Бангладештегі станция құрылысында 400 отандық инженер-энергетиктер атсалысуда. АҚШ-та, Францияда, Мысырда жұмыс істейтіні бар. Осы мамандар АЭС салынатын болса, елімізге бет бұрып келетініне сенемін. Тіпті кәсіби мамандарды өзіміз шақырамыз. Бұл мәселе емес. Елдегі университеттерде атом энергетикасы бойынша білім алатын студенттер аз емес. Олардың тәжірибесін шыңдап, дайындай аламыз. Сондықтан мамандарға байланысты мәселе жоқ, – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры, сарапшы-энергетик Жақып Хайрушев.
Ал Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың сөзінше, АЭС салу барысында 10 мыңға жуық атом саласының маманы керек. Станция іске қосылғаннан бастап 2 мыңға жуық маман тұрақты жұмыс істейді. Әрине, ел аумағында тәжірибелік станцияда және алыс және жақын шет елдерде атом электр станцияларында қызмет етіп жүрген отандастарымыз аз емес. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында мамандар дайындауға уақыт жетеді. Сондықтан кадр мәселесіне қиындықтар болмайды.
P.S: Ғалымдардың пікірінше, бір реактордың қуаты 1000-1200 МВт-ті құрайды. Бұл Алматы секілді 2-3 мегаполисті электр энергиясымен қамтуға толық жетеді екен. Оңтүстік өңірлерде халық санының жылдам өсіп жатқанын ескерсек, «Қазақстанға АЭС не үшін қажет?» деген сұраққа толық жауап берген секілдіміз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ