Референдум: үгіт-насихат жұмысы басталды
АЭС салуды қолдау жөніндегі Астана қаласындағы халықтық штаб үгіт-насихат материалдарын таратуды бастады. Оның құрамында 6 саяси партиядан және 20-ға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктен 250-ге жуық өкіл бар.
Халықтық штаб мүшесі, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, тиісті жоспарға сәйкес, халықты кеңінен қамтитын 447 қоғамдық маңызы бар іс-шара, соның ішінде сараптамалық кездесулер, пікірталастар және талқылаулар өткізу жоспарланған. Қыркүйек айында 274 іс-шараны, қазан айында 173 іс-шараны өткізу көзделген.
«АЭС құрылысы – жай ғана жоба емес, стратегиялық серпіліс. Бұл жаңа өндірістерге жол ашып, жұмыс орындарын құруға, инвестициялар тартуға және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – қуатты, энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз Қазақстанға жасалған қадам. Барша қазақстандықты өз таңдауын жасауға шақырамын» дейді Ерлан Каналимов.