Нашақорлық және лудоманиямен қалай күресеміз?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында қоғамға қауіп тудырып отырған бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюға шақырды. Соның екеуі – нашақорлық пен лудомания туралы айтқанда, есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтуды, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажеттігін атап өтті. Лудомания бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер екенін айта келе, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданғанын, Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдау керегін, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажеттігін айтты.
Биыл жазда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілді.
Жуырда Алматы қаласында Amanat партиясы әйелдер қанатының «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығы жобасы аясында отырысы өтті. Оған қатысқан Астана қаласы мәслихатының депутаты, №5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина биік мінберден нашақорлық пен лудоманияға қарсы күреске қатысты пікірін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.
«Президент биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі екенін шегелеп айтты. Осыған дейін қажетті заңнамалық шаралар қабылданғанын, бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте екенін атап өтті» деген Алтыншаш Табулдина өз ойын жан-жақты тарқатты.
Депутаттың мәліметінше, статистикаға қарағанда нашақорлыққа шалдыққандар саны азайып келеді. Бірақ оның пікірінше, бұл тек тіркелген фактілер ғана. Шын мәнінде, тіркелмеген жағдай өте көп.
«Лудомания да дәл солай. Статистика мен өмір арасында алшақтық бар екені белгілі. Лудомания да жаhандық дертке айналып, жеке адамдар ғана емес, тұтас отбасылар жапа шегуде. Аталған дертпен нағыз күрестің тиімділігін төмендетіп отырған келесі жағдайлар бар. Бірінші, пациент пен оның туыстары мемлекеттік мекемеге жүгінуден тартынады. Себебі ресми базаға еніп, кейін жұмысына, оқуына, карьерасына кесірі тиеді деп ойлайды. Сөйтіп арнайы мекемелерге хал-жағдайы қиындаған кезде көмек сұрап барады. Тәуелділігі артқан науқасқа дәрігердің көмектесуі қиындау екені түсінікті» дейді депутат.
Оның айтуынша, соңғы жылдары көбейген лудоман мен нашақорларға көмек көрсететін жекеменшік ұйымдарға бақылау кемшін. Олардың арасында лицензиясыз жұмыс істеп жүргендері кездеседі, алаяқтар да аз емес. Ал тәуелділіктен емделген адамдарды әлеуметтік бейімдеудің нақты тетігі жоқ.
«Бұл адамдар жұмысты жалпы тәртіппен іздейді. Сондықтан өзін дертке ұшыратқан ортадан шыға алмай, бұрынғы халіне қайта түседі. Әрине, істеп жатқан жұмыстар аз емес. Жақында лудоманияның алдын алудың кешенді шаралары туралы заң қабылданды. Бұл заң осы дертке тосқауыл болады деп сенеміз. Заң нормалары жүзеге асуы үшін аталған мәселелермен күресті қоғам болып жүргізуіміз қажет. Бұған ешкім бейжай қарамауы керек» дейді Алтыншаш Табулдина.
Депутат аталған кеселдермен күресте төмендегі ұсыныстарды айтады:
Біріншіден, тәуелділікпен күресті тиімді жүргізетін мемлекеттердің тәжірибесін жан-жақты зерттеп, тәуелділігі бар адамдарды анықтау мен емдеуді есепке алу саясатын гуманизация бағытында қайта қарау;
Екіншіден, халық арасында психиатр маманы мен психикалық денсаулық орталығы туралы жағымсыз көзқарасты жою бағытында ақпарат таратып, ашықтық тұрғысынан кешенді іс-шаралар қабылдау;
Үшіншіден, лудомания мен нашақорлықтан емдейтін және қолдау көрсететін ұйымдарға, меншік нысанына қарамастан, міндетті талаптарды пысықтау және олардың негізінде ведомствоаралық мониторинг жүргізу;
Төртіншіден, ремиссиядағы науқастың рецидивін болдырмау үшін емделгендердің әлеуметтік бейімделуіне, яғни жұмысқа орналасып, бұрынғы «ортасына» қайтпауына жағдай жасау туралы жаңа тетіктерді қарастыру;
Бесіншіден, аталған бастамаларды барлық мүдделі органдар, мамандар мен сарапшылар бірлесіп зерттеп, талдау жүргізу қажет.
«Шалыс баспайтын тұяқ болмайды. Дертке шалдықты деп ешкімнен үміт үзуге болмайды. Біз қандай да болмасын, қиын жағдайға тап болған азаматтарымызға қол ұшын созуымыз керек» дейді Алтыншаш Табулдина.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ