Болашақ ұрпақ денсаулығы – бүгін маңызды
Өткен жылдың соңында еліміз бойынша 16 998 әйел жатыр мойны обыры диагнозымен тіркелді. Оның 834-і – Астана қаласында. Бұл туралы онкогинекологтар, иммунологтар, мемлекеттік орган өкілдері және басқа да қоғам қайраткерлері қатысқан АПВ-ға қарсы вакцинация туралы өткен дөңгелек үстел жиынында белгілі болды.
Жалпы, бұл ауру – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Жыл сайын 300 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұмады. Медицина саласының мамандары Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдерде онкологиялық аурулар арасында таралуы бойынша екінші орында тұрғанын айтады. Бұл ретте науқастардың орташа жасы 40-44 жасты құрайды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі екен. Ал 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.
«АПВ-ға қарсы екпе жатыр мойны обырының дамуымен күресудің жалғыз тиімді әдісі. 2024 жылдың 3-тоқсанында елімізде вакцинация бағдарламасын іске асыру басталады. Бұл, сөзсіз, осы ауыр аурудан болатын сырқаттану мен өлім-жітімді төмендетудің маңызды қадамы. Вакцинация бағдарламасын жүзеге асыру алдын алуға болатын аурумен күресудегі жоспарымыздың маңызды бөлігі» деп атап өтті елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 елінде қолданылып келеді. ДДҰ мәліметтері бойынша, 4 елде АПВ вакцинациясын енгізгеннен кейін аурудың таралуы айтарлықтай төмендеген.
Жиында осы салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар онкогинеколог Бақытжан Әлібекова вакцинациялаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жатыр мойны обыры – әйелдердегі онкологиялық аурулар арасында екінші орында. Негізгі себеп – адам папилломавирусы. Әзірленген вакцина инфекцияның алдын алуға көмектеседі және аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді» дейді маман. Оның айтуынша, аллергиялық реакциялардың ықтималдығы минималды – 100000 адамға 1 жағдай ғана. 10 жылдан астам жүргізілген зерттеулер вакцинацияның бедеулікпен байланысты емес екенін көрсеткен.
«Мен онкогинеколог болып 30 жылдан астам уақыт жұмыс істедім және жатыр мойны патологиясын емдеумен айналысамын. Бүгін біз жатыр мойны обырының «жасарып» бара жатқанын көріп отырмыз деп айта аламын: егер бұрын ауру 40-50 жастағы әйелдерде жиі кездесетін болса, қазір тіпті 25-26 жастағы адамдарда диагноз қойылады. Қазақстанда енді қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гардасил». Биыл біздің елде вакцинаның төрт валентті нұсқасы қолданылады, ол АПВ-нің бірнеше түрінен тиімді қорғайды» деп түйіндеді Бақытжан Әлібекова.
Дәрігердің айтуынша, 11 жастағы балаларды вакцинациялау тегін жүргізіледі, ал ересектер оны емханаларда ақылы түрде ала алады. Әрине, бұл ретте негізгі салмақ білім беру орындарына түседі. Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Жамбылқызы екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізілетінін алға тартты. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.
Айта кеткен жөн, АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеген.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ