Қытайда өткен турнирде қола жүлдегер атанды
Астананың әйелдер арасындағы хоккей академиясының командасы Қытайда өткен турнирде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астананың әйелдер хоккей академиясының спортшылары алғаш рет жастар арасындағы шайбалы хоккейден «Мұз бен қардан Жібек жолы» халықаралық жарысына қатысып, қола медаль жеңіп алды. Турнир Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясында өтті.
Елордалық команда турнирге осы жылдың қаңтар айынан бастап дайындалды.
Академия директоры Бұлбұл Қартаңбайдың айтуынша, жарыс алдында қиындықтар болған. Атап айтқанда, тиісті жас мөлшеріндегі өзге әйелдер командалары тіркелмегендіктен ерлермен бәсекелесуге мәжбүр болды. Мұндай қиындықтарға қарамастан, қыздар командасы мықтылығын көрсетіп, үшінші орынға ие болды.
«Астананың әйелдер хоккей академиясының спортшыларының Қытайға сапары тарихи оқиға болды. Бұл олар үшін алғашқы халықаралық турнир болды, әсіресе жас спортшыларымыздың толқуы ерекше байқалды. Балалардың біразы, тіпті шетелге алғаш рет шығып тұр, тиісінше бұл – олар үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжәрибе», – деді Бұлбұл Қартаңбай.
Балалар турнирге үйрену, тәжірибе жинау, өзге елдердің командаларының қалай ойнайтынын көру үшін барды.