Алаяқтар астаналықтарды 2,5 млрд теңгеге алдап кеткен
Астанада 3200-ден астам интернет-алаяқтық тіркеліп, 540 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Өздерінің қитұрқы әрекеттерімен алаяқтар астаналықтарды 2,5 млрд теңгеге алдап кеткен.
Елордалық полицейлердің мәліметінше, соңғы уақытта WhatsApp мессенджеріне заңсыз кіру фактілері жиілеп отыр. Зардап шеккендердің атынан барлық контактілерге ақша қаражатын қарызға беру туралы өтінішпен шыққан олар бұл ретте үшінші тұлғалардың банктік шот деректемелерін көрсеткен.
WhatsApp жеке аккаунтына зиянды сілтемені пайдалана отырып, көрсетілген сілтеме бойынша өткеннен кейін алаяқтар астаналықтардың есептік жазбасына кіре алатыны анықталды.
Осыған байланысты полицейлер азаматтарды, әдетте, ұтыс ойынының жүлделері, балаларға дауыс беру, кез келген тақырып бойынша сауалнама түрінде күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге ескертеді, сондай-ақ ешбір жағдайда өздерінің жеке деректерін енгізбеуге шақырады.
Егер сіз күдікті сілтемеден өткен болсаңыз, қосымшада «Параметрлер» бөліміне өтіп, «байланыстырылған құрылғылар» қойындысына өтіп, есептік жазбаға параллель кірудің бар-жоғын тексере аласыз. Егер осы қойындыда сіз байламаған белгісіз құрылғы көрсетілсе, дереу осы сессиядан шығыңыз. Ең дұрысы, есептік жазбаңызды қорғауды күшейту үшін екі сатылы тексеруді қосыңыз.
Сондай-ақ егер сіз таныстарыңыздан қарызға ақша сұрайтын хабарламалар алсаңыз, алдымен сол досыңызға қоңырау шалып, оның қаражатқа мұқтаж екеніне көз жеткізіңіз.