Оқушылар «Нұрлы жол» вокзалына экскурсияға барды
Елордалық мектептердің оқушылары «Нұрлы жол» вокзал кешеніне барып, вокзалдың түрлі қызметтерінің ерекшеліктерімен таныс болды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Балалар ең бірінші тексеру орнымен танысты. Кейін анықтамалық бюроға, дикторлық кеңсеге, билет кассаларына барды. Ал перронда оларға теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелері туралы айтты.
Теміржолшының формасы мектеп оқушыларының қызығушылығын тудырды. Вокзал қызметкерлері балаларға теміржолшының формасын көрсетіп, оның әр бөлшегінің ерекшеліктері туралы айтып берді.
Іс-шара соңында балаларға жолаушыларға арналған ақпаратты өздері жариялауға мүмкіндік берілді, дәл осы сәт оларға үлкен эмоция сыйлады.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтардың жылы деп жариялады. Біз балаларға вокзалға экскурсия ұйымдастырып, теміржол қызметтерінің жұмысы мен мамандықтың маңыздылығы туралы айтып беруді шештік. Экскурсия танымдық болды және балаларға ұнады деген үміттеміз», – деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының атқарушы директоры Жұбан Көрпебаев.
«ҚТЖ «ҰК» АҚ осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.