Қоғам

Ядролық медицинаның дамуы мен перспективасы қандай?

ХХІ ғасырда медицина саласына инновациялық жобалар еніп, қарқынды дамуда. Әсіресе, роботтар күрделі оталарды жасап, адамның сауығып кетуіне жол ашты. Медицина саласындағы үлкен жетістіктің бірі – ядролық медицинаның игіліктері екенін айту керек. Ядролық медицина бірден бірнеше емдік және диагностикалық тәсілдерді біріктіреді – бұл радиоактивті фармацевтикалық препараттарды қолдану, қашықтықтан сәулелік терапия және жылдан жылға жетілдіріліп жатқан басқа әдіс-тәсілдер.

ХХ ғасырдың 70-80 жылдары медицина саласы ретінде ресми мәртебеге ие болды. Саланың дамуында АҚШ, Жапония және кейбір Еуропа елдері көш бастап тұр. Бүгінде медицинадағы ядролық технологияны кең қолданатын салалар – онкология, кардиология, ортопедия мен травматология, психиатрия мен неврология.

Алдымен отандық ядролық медицина қалай дамуда, соған тоқталсақ. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың сөзінше, әлем бойынша Қазақстан ядролық медицина саласында жетекші елдің бірі.

«2008 жылы елімізде ядролық медицина саласы қалыптасып, даму жолына түсті. Республикалық диагностикалық орталық базасында алғашқы ядролық медицина орталығы ашылды. Ядролық медицина – жасуша деңгейінде диагностика және зерттеу үшін радиофармацевтикалық препараттарды қолданатын сала. Ядролық зерттеулер компьютерлік томографиямен және магниттік-резонанстық томографиямен біріктіріледі. Қазақстанда ядролық медицина негізінен онкологиялық ауруларды диагностикалау үшін қолданылады. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары ауруларын, ми ауруларын, атап айтқанда неврологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік береді», – деді Айгүл Сәдуақасова.

Отандық атом өнеркәсібі соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп, жаңа бағыттар пайда болды, жаңа технологиялар енгізілді, жаңа орталықтар ашылды.

МЕДИЦИНАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

Радиофармацевтикалық препараттар арқылы нейроэндокриндік ісіктерді, простата обырын, миелоидты ауруларды, бүйрек ісігін, сүйек тінінің қатерлі ісігі, сілекей бездерінің қатерлі ісігі, ми ісіктері, өкпенің қатерлі ісігін, аналық бездің қатерлі ісігін, қуық ісігін, сүт безі қатерлі ісігін, тері қатерлі ісігін, бауыр ісігін, ұйқы безінің қатерлі ісігін, ішек қатерлі ісігін, қалқанша безінің қатерлі ісігін және басқа нозологияларды емдеуге болады.

Бүгінде «емдік атом» күрделі аурудан зардап шегетін адамдарды емдеуде мүмкіндік беріп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, онкологиялық аурулар әлемде өлімнің негізгі себептерінің тізіміне енгізілді. Жыл сайын 19,3 миллион адамға осы диагноз қойылса, 10 миллион адам қайтыс болады. Міне, ядролық медицина саласы қатерлі дерттерді емдеп, мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның өмір жасын ұзартуға септігі тиеді.

Соңғы 20 жылда әлемде бойынша ядролық кардиология саласы жетіліп, жүрек патологиясы бар науқастарды емдеуге мүмкіндік туды.

Кардиологтар миокардтың перфузиялық сцинтиграфиясын жүргізу үшін радиофармацевтикалық препараттарды пайдаланады. Бұл науқастың жағдайын дұрыс бағалауға және емдеу тактикасын шешуге мүмкіндік беретін жүректің ишемиялық ауруын диагностикалаудың ең жақсы әдісінің бірі. Процедура барысында науқасқа радиофармацевтикалық препарат енгізіледі, содан кейін оның таралуы гамма-камера арқылы талданады.

Ядролық технологиялар ортопедия мен травматологияда диагностикада жиі қолданылады. Рентген сәулелері мен сүйек сцинтиграфиясы көрсетпейтін буын патологиясы мен зақымдануды анықтауға көмектеседі.

Зерттеу жүргізу үшін науқасқа көктамыр ішіне радиофармацевтикалық препарат енгізіледі, ол денеде таралады және сүйек тінінде арнайы жинақталады. Зерттеу препаратын енгізгеннен кейін шамамен үш сағаттан кейін басталады, бұл қаңқа тінінің жағдайы туралы ақпараттық суретті алу үшін жеткілікті.

Тағы бір маңызды бағыт – психиатрия мен неврологияда ядролық технологияны қолдану. Позитронэмиссиялық томография (ПЭТ) және бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография (OFECT) әдістерін қолдана отырып, мидағы зат алмасу, ферменттер мен гендердің белсенділігі, церебральды қан ағымы туралы ақпаратты білуге болады. Ядролық технологиялар осы процестердегі өзгерістерді анықтайды,

ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНАНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Перспективалы бағыттың бірі – тераностика. Бұл термин бірден екі сөзді біріктіреді: «терапия» және «диагностика».

Тәсіл проблеманы анықтау үшін де, терапия үшін де бірден қолдануға болатын радиофармацевтикалық препараттарды қолдануға негізделеді. Бұған радионуклидтердің тераностикалық жұптарын пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.

«Австрияның Вена қаласында өткен МАГАТЭ-нің Бас конференциясының 68-сессиясына 178 елдің өкілдері қатысып, Атом энергетикасының негізгі мәселелерін талқылады. Конференция барысында тақырыптық сессиялар, екіжақты кездесулер, ғылыми форумдар және МАГАТЭ-ге мүше елдердің атом өнеркәсібі жетістіктерінің көрмесі өтті. Ғылыми іс-шараға арнайы қатысып, Қазақстандағы ядролық медицина саласының жетістігін және алдағы жоспарлары туралы баяндама жасадым. Біз МАГАТЭ сарапшылары Қазақстанда ядролық медицина мен ядролық технология қарқынды дамып жатқанына таңданысын білдіріп, жоғары бағалады», – дейді Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова.

Ядролық медицина орталығы циклотронды-өндірістік кешенінің басшысы Индира Тілеулесованың айтуынша, барлық 9 РФП өндіру арқылы бүгінде бір ғана 18F-FDG – фторглюкоздың көмегімен анық­тала қоймайтын нейроэндокриндік патология, қуықасты безінің обыры, ұйқы безі, бүйрекүсті безі, өкпенің және басқа да көптеген обыр түрін диагностикалау мүмкін болады.

Изотоптар немесе радионуклидтер ядролық медицинада диагностика үшін де, емдеу үшін де қолданылады. Изотоптарды жеткізушілердің әлемдік көшбасшылары ұлттық DOE (АҚШ), SCK-CEN (Бельгия), NRG (Нидерланды), ANSTO (Австралия) корпорациялары болып табылады. Бірнеше жылда отандық ядролық медицинаны ілгерілеп, әлем көшбасшы позициясында болатынына сенеміз.

«Discovery MI ПЭТ/КТ аппараты жоғары жылдамдықты сканерлеу режиміне ие әрі сурет сапасы диагностиканың ерекшелігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл арқылы өткізу қабілетін арттыру және пациенттердің зерттеу нәтижесін күту ке­зегі (қазіргі уақытта 3-4 айға дейін) азаяды. ПЭТ/КТ зерттеу өткізу қабілеті қазіргі уақытта жылына 3 мыңға дейін пациент қамтиды. Бұл орташа алғанда күніне 20 науқас. ЦӨК іске қосылғаннан кейін па­циенттер ағымын 1,5-2 есеге, яғни жылына 7 мың пациентке, күніне 35-40 зерттеуге дейін арттыру жоспарлануда», – дейді Индира Тілеулесова.

фото: opennews.kz

 Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button