Қазақстан өз АЭС-і болуға әбден лайықты
Былтыр ғана «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып, бүгінде зейнетке шыққан Қазақстанның Еңбек сіңірген энергетигі Серік Төтебаевпен АЭС салу мәселесіне орай хабарласқан едік. Саланың майын ішіп, жілігін шаққан білікті маман елімізде электр энергиясы көздерінің қандай түрлері барын, сол салаларда қандай маңызды және ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын баяндап, соңында АЭС салудың қаншалықты қажеттілігіне тоқталды.
– Сөзіміздің басын еліміздегі электр энергиясы саласындағы мәселелерден бастасақ. Себебі АЭС салу қажеттілігі сол қиындықтарға байланысты туындап отыр емес пе?!
– Электр энергиясының жетіспеушілігі, негізінен, кешке адамдар үйіне жиналғанда қатты байқалады. Ал жалпы Қазақстанда электр қуатының резерві бар, тек оны пайдалану көлемі әр кезде әрқалай. Біз инженерлер бұл жағдайды шын мәнінде өз қалпында көре аламыз. Сондықтан біздің күдігіміз келді. Қазақстан энергетикасының бүгінгі басты проблемасы бірден пайда болған жоқ. Кеңес кезінде бәрі жеткілікті болды, энергия қуаты сол кездегі тұтыну көлеміне сай келді. Алайда одан бері халық саны да, экономика да өсті. Есіңізде болса, 2005-2006 жылдары электр энергиясы қуатының жетіспеушілігі басталғанда Үкімет инвестицияға тариф алмастыру механизмін ойлап тапты. Бұл 2009-2015 жылдар еді. Сол кезеңде бағдарлама аяқталысымен энергетика министрлігі шамамен 3 мың МВт резерв қуаты барын мәлімдеген. Сол тұста көптеген стансалар өз резервін жақсартты, себебі инвестициялық деп саналған қосымша қаржы жақсы игерілді, министрлік оны қадағалады. Артынан 2015 жылы энергетиканы қолдаудың келесі механизмі іске қосылуы керек еді, алайда өкінішке қарай, қандайда бір түсініксіз себептермен ол шаруа 2020 жылға дейін кейінге қалдырылды.
– Елімізде электр энергиясын өндірудің көмір, газ, гидро және жаңғыртылған көздері бар. Солардың жұмысын жақсарта отырып, энергия тапшылығын азайтуға бағытталған қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Алматыда №8 қазандықты салдық, ол Алматыға қысты толық өткеруге көп көмектесті. Сосын қуаттылық нарығы есебімен Шардара ГЭС-ін қалпына келтіріп, оған 100 пайыз реконструкция жүргізілді. 2014 жылы Мойнақ су электр стансасы іске қосылды. 2022 жылы электр энергиясын тұтыну көлемінің күрт өскені байқалды. Бұл – жыл сайын халықтың тұтыну көлемі артып келеді деген сөз. Халық саны артуда, өнеркәсіп дамуда. Жетіспеушілікті жою үшін біраз жұмыстар атқарылды. Осы аралықта бірқатар бағдарламалар қабылданды, атап айтқанда, экология бойынша Ғылыми қолжетімді технология жобасы қолға алынды, осымен екінші жыл төмен көмірсутектілікті дамыту тұжырымдамасы қолданылуда, жаңғыртылған энергия көздері жылдам дамытылуда. Энергия тапшылығын азайту үшін Екібастұзтағы ГРЭС-те 500 Мвт қуаты бар бірінші блокты іске қостық, ол биылғы қысқа жақсы қолдау болды. Сонымен қатар Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру жобасы жүзеге асырылуда, Алматы ЖЭО-3-тің қуаттылығы 174 МВт болған, соның орнына 540 МВт газ және бу газды станса салу көзделіп отыр. Екеуі де сол бір алаңда. «Самұрық-Қазына» АҚ Түркістанда ПГУ, яғни бу газды қондырғыны іске қосуда. Оларға газ инфрақұрылымы жүргізіледі. Алайда газдың бағасы электр энергиясының құнына қатты әсер етеді. Осы аралықта республика бойынша Қызылордада, тағы 2 шағын станция оңтүстікте салынуда. Сонымен қатар Алматыдағы Каскад ГЭС-ке реконструкция жасалып жатыр. Бұдан басқа ауқымды жұмыстар еліміздің әсіресе, оңтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту үшін қолға алынып, қосымша стансалар салу, қолданыстағы нысандарды қайта құру, жөндеу, кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
– Халықты қалайда электр энергиясымен толық қамту үшін жасалып жатқан осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан жаңа АЭС салу қажеттілігі болашақтың қамы ма?
– 2018-2023 жылдар аралығында электр энергиясын тұтыну 9,4%-ға өскен. Алматыны электр энергиясымен, жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған ЖЭО жартысынан көбі тозған. Жылдан жылға жабдықтардың тозуы артып келеді. Одан бөлек, технологиялардың бұзылуы жиілесе де, тұтыну көлемі азаяр емес. Тек Алматы ЖЭО бойынша жабдықтың жалпы тозуы 70%-ға жетті. Стансалардағы жабдық іс жүзінде өзгерген жоқ. ЭГРЭС-1 және ГРЭС-2 блоктарында апат жағдайлары артты. Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» құрамында барлығы 23 компания бар. Соңғы бес жылда электр тұтынудың өсуі 9,4% немесе 9,7 млрд кВт/сағ құрады. Бұл ретте, жаңа қуат көздерін енгізудің төмен қарқынына байланысты қолда бар өндіруші қуаттар көздері электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Сондықтан жаңа қуат көздерін енгізудің қажеттілігі бар.
– Елімізде АЭС салынар болса, сонда жұмыс істейтін мамандар бар ма? Оның қалыпты жұмысын кімдер қадағаламақ?
– Кезінде Алматы энергетика және байланыс университетінде атом стансасы бойынша мамандар даярланатын. Атом стансасының жылу бөлігі Екібастұз стансасындағы турбиналармен бірдей. Біз оларды ұзақ жылдар бойы пайдаланып келеміз және аса бір мәселе туындаған емес. Сондықтан маман тапшылығына қатысты мәселе туындамайды деп ойлаймын. Атом электр стансасы дегеніміз не? Бұл да жылу стансасы, тек дәстүрлі жылу стансаларындағы қазандық орнына ядролық қондырғы тұрады. Ядролық қондырғылардың элементтері бізде бар, мәселен, Курчатов қаласында ядролық сала мамандары жұмыс істейді, олар ядролық қондырғыларды экспорттауға дайынбыз дейді. Сонымен қатар Алматы түбінде Ядролық физикалық институтты мамандар дайындауға база ретінде пайдалануға болады. Дегенмен бұл жеткіліксіз, себебі ондай мамандарды өте үлкен деңгейде дайындау керек. Шетелдердегі сондай ЖОО-дарымен бірлесе, әзірге станса салынып болам дегенге дейін 10-15 жыл бойына мықты мамандарды дайындауға болады. Алматы, Павлодар жылу саласында мамандар дайындайды. Бу турбиналары, генератор бойынша да мамандарды өзімізде дайындауға болады.
– Ал АЭС салатын орын ретінде Үлкен ауылының таңдалуына не себеп?
– Үлкен ауылы – жазы ыстық, қысы суық жер. Ол жерді таңдау себебі – оңтүстік пен солтүстік осы бір нүктеде тоғысатындығынан, яғни екі жақтан жоғары вольтты электр желілері осы жерде түйіседі. Онда салынған станса электр энергиясымен екі жақты бірдей қамти алады. Өте сәтті жер. Әрине, қасында Балқаш көлі бар, бірақ оның жақын тұрғанынан да қорқудың қажеті жоқ. Себебі стансадағы судың бәрі онымен жанаспайды, Балқаштан қажетті су алынады, ол су химиялық тұрғыда өңделіп, өз ішінде жабық циклда айналымда болады. Балқаш суы АЭС салғаннан азайып кетпейді. Станса салуға Курчатов та дайын, алайда ол өңірге салудың бір проблемасы – электр энергиясын солтүстіктен оңтүстікке жеткізу қиындау.
– АЭС салудан Қазақстан халқы неге сонша қорқады?
– Қазақстан халқының қорқуының жөні бар. Себебі Семейдегі ядролық полигон кезінде әскери өнеркәсіпке жұмыс істеді. Ядролық жарылыстардан халықтың денсаулығы мен өміріне залал келіп, адамдар жаппай ауырды, содан қатты қорқып қалған, бұл санада теріс әсерін қалдырған. Генетикалық тұрғыда біз атомнан қорқамыз. Алайда әлемде атом энергетикасының дамуында прогресс бар. Сол көштен қалмауымыз керек. АЭС-ке ие болу – айтарлықтай дамыған елдің белгісі. Иә біз оны өзіміз сала алмаймыз. Қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін елдің АЭС-ін таңдауымыз керек. Біздің халқымыз өзінің атом энергетикасы болуына әбден лайықты. Сол үшін қанша нәрсе жоғалттық? Бұл бейбіт атом бізде де болуы керек. Әрине, атом стансасы Қазақстанның электр энергиясымен байланысты бүкіл проблемасын шешіп тастамайды. Бірақ АЭС қауіпсіздік пен энергетика диверсификациясы ретінде тұруы қажет. Көмір стансалары да әлі ұзақ уақыт жұмыс істейтінін білеміз. Олар да ескіреді, ауыстыруға тура келеді, жаңасы салына береді, олар базалық электр энергиясының көзі болады. Бізде осылайша бұрыннан бар көмір, газ, гидро, жаңғыртылған энергия көздерінің қатарына атом энергетикасы қосылады.
Райхан Рахметова