Руханият

Қонысбай Әбілдің аты берілсе…

Күні кеше ғана Астанада Қазақстанның халық ақыны, көрнекті қоғам қайраткері, журналист, сатирик, композитор Қонысбай Әбілдің туғанына 70 жыл толуына арналған «Әй-әй» ақын әлдиі» атты еске алу кеші өтті. Сонда сахнадан сөз сөйлеген ақынның курстас досы, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет елордада Қонысбай Іскендірұлының атына көше мен мектеп беріп, ескерткішін орнатуды ұсынды. Бәрі дұрыс, қолдаймыз. Бұған біздің де қосарымыз бар.    

Бүгінде Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жанында «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істеп жатыр. Қонысбай Әбіл аталмыш басқарманың негізін қалап, бұл мекеменің мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ретінде құрылуына тікелей атсалысты. Сондықтан «Руханият» мекемесіне Қонысбай Іскендірұлының аты өзінен-өзі сұранып тұр.

Мұндай тәжірибе елімізде бар. 1998 жылдың 12 наурызында «Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жанынан Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығын құру туралы» сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаевтің № 43 бұйрығы шығып, оған осы орталықты құру жөнінде бастаманы бірінші болып көтерген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов басшы болып тағайындалды. Үкіметтің қаулысымен орталық 1999 жылдың қазанында өз жұмысын бастады. Яғни, келесі айда құрылғанына 25 жыл болады. Шайсұлтан Шаяхметовтің арманы бұл орталықты халықаралық деңгейдегі ұжымға айналдыру болатын. Алайда, бұл арманына жете алмай, 2000 жылы кенеттен дүниеден озды. 2008 жылдың 14 қаңтарында орталыққа ғалымның аты беріліп, ол Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетіне қарасты «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны болып аталды.

Қазір бұл мекеме Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ретінде жұмыс істеп жатыр. Осы үлгімен «Руханият» мекемесіне Қонысбай Әбілдің аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button