Басты ақпаратРуханият

Әлия-ғұмыр

Ел үшін от кешкен, майдан даласында қызғалдақ ғұмыры қысқа қайырылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына келесі жылы – 100 жыл. Оның ерлігіне тамсанып, әнімен тербелмеген жан кемде-кем. Әлия – айтылмаған ән, жолданбаған хат, ашылмаған гүл, аяулы тағдыр иесі. Биыл 14 қаңтарда Кеңес Одағы Батырының ерлікпен қаза тапқанына 80 жыл толды. Қобдалықтар биыл да дәстүрден жаңылмай, әдеттегідей, Әлияны еске алды.

Шын тегі қандай?

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы Бұлақ ауылында дүние­ге келген. 1944 жылы 14 қаңтарда Калинин облысының (қазіргі Псков) Казачиха ауылы үшін шайқаста қаза тапты. Ол 22-әскердің 54-атқыштар бригадасында мерген болды. 1980 жылы 29 желтоқсанда Ленинград ат­қару комитетінің шешімімен Красногвардейск ауданындағы батыр қыз тәрбиеленген №46 балалар үйі орналасқан Гурдин көшесіне Әлия Молдағұлованың аты берілді.

Әлия Молдағұлованың шын аты-жөні – Ылия Нұрмұхамбетқызы Сарқұлова. Нағашысы Әбубәкірдің естелігі бойынша Әлияның шын аты – Ылия («Ақтөбе» газеті, 2005 жыл, 22 қыркүйек). Бұл үлкен нағашы әжесінің атына ұқсас­тырып, ырымдап қойылған есім екен. Бірақ Ресейде оқып, кейіннен майданға аттанған кезінде алдымен Лия, сосын Алия (Әлия) атанып кеткен. Кей жерлерде оның есімін Ілия деп те келтіреді. Дұрысы – Ылия. Себебі Әлияның ғұмырын 40 жыл зерттеген әлиятанушы Ғалымжан Бәйдербестің кітабында және нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың естелігінде шын есімі Ылия деп жазылған.

Өз тегі Сарқұлова болғанмен, анасынан ерте айырыл­ған Әлия нағашы ағасының тәрбиесінде болып, соның тегін алған. Ленинградтағы балалар үйінде оның куәлігін қайта жасатқанда қате кетіп, тегі Магдагулова болады. Ол жөнінде Әлия соғыста жүріп Сапураға жазған хатында өзі де айтады. Хат 1943 жылғы 15 мамырда жазылған. Дегенмен тарих бетінде ол Әлия Молдағұлова деген атпен қалды. Оның құрметіне Әлия атанған қазақ қыздары бүгінде еліміздің қай тарабынан да кездеседі. Әлия­ның туған жылы 1925 болса, туған күні ресми түрде 15 маусымда.

Батыр қыздың туған жері – Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында есімін мәңгі есте сақтау мақсатында бүгінде Әлия атанған ауылда «Әлия» патриоттық орталығы жұмыс істейді. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі мен аталған орталық Әлия өміріне қатысты естеліктерді, құжаттарды жиып, келушілер назарына ұсынып отыр. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында ғимарат Әлия ескерткішінің жанына салынатынын жеткізді. Орталық 2025 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ашылады. Сондай-ақ жыл сайын Қобда жерінде «Әлия оқулары» байқауы өтеді.

Ерлігі әлі талай айтылады

Туған топырағынан жастай ажырап, ерте есейген Әлия­ның балалық шағы, есейген уақыты туралы деректер мұрағатта көп емес. Әсіресе Әлияның Мәскеу, Ленинград қалаларында білім алған, тәрбиеленген кезеңдеріндегі тәрбиешілері мен мұғалімдерінің, достарының естеліктері көп таралмаған. Осы естеліктерді оқып отырсақ, болашақ батыр­дың мінез-құлқындағы ерекшеліктер бірден танылады дейді Ә.Молдағұлова облыс­тық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Ақзер Колмурзина.

Ленинград қаласындағы №140 орта мектептің мұғалімі М.Голубеваның естелігінде: «Әлия досы Нина Быстровамен төртінші партада отыратын. Әлия кіп-кішкентай, салмақты, ойшыл, сергек қыз болатын. Оның тартымдылығы көз тартып, ұқыптылығы мен жинақылығы ерекше көзге түсетін. Жай күндері көкшіл түсті сәтеннен тігілген юбка, ал салтанатты мерекелерде көкшіл жүннен тоқылған ­матрос үлгісіндегі көйлек ­киетін. Ол мұғалімдердің бі­рінші көмекшісі болатын. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жалқау оқушыларды үнемі ұялтатын. Жазда табиғат аясына шығуды ұнататын. 6-7-сыныптарда ол староста болды. Балалар оны «біздің тынымсыз староста» деп атайтын. Сабақты үздік оқып, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарғаны үшін Әлия «Артек» лагеріне жіберілді. Соғыс басталып, Әлия Ленинградта қалды. Оны комсомолға қабылдады. Соғыстың кесірінен интернатқа босқындар келе бастады. Әлия олардың әрқайсысына қамқор болып, қайғысын бөлісуге тырысты. Біраз күн өткен соң Әлияның арықтап, әлсіреп кеткені байқалды. Бірде Невадан су алып келе жатып, балалар үйі есігінің алдында құлап қалады. Әбден әлсіреп, қалжыраған қыз­ды өз-өзіне келтіргенде, оның өзіне тиесілі нанның жартысын Катя есімді қызға бөліп беріп жүргені анықталды. Жұдырықтай жүрегі мейі­рім мен адамға деген ­ма­хаббатқа толы болған Әлия аса қысылтаяң, таршылық кезеңде өзінің аузындағы дәмін өзгеге бөліп беріп, адамдықтың асқақ үлгісін бала кезінен бағалай білді» деп жазылған.

Эвакуация кезінде Әлия­ның оқыған мектебі ­Ярослав облысы Некрасов ауданы Вятское селосындағы орталау мектептің мұғалімі Т.Суворова өз естелігінде: «Сыныпта қазақ қызы оқыды. Сымбатты қыз бала өте пысық болатын. Қара көздері шоқша жанып, ерекше көзге түсетін. Бұл Лия Молдағұлова болатын. Сабаққа өте ықыласты еді. Менің пәнім биологиядан барлық уақытта «4», «5» деген баға алатын. Мектепте ол Лида Новиковамен бір партада отырды. Лияның достары көп болатын. Ол пән үйірмесі коллективін құрды. Колхозшыларға көмектесіп, жау­ды жеңуге үлес қосты. Жазда астық жинап, малға азық даярласты. Жетім балаларға қамқоршы болды. Содан бері 25 жыл өтті. Әлия әлі көз алдымда. Орта бойлы, сымбатты еді. Бет-әлпетінде ұзын кірпікті әдемі қара көзі ерекше көзге түсетін. Күнделікті өмірде салмақты, аздап тұйықтау болатын. Өзі туралы аз айтатын. Ән айтқанды сүйетін. Қандай жұмыс болсын тез және шебер атқаратын. Мен оны қарапа­йым, бірқалыпты, барлық досымен ақжарқын күйінде есте сақтадым. Соғыстан хабарлар тыңдағанда, Лия өте мұқият тыңдайтын. Егер хабар суыт болса, оның қабағы түйіліп, өңі сұрланып кететін. Ол не ойлайтын? Мүмкін, сол кезде-ақ Отанының қорғаушысы болуды іштей шешкен шығар» деп жазды.

Мұрағаттарға сүйенсек, 1942 жылы желтоқсанда мергендер даярлайтын орталық әйелдер мектебі құрылған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қыздар келген. Оларда бір ғана мақсат болды. Ол – майданға аттанып, жаудан кек алу. Әлия Молдағұлова аталған мергендер мектебіне 1942 жылы желтоқсан айында қабылданып, 1943 жылы шілде айында бітіріп шықты. Мергендіктің түрлі әдісін білуге құштар болды. Мектепте тәртіп қатты, әрбір тапсырма мүлтіксіз орындалатын. Қыс мезгілінде жаттығу аязға қарамастан далада бас киімсіз жүргізілетін. Қыздар мұздай суға жуынатын.

1943 жылы шілде айында Әлия соғысқа аттанды. Алғашқы күннен-ақ Әлия жауынгерлер мен жолдастары арасында беделге ие болады. Бір аптада ол батальон қорғанысының алғы шебін аралап, жауынгерлермен, офицерлермен танысып, олардан неміс­тердің орналасқан аймағын, қай жерден жиі көрінетінін білді. Мерген қыздар Әлия Молдағұлова, Зина Попова, Надя Матвеева сол кезеңде қатаң әскер өміріне жылу әкеліп, жауынгерлерге сергектік, жеңіске деген сенім ұялатты.

Әлия Молдағұлова соғысқан 54-атқыштар бригадасының 4-батальонының алдына қо­йылған міндет – Дроздово, Семеновка, Мелихово селоларын жаудан азат ету, соғыс алаңын кеңейтіп, Смердель өзенінің сол жағалауын, Монаково жолын жаудан қорғау. Осылайша 14 қаңтар күні 54-атқыштар дивизиясы шабуылға шықты. ­Майор Ф.Моисеевтің ­батальоны ­Насвадан солтүстікке қарай 2,5 шақырым теміржолды кесіп өтіп, немістің 100 жауынгері мен офицерін жер жастандыра отырып, Воево селосын алды. Насваның өзінде әр көше, әр үй үшін кескілескен соғыс болды. Әлия бұл кезде де батальонның алдыңғы қатарында еді. Насва түбінде болған шайқаста Әлияның мылтығының оғынан отыз­дан аса фашист өлім құшты.

Батыр қызы сен халқымның

1944 жылдың 14 қаңтары өте ауыр күн болды. ­4-батальон Насваны алғаннан соң да неміс басқыншылары оған қарсы жаяу әскер мен танктерін жіберді. Батальон басына қиындық туды: Әлия қызмет ететін рота командирі қатардан шықты. Сын сағатта Әлия орнынан атып тұрып: «Бауырлар, Отан үшін, алға!» деп жүгіргенде, жауынгерлер атойлап, батыр қыздың соңынан көтерілді. Ол Казачиха деревнясы үшін болған ұрыс­та бірінші болып жау шебіне кіріп, өз автоматынан жаудыр­ған оқпен сегіз фашисті жайратып салып, неміс офицерімен бетпе-бет келді. Дәл осы сәт ізін суытпай әскери бөлімдерге таратылған листовкаларда жарияланды. Аталған құжатта: «Неміс офицері Әлияның күртешесінен тарта берген еді, қайсар қыз бұрыла беріп мылтығынан оқ жаудырды. Бірақ неміс бірінші болып атып үлгерген еді. Әлияның басы айналып, қан кете бастады, аяқ-­қолы әлсіреді. Соған қарамастан қолынан мылтығын түсірмей, соңғы күшін жиып, фашиске қарсы оқ жаудырды. Гитлершіл құлады. Бұл өлім аузындағы батырдың өлтірген соңғы жетпіс сегізінші немісі еді» деген сөздер жазылған.

1978 жылы журналист, Әлия Молдағұлованың өмірін зерттеуші Сейілхан Асқаров қырғыз елінде батальон командирі Федор Моисеевпен кездесіп, «Қазақстан комсомолы» газетінде онымен жасаған сұхбатын жариялайды.

 Әнім сенсің – Әлия

– Әлия Молдағұлова майданға кірген шақта жаудың аптығы басылмаған, азу тісі сынбаған кез еді. Алайда Әлия секілді шын патриоттар дұшпанның алапат күшінен, жарты әлемді қаймықтырған сұсынан қорықпай, өз басын қорғаламай, жеңіс үшін, болашақ ұрпақтың қамы үшін жан аямай соғысты. Қарап отырсақ, оның тағдыры да өз ұлтының азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресімен тағдырлас. Сондықтан біз айналдырған 18 жыл ғұмыр сүрген қаршадай қыздың ерлігін ғасыр­дан-ғасырға мақтан тұтып, тау­сылмас жыр ғып жеткізе бермекпіз, – дейді Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы Толқын Жаңабергенова.

P.S: Қазір жастар арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеудің орнына Батыс­тың, өзгенің мәдениетіне көбірек еліктейтін әдет пайда болды. Тіпті шетелге кетуді аңсап тұратындар аз емес. Біз ең бір қиын күндерде, қиын замандарда кең-байтақ жерін жанын сала қорғаған, бабалар ерлігін үлгі ете отырып, жас буынға тәуелсіз елімізді көзінің қарашығындай көріп, оны сақтау, дамыту, көркейту парыз екенін ұғындыра білуге күш салуымыз керек. Әлия Молдағұлова да ел басына күн туған шақта халқын, жерін жауға бермеу үшін атқа қонған қазақтың батыр қыздарының ізбасары. Оның ерлігі мен тағылымы жыл өткен сайын жаңғырып, жаңара бермек.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button