Басты ақпаратҚоғам

Жастарды қолдау жан-жақты

Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Қазіргі таңда мегаполистің үштен бір бөлігін жастар құрап отыр. Астана жастары республикалық және қалалық деңгейдегі саяси-әлеу­меттік іс-шараларға белсенді қатысуымен ерекшеленеді. Елордада жастар мәселесіне бағытталған бірқатар жобалар мен бағдарламалар іске қосылған.

Арман қуып, өзге өңірден астанаға келетін жастар көп. Қазіргі таңда мегаполистің үштен бір бөлігін жастар құрап отыр. Қаламыздағы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 455 мың адам болса, оның ішінде 135 мыңы – студенттер. Елорда жастарының бүгінгі келбеті қандай? Жаңашылдыққа ұмтылған жас буынды жан-жақты қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы ретте Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев жастармен жұмыстың нәтижелері мен саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмысындағы басымдықтар қандай?

– Жастар саясаты – кең ау­қымды, көпсалалы бағыт. Бас­қарма жастардың қолжетімді әрі сапалы білім алуы, жұмысқа орналастыру, жас отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамту, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жастардың волонтерлік қызметін ілгерілету, нашақорлыққа қарсы күреске басымдық береді. Басты мақсат – жастардың әлеуетiн елдiң одан әрi дамуы үшiн бағыттау.

Астана – жастар қаласы. Қала тұрғындарының үштен бір бөлігі – жастар. Яғни елордада барлығы 1 481,4 мың адам тұрса, соның ішінде 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың үлесі 455 мың адамды құрап отыр. Оның 290,3 мыңы – жұмысшы жастар. Одан бөлек астанадағы 15 жоғары оқу орындарында – 95 мыңға жуық, ал 35 колледжде 40 мыңға жуық студент білім алады.

– Жастарды толғандыратын негізгі мәселенің бірі – баспана. Қала жастарын тұрғын үймен қамтудағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Дұрыс айтасыз, бүгінде жастарға ғана емес, кез келген тұрғынға қаржы жинап, үй алу оңай емес. Осы орайда жастарымызды жан-жақты қолдау – біздің басты міндетіміз. Тұрғын үймен қамтамасыз ету қала басшылығының қолдауымен биыл да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Бүгінде жастарға арналған 2 тұрғын үй бағдарламасы бар. Оның бірі, «Елорда жастары» жұмыс істейтін жастарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау 1-6 ақпан аралығында және 3-10 қыркүйек аралығында өтті. Жалпы 2021 жылдан бастап 368 несие берілді. Сондай-ақ «Жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін пәтер» бағдарламасы жылдың соңына жоспарланған. Өтінім берген қатысушылар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша, ал пәтерлерді бөлу өтініш берушінің отбасы құрамына сәйкес жүргізілді. Іске қосылғалы бері бағдарлама аясында 3220 пәтер жалға берілді.

– Елорда жастарын жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Басқарма тарапынан аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Қаладағы жастардың қанша пайызы жұмыссыз?

– ІІ тоқсан қорытындыларына сәйкес Астанада жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ды (11,9 мың адам) құрады.

Жұмыспен қамту бағыты бойынша қалалық Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп, бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 9 мың жас қамтылды. Бүгінгі таңда елордада азаматтарды
жұмысқа орналастыру мақсатында іске асып жатқан үш бағдарлама бар. Олар: «Ал­ғашқы жұмыс орны», «Жас­тар тәжірибесі» және «Ұрпақтар келісімшарты».

«Жастар тәжірибесі» жобасы мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға көмектеседі. Оған колледжді немесе ЖОО-ны соңғы үш жылда бітірген жастар қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы 35 жастан аспауы тиіс. «Алғашқы жұмыс орны» жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетін арттыруды, оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнына бейімдеуді қамтамасыз етеді. Оған жұмыс іздеп жүрген ЖОО түлектері, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға, зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыс­тыруға арналған. Бағдарламаға екі жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектері қатыса алады.

Сонымен қатар, тоқсан сайын бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Бұл туралы хабарламалар @job_astana_jastary Instagram парақшасында жарияланып тұрады.

Жасөспірімдерді де жұмыспен қамтудың бір тетігі ретінде жыл сайын «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама – жастар мен балаларды экология мәдениетіне, табиғатты аялауға және еңбекке баулуға арналған игілікті бастама. Бұл жобаның биыл XX маусымы аяқталды. Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеу­ге қызығушылық танытқан жастардың саны артуда. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженері, технолог, монтаж-құрылыс жұмыстарының шебері) көмекшісі қызметтерін, қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндес­тік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Биыл жоба аясында 3 айда 4200 адам жұмысқа орналасты. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етілді.

Жас кәсіпкерлерді қолдау бағытында «Бастау бизнес» жобасын атап өтуге болады. Жоба – кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренем деушілер үшін таптырмас мүмкіндік. Кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында 1 305 жас оқудан өтті. Жоба іске қосылған күннен бастап конкурс­тық комиссия жастардың 505 бизнес-жобасын мақұлдады, 451 кредит төленді. Биыл 476 адамды қаржыландыру екінші жартыжылдыққа жоспарланған.

– Астананың белсенді жастарының дені «Астана жастары» жастар ресурстық орталығында бас қосады. Бұл орталықтың биылғы қызметі нәтижелі ме?

– «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы 2014 жылдың 7 ақпанында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында құрылып, биыл 10 жылдығын атап өтуде. «Астана жастары» ЖРО жастар саясаты саласында келесі бағыттар бойынша жұмыстарды жүзеге асырады:

  1. NEET санатындағы жастармен жұмыс;
  2. Еріктілер қозғалысын дамыту;
  3. Аула клубтарын дамыту;
  4. Құқықтық көмек көрсету және кадрлық жұмыс;
  5. Жастардың бастамаларын қолдау;
  6. Талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс.

Қазіргі таңда NEET санатындағы жастар үлесі – 6,4% немесе 27 866 адам. Оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін жастарды қолдауда JOLTAP жобасын айрықша атауға болады. Бұл – табысын арттырып, тұрақты табысқа ие болғысы келетін Астана тұрғындарына арналған мүмкіндіктер бағдарламасы. Қала тұрғындары 8 модульдік пункттеріне жолығу арқылы қысқа мерзімді оқытуларға жазыла алады. Осылайша, барлығы 4,3 мың азамат өтініш білдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша кеңес алды, жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдыларды қысқа мерзімді оқытуға жазылды. 8 жұмысшы мамандықтар қатарында тігінші, модельер-конструктор, бариста, сатушы-кассир, электр газбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқ киім жөндеу және кілттер дайындау, жиһаз дайындау негіздері бар. Одан бөлек, жастарға 7 цифрлік мамандықтар: SMM, таргет, мобилография, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн, негізгі сандық дағдылар үйретіледі.

– Жастар ұйымдары сөз болғанда волонтерлер қозғалысы еріксіз еске түседі. Қоғамдағы волонтер жастардың қызметін қалай бағалайсыз? 

– Кез келген адамның бойында қайырымдылыққа, қол ұшын созуға деген қасиет бар. Ал қайырымдылық пен волонтерлік – тұтас бір дүние. Волонтерлік қызметпен еңбектенген баладан еңкейген қарияға дейін кез келген адам айналыса алады. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жұмысындағы негізгі бағыттың бірі де сол – волонтерлік қызмет. 2020 жылдан бері қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штабтың қызметіне 30-дан астам волонтерлік ұйымдар, 20 бастамашыл топтар, мемлекеттік жастар саясаты саласында қызмет етіп жүрген 8 үкіметтік емес ұйым, республикамыз­дың 20 медиалық тұлғалары шақырылды.

Жас волонтерді қызметке қабылдамас бұрын жастар «Еріктілер мектебінен» өтеді. Аталған мектепте жас еріктілер әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындалады. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, жанжалдарды шешу модульдері енгізілген.

Бас қаладағы волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстар арасында «LIDER.KZ» жоғалған адамдарды іздеу үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып жұмыс істеп жүр. «Стоп-Отлов», «Теремок» ұйым­дары жануарларды қорғап, оларды өз панасына алуға жұмылса, медицина саласында «Қазмед жастары» бар.

Қоғамның ілгерілеуін волонтерлік қозғалыстың белсенділігінен байқауға болады. Соңғы жылдары жас буын осы қызметке қызығып, өз еркімен волонтерлер қатарына қосылып жатыр. Қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі концерт, жарыстар, жиын, кездесулерде олар өте белсенді. Мысалы, 4 шілдеде өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымдарының саммитіне 200 волонтер тартылды. Олар қонақтарды күтіп алу, алып жүру, қытай, ағылшын тілдерін аудару қызметтерін атқарды. Кешегі өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында келушілерге қолғабыс болған астаналық волонтер көп болды.

– Жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттердің ахуалына тоқталсақ. Олардың жатақханамен қамтылуы жайлы не айтасыз?

– Жалпы қаладағы жоғары оқу орындарының балансында 16 мың орындық 43 студенттік жатақханалар бар. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын болдырмау мақсатында 2023 жылы фронт-офис ашылған болатын. Оның негізгі міндеті – Астана қаласында жатақхана салу және студенттерді тұрғын үймен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау, әкімдік және Қаржы орталығы тарапынан оқу орындарына және әлеуетті инвесторларға заңдық, сараптамалық кеңес беру және қолдау көрсету.

Мысал үшін жақында «Тұран-­Астана» университетінің сту­­денттеріне арналған 100 орын­дық, Л.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінің сту­денттеріне 450 орындық жаңа жатақ­­ханалар ашылды. Жыл соңына дейін тағы 4 жатақхана ашу жоспарланған. Сонымен қатар, Астана әкімдігі жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.

– Басқарма өз жұмысында жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға айрықша назар аударатыны белгілі. Биыл шығармашыл жастарды қандай жобалар күтеді?

– Жастардың шығармашылық дамуы да назарда. Жыл сайын студенттер арасында «Жастар жалыны» жобасы іске асырылады. Барлық жоғары оқу орындарының студенттері 10 номинация бойынша бақ сынасып, жүлделі орынға ие болғандары ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Биыл мереке «Жастармен бірге» ұлттық жастар декадасы форматында өтті. Әр күн белгілі бір бағытқа арналды. Оның ішінде экологиялық мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, қайырымдылықты қолдау, еңбекқорлық қабілетті арттыру және тағы басқалары бар. Декаданың соңында open air форматында «Жастармен бірге!» фестивалі өтті. Белгілі әртістер келіп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жыл соңына дейін елорданың жас отбасылары арасында «Үздік жас отбасы» байқауы жоспарланған. Сонымен қатар, студенттер күніне фестиваль өткізу көзделіп отыр. Басқа да жыл бойы өткізіліп келе жатқан іс-шаралар өз жалғасын табады.

Индира Бержанова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button