Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған
Ұлттық құндылықтар туралы ақпараттарды ақтара қалсаңыз, әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары мен ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері, ұлттың рухани байлығы екенін аңғарасыз.
Ұлттық құндылықтар ұлттың баға жетпес қазынасы екенін, сол арқылы елдік рухты паш етіп, ықыласты ынтымаққа, берекелі бірлікке, адал достыққа, салт-дәстүрге сай ел болашағы – жастарға жол көрсетеміз.
Иә, ұлттық құндылықтар ұлт боп қалыптасудың басты діңгегі болумен қатар, халықтың ғасырларға тамыр тартқан тарихы мен мәдениетінің мәйегі десек те болады.
Сонау ауыз әдебиетінен бастау алатын рухани жақұттарымыз да ұлттық құндылықтардан берік орын алғаны белгілі. Осы тұста ұлттық құндылықтар жазушылар шығармаларына арқау болып, руханият жолында үлкен рөл атқарып отырғанын айтқанымыз абзал.
Бүгін 85 жылдық торқалы тойы тойланып отырған мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармалары да ұлттық құндылықтарды ұлықтауда өзіндік үлесін қосып отырғанын айтсақ артық болмас.
Шығармаларында ел тарихын, салт-дәстүрін көркем сөзбен оқырмандар жүрегіне шеберлікпен жеткізіп, ұлттық құндылықтардың мән-мағынасын бағамдауға бағыт береді. Жазушы қаламынан туған еңбектеріне зер салсаңыз, болашақ ұрпақтың бойында туған елге деген патриоттық сезім қалыптастыру, елін қорғаған ерлердің ерлігін еске салу, адал еңбекті насихаттау, әділдікті ту еткен ата-баба мұраларына мұқият болу, құндылықтарды сақтай отырып, рухани және мәдени мұраларға мән беру арқылы халқымыздың өзіндік даралығы – ұлттық болмысымызды, ұлттық қадір-қасиетімізді, тіліміз, дініміз бен туған Отанымызды дәріптеуді басты мақсат еткенін аңғарамыз.
Ұлттық құндылықтар әр қырынан көрініс тапқан «Үркер», «Елең-алаң», «Күй», «Бір шоқ жиде», «Бір шөкім бұлт», «Тасбақаның шөбі», «Шыңырау» сынды туындылары жоғарыда айтқан пікірімізді нақтылай түседі. Аталған шығармаларда тәлім-тәрбиелік тағылымға толы ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз тереңнен тарқатылып, тарихи оқиғаға, наным-сенімге негізделіп, шынайы баяндалатынын байқауға болады.
Жазушының шығармашылық лабораториясын зерттеген әдебиеттанушы-ғалымдар Әбіш Кекілбаев шығармаларының өн бойынан қазақы болмыс, қазақы мінез, қазақы тұрмыс-тіршілікті көретінін айтады.
Шынында, жазушы шығармаларын оқығанда, оның ежелгі аңыз-әңгімелерді ұтымды пайдалана отырып, ата-баба мирас еткен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын оқырмандарына ұсынып, кейіпкерлерін сомдағанда ұлттық реңкті, ұлттық құндылықтарды шебер ұштастыратынын аңғарамыз.
Мысалы, «Бір шоқ жиде» повесінде Тілеубек ақсақал образы арқылы ел алдындағы парыз бен қарыз ұғымын терең ұғынуға, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен қарияның жан-жағын жасампаздыққа жетелеп, тек құлқынның құлы болмай, құндылықтарға бой ұру керегін керемет суреттегенін айтуға болады.
Сондай-ақ «Үркерде» де, «Елең-алаңда» да ел тағдыры, оның кешегісі, бүгіні hәм ертеңі лейтмотив ретінде алынып, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының бастау сәті – қазақ халқының XVIII ғасырдың басындағы ел тәуелсіздігі, ел мен жер тұтастығы үшін күресі жайлы жас ұрпаққа айтары бар тағылымдық-тәрбиелік көркем шығарма десек артық айтпаған болар едік.
Ал «Шыңырау» повесінде жазушы философиялық тұжырымдарға толы Еңсеп образы арқылы жастарды адал еңбекке баулу, елі мен жерін шексіз сүю және халқына қалтқысыз қызмет етуге құлшындыратынын байқаймыз.
Реті келгенде айтайық, Әбіш ағамыз көркем туындыларындағы кейіпкерлері арқылы ғана емес, өзі де ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, тәуелсіздік туын тіктеуде, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде, алыс-жақын елдерге танылуында өзіндік қолтаңбасы қалған сарабдал саясаткер болғанын әрі оның айқын дәлелі ретінде еліміздігі ең жоғарғы – Қазақстанның Еңбек Ері марапатына ие болғанын айта кеткеніміз жөн сияқты.
Жалпы жазушы шығармаларындағы кейіпкерлері арқылы қазақ өмірін, туған халқының тағдырын, кешегісі мен бүгінгісін, дәстүр сабақтастығын сөзбен сурет салғандай етіп оқырмандарға жеткізу шеберлігі – өз алдына бір әңгіме.
Әдеби шығармаларынан бөлек, Әбіш Кекілбаев көсемсөздерінің ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы орны айрықша екенін айтқанымыз абзал. Жазушының көсемсөздерін оқып отырып, «көсіле сөйлесе көсем, шешіле сөйлесе шешендігіне» қайран қаласыз! Әрбір көсемсөзі бір кітаптың жүгін арқалайтын тұңғиық терең ойларға толы пәлсәпа десек қателеспейміз.
Жазушы: «Жас мемлекетке сыртқы қысым да аз болмайды. Оған іштегі жікшілдік пен жігерсіздік қосылса, тәуелсіздіктің тағдыры қандай болмағы айтпай-ақ белгілі», «Азамат үшін өз өмірін өрелі мақсат жолында сарп етуден артық мұрат жоқ…», «Біз үшін басты игілік – бірлік. Баланың ата-анаға деген ізеті мен жанашырлығына, ата-ананың баласына деген тәрбиесі мен қамқорлығына негізделген отбасылық бірлік» дейді. Осынау 2-3 мысалдағы оймақтай ойларына қарап-ақ, жазушының бүгінгінің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қаузап, тәуелсіздікті баянды ету баршамыздың парызымыз екенін алға тартатынын айтқанымыз абзал.
Жазушының ойшылдығы туралы газет оқырмандары әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш: Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстар» еңбегінен толығырақ білу мүмкіндіктері мол екенін айта кеткенді жөн көрдік.
«Тәуелсіздіктің бас идеологы» атанған Әбіш Кекілбаевтың еркін сана, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қалам тартқан көсемсөздері, негізінен, тәуелсіздікке деген жауапкершілікке үндейтіні рас.
Ұлттық құндылықтар сөз болып жатқан кезде, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысынан бастап, сонымен бірге Түркістанда өткен екінші құрылтайда да ұлттық құндылықтарды ұлықтау диалог алаңының басты тақырыптарының өзегіне айналғанын айтудың жөні бар сияқты. Ал Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайдың пленарлық отырысында баяндама жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам өмірінде маңызды орын алатын, ұлтты ұйыстырып, бірлікке бастайтын жаңа бастамалар көтерген болатын. Жаңа Қазақстанның болашағы мен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болу мақсатында айтылған айшықты ойларға ойыссақ, туған тіл, дін мен діл туралы жарияланған жаңа идеялар көпті толғандырғаны да, ойландырғаны да анық.
«Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз» деген болатын.
Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керектігі, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажеттігі, шын мәнінде, озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керектігі қадап айтылған-ды.
Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл екеніне назар аударған ел Президенті жалпыұлттық құндылықтар жүйесін саралап берді. Атап айтсақ, тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сынды құндылықтарды дәріптеу, «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеттелген- ді.
Ел тарихындағы ұлттық құндылықтарымыздың мән-мағынасын бағамдауда, алатын орнын айқындауда жазушы Әбіш Кекілбаевтың ұлттық құндылықтарды арқау еткен шығармаларын білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының өзегіне айналдырсақ, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық деген ойды ортаға тастағанды жөн көрдік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді» дей келе, мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағдыры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі халықтың рухани азығына айналғанын, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуелсіздіктің арқау болғанын тілге тиек еткен болатын.
Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен тұғырлы тұлға – Әбіш Кекілбаевтың ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат еткен шығармалары Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын тәрбиелеуде кәдеге жарарына сенім мол.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҚР ҰҒА академигі